1 331 көрілім

кармаКүн мен түннің алмасуы, жыл мезгілдерінің ауысуы, аспан денелерінің қозғалысы, тіршілік үшін қажетті белгілі деңгейдегі температураның, ылғалдылық пен ауа қысымының сақталуы – бәрі мына табиғатта қатаң тәртіпке бағынған реттіліктің барлығын аңғартады. Үнемі қайталанып отыратын реттілік дегеніміз – ол заң. Яғни, барша әлемнің әміршісі заң деп айтауға болады.

Бар тіршілік Алланың заңына бағынады

Жан-жануарлар мен аңдар, өсімдіктер табиғат немесе Алланың заңына бағынып тірлік кешеді. Ағаштар көктемде бүршік жарып, жазда жапырақ жаяды, күзде жеміс береді, ал қыста семіп қалады. Жануарлар жылдың бір мезгілінде күйлеп, онан кейін төлдейді. Аң-құстардың өмірі де түгел табиғат заңының аясында өтеді.

Бар тіршілік Алланың заңына бағынса, тек саналы адам ғана табиғат заңын қаперге алмай бейберекет тірлік кешеді. Адам қалаған уақытында жыныстық жақындыққа барып, қалаған тамағын жейді. Бұл жағынан оларға кеңшілік берілген. Мәселен, қасқыр тек ет жесе, сиырды қанша зорласаң да етке үйрете алмайсың. Адам етті де, көкөніс пен жемісті де, балық пен жұмыртқаны – жалпы тамақтан өтетіннің бәрін талғамай жей береді. Қазір тіпті, бақа-шаян, иттің етін жейтіндер шықты.

Жан-жануарлар тек қарама-қарсы жыныстымен ғана шағылысса, адам бұл бағытта да табиғат заңын аяқ асты етіп, өз жыныстысымен, яғни еркек пен еркек, әйел мен әйел жақындасатын болды. Аң-құс, жан-жануар тек Алла берген несібесін ғана қанағат тұтса, адам өзі сияқты екі аяқты пенделердің несібесін тартып жеп, ақылға сиымсыз қиянаттарға барады. Осылайша, екі аяқты адам атты пенделер Алланың заңын аяқ асты етіп, ойларына келгенді жасайды.

Қиянатта шек бар ма?

Адамдардың өздері сияқты ет пен сүйектен жаратылған пенделерге жасайтын қиянаттары шектен шығып барады. БАҚ арқылы айтылып, жазылып жататын ақпараттарды оқып, тыңдасаң, төбе шашың тік тұратын жайларды естисің.

21 жастағы бойжеткен өзі қатарлас 30-ға тарта қызды алдап шет елге модельдік жұмысқа орналастырамын деп құлдыққа сатып жіберген. Сатылып кеткен қыздардың біразы табылып, елге оралса, көпшілігінің қайда жүргендері белгісіз.

Отыздарға енді толған жас келіншек адамдарды алдап, алаяқтық жасағаны үшін 7 жылға сотталып шығыпты. Түрмеден босаған ол баяғы әдетіне тағы басып, адамдарды, оның ішінде жалғызбасты кемпір-шалдар мен мүгедектерді алдап, үйлерін сатып отырған. Қанша адам алаяқ келіншектің қармағына түскені белгісіз.

Зейнеткер кемпір шалына операция жасату үшін қажетті ақшаны тауып беремін деген алаяқ келіншекке сеніп, қол қой деген қағазға қолын қойып береді. Үйін кепілге алып, қарызға ақша тауып беремін деген алаяқ келіншек кемпір-шалдың жан бағып отырған жалғыз баспанасын сатып жебереді. Осылайша аламыз деген қарыз ақшадан бір қағылып, баспаналарынан және айрылған кемпір-шал жылап-еңіреп құқық қорғаушылардың табалдырығын тоздыруда. Ал сот бар құжаты дұрыс деп алаяқ әйелдің сөзін сөйлеп, шешім шығарған.

Адамды алдауға болады, бірақ Алланы алдай алмайсың
Жоғарыда келтірген екі мысалды еске алайық. 21 жастағы қыз өзі сияқты жап жас бойжеткендерді ақша үшін құлдыққа шет ел асырып жіберген. Ақшаға құныққан ол егер сол бойжеткендердің орнында өзі болса не істер еді? Құлдыққа сатылған қыздардың қандай жағдайға түсетіні белгілі. Олардың құжатын тартып алып, жезөкшелікке жегеді. Бір тиын ақша төлемейді. Күндіз-түні жұмыс жасатады. Қарсыласса өлтіре салады. Өйткені оның сұрауы жоқ АҚШАҒА САТЫП АЛЫНҒАН КҮҢ.

Мұндай жағдайға түскен кез келген адамның өзін осындай күйге салған пендені жеккөрері, қарғап-сілері анық. Ал қарғыс деген құдыретті қуат. Бұны бүгінгі ғылым да растап отыр. Адамдардың қарғысы мен наласын арқалаған әлгі 21 жастағы ақшаға құныққан қыздың болашағы ойран болары анық. Өйткені Алланың заңы бойынша «не ексең, соны орасың.

Қасиетті Құранда «Кімде кім біреуге жамандық жасаса, оған соншалықты жамандық бар, ал жақсылық жасаса, соншалықты жақсылық тиесілі. Әрнәрсеге Алланың күші басым» делінген. Бұны индустар «карма заңы» деп атайды. Оның мәні: НЕ ЕКСЕҢ, СОНЫ ОРАСЫҢ.

Адамның жасаған ӨЛІ ЗАҢЫНДАЙ емес, АЛЛАНЫҢ ЗАҢЫ ТІРІ және 100 пайыздық дәлдікпен толыққанды жұмыс жасап тұр. Сіз оған сенесіз бе, жоқ па, оны мойындайсыз ба, мойындамайсыз ба – оған қарамайды, бұл заң мүлтіксіз жұмыс жасайды.

Атбасарда газеттің редакторы болып жүрген кезімде бір шенеунік маған қиянат жасады. Соның салдарынан қызметімнен, баспанамнан айрылдым. Жарты жылдай жұмыссыздықтың зардабын тартып, біраз қиындық көрдім. Ал арада 11 жыл өткенде әлгі лауазым иесі дәл маған жасағанындай қиянатқа тап болды. Сөйтіп ол лауазымынан, абырой-беделінен жұрдай болып айрылды. Осыған шыдамаған әлгі инфаркт алып, қайтыс болды. Өз басым мұндай жайларды бірнеше рет көріп, куәсі болдым. Бұл Алланың заңының айна қатесіз және мүлтіксіз жұмыс жасайтынын байқатады.

Ақылың болса ешкімді алдама

Жоғарыда мысал ретінде айтып кеткен өзі қатарлас қыздарды күңдікке сатқан бойжеткен мен алаяқтық жасап, жұртты жылатып жүрген келіншектің ісіне назар аударып көрелік. Олар өздері жасаған қиянаттарының салдарынан мына дүиеде ЕШ ЖАҚСЫЛЫҚ КӨРМЕЙДІ, ол дүниеге барғанда ТОЗАҚҚА ТҮСІП және тауқымет тартады. Бұл – «екі жердегі екі – төрт» деген сияқты АҚИҚАТ.

Адамдарға қиянат жасайтындар, алдайтындар, ақысын жейтіндер – оларды ақылды деп айтуға болмайды. Егер бастарында жалпақ тілмен айтқанда торғайдың миындай миы болса, олар бұл дүниеде бақытсыздық, ауру, қайғы-қасырет түрінде келіп, жолын кесетін, ол дүниеде тозаққа түсіретін мұндай жаман әрекеттерді ешқашан жасамас еді.

Алланың заңы ол заңды білесің бе, жоқ па, сенесің бе, сенбейсің бе оған қарамайды. Ол толыққанды және үлкен дәлдікпен жұмыс жасайды. Сондықтан, басыңда торғайдың миындай миың болса, ешқашан ешкімді алдама, қиянат жасама, өйткені жасаған жамандығың түгел МІНДЕТТІ ТҮРДЕ өзіңе қайтады. Бұл – АҚИҚАТ.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика