59 көрілім

Ертеде жолаушылап келе жатқан бір топ кісі далада мал бағып жүрген адамды көріп, жол сұрайды. Әлгі малшы: «бір жол бар алыс, алыс та болса жақын, бір жол бар жақын, жақын да болса алыс» деп жауап береді. Оның мәнісін сұрағанда: «бағыт алған жерлеріңізге мына жолмен төтелеп баруларыңызға болады, бірақ жолда ағысы қатты өзен бар, одан өту қиын соғар, ал мына жол айналма, бірақ онда өзеннен өтетін көпір бар, жеңіл жетесіздер» деп жауап береді.

Әлгі жолаушылардың бір бөлігі  баратын жеріне тезірек жеткісі келіп төте жолға түседі. Содан ағысы қатты өзеннен өтеміз деп астарындағы аттарынан айрылады, өз бастарын әупіріммен әзер алып шығады. Ағыс оларды көп жерге ағызып апарып тастайды. Содан шаршап шалдығып жететін жерлеріне ертеңіне таң алдында әзер жетеді. Олар келсе, алыс жолмен кеткен жолаушылар тамақтарын ішіп, аттарын тынықтырып, өздері де ұйқыларын қандырып алған екен.

Жеңілді таңдайтындар ауыртпалыққа ұшырайды

Жоғарыда айтылған әңгімедегі жақын жолмен тез жеткісі келген жолаушылар сияқты бүгінде оңай жолмен ақша тауып, байығысы келетіндер көп. Олардың біреулері алыпсатарлықпен айналысса, енді біреулері ұрлық-тонаушылық сияқты қылмысқа бет бұрады, тағы біреулері алаяқтардың арбауына түсіп, барынан айрылып жатады. Олардың қай-қайссысы да бақуаттылыққа жете алмайтынын уақыт төреші көрсетуде.

Байлыққа жетудің сенімді жолы – нақты өнім өндіретін кәсіпкерлікте, жоғары жалақы төлейтін еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби мамандықтарда, жұртшылыққа қажетті қызмет көрсетуде, тағы да басқа сол сияқты салаларда. Өкініштісі сол, оңай жолмен тез байығысы келетіндер ондай адал кәсіптердің ешқайссын қабылдамайды.

Сонау 90-шы жылдардан бастап саудамен айналысып келе жатқан кісілерді білемін, бірақ олар содан бай болып кеткен жоқ, әлі күнге дейін қалт-құлт тірлік кешіп келеді. Журналистік жұмыс тәжірибемде ұрлықпен, тонаушылықпен айналысып, сотталған талайларды көрдім және олардың ешқайссын бақытты деп айтуға ауыз бармайды.

Осыдан біраз жыл бұрын Көкшетауда екі келіншек қаржы пирамидасын құрып, содан жұрт қырылып барған еді. Оңай жолмен ақша таппақ болған бір әріптесім банктен кредит алып салып, ақырсында ақшасынан айрылып, сол кредитті бес жыл бойы төледі.

Тағы да қаржы пирамидасы

Таяуда бір таныс жігіт тамаша ақша төлейтін компанияға кел деп шақырды. QNET деп аталатын компания туралы жұрттың пікірлерін білгім келіп, интернеттен қарадым. Компанияның үстінен мемлекеттік құзырлы органдарға шағымданғандардан бастап,  оларды алаяқ деп айыптаған теріс пікірлер қаптап жүр екен. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» демей ме, талайлардан теріс пікір алған компаниядан іргемді бірден аулақ салдым. Меннен ештеңе шықпасын білген әлгі басқаларды қармаққа түсіру қамына кірісті.

Күні кеше тағы бір танысым мол ақша табатын фирмаға кіргенін айтты. Қалауыңша ақша саласың да, біраздан кейін еселеп қайтарып аласың дейді ол. Нағыз таза қаржы пирамидасының өзі сияқты. Бұндайларды талай көрген мен оны ескертпек болып едім, көзі жайнап кеткен жігіттің ақыл-ойы мүлдем басқа жақта екен. Сөзім далаға кетті. Бұндайлар әдетте ақшаларынан айрылған кезде ғана естерін жинап, сан соғып жатады.

Мен бірнеше айдан бері Лайф из гуд деп аталатын халықаралық МЛМ компанияда істеп келемін. Ол ұсынған екі өнім де жоғары сұранысқа ие және халыққа керек өнімдер. Компания өз мамандарын оқытуға өте көп көңіл бөледі және төлейтін гонарар көлемі де  жоғары. Компанияға кіріп, бірнеше жылда доллар миллионері болған адамдар бар. Десе де, таныстарымның арасында осы компания жайында айтып, бір де бірінің көзін онымен жұмыс істеудің тиімділігіне жеткізе алмадым. Керісінше, қаржы пирамидаларына кіріп, өзімді азғырып жататындар көп. Осыларға қарап жоғарыдағы мысал әңгіме еріксіз еске оралады. Иә, «бір жол бар алыс, бірақ алыс та болса жақын, бір жол бар жақын, бірақ жақын да болса алыс». Қай жолды таңдау – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Адамның бақытты-бақытсыз болуы да осы екі жолдың қайссын таңдауына байланысты болса керек.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика