1 979 көрілім

Құранда арақты, шошқаның етін, өлексені харам деп, одан бас тарту қажеттігі туралы айтылған аят бар. Бірақ Құранды оқымаған, ислам дінін ұстанбайтын бүгінгі адамдардың көбі арақ-шарапты харам деп санамайды. Кеңес заманында арақты ақылмен ішук керек деген түсінік болған, қазір де соны ұстанатындар көп.

Арақты ақылмен ішуге бола ма? Жоқ. Бұл арақ ішкісі келетіндердің өздерінің теріс әрекеттерін ақтап алу үшін ойдан шығарған ертегіден басқа түк те емес. Өйткені арақ тұрған жерде ақыл тұрмайды. Белгілі ақын Қадыр Мырза Әлінің «бір жүз грамм жетпейді де тұрады» деген өлеңі бар емес пе. Сол сияқты арақ ішкен адамға тағы бір жүз грамм қажет сияқтанады да тұрады. Содан ол ақыл-есі ауысқанша ішіп, ақылға симайтын істер жасап жатады.

Арақ көңіл көтеру құралы ма?

Жұрт арақты не үшін ішеді? Көңілдерін көтеріп, қайғы-мұңын басу үшін. Егер арақ ішетіндерге зер сала қарасаңыз, арақтың көңілді көтеріп, қайғыны басатын қасиеті жоқ екендігін бағамдауға болады. Керісінше, арақ ішкен адамның көңілі құлазып, ашу-ыза, өзімшілдік, әліне қарамай өркөкіректікке салыну, қызбалық сияқты жағымсыз қылықтарға бой алдыратынын көресің.

Кісі өлтіру, зорлау, адамға ауыр дене жарақатын салу сияқты қылмыстардың 90 пайызы арақ ішіп жасалады екен. Араққа тойып алған қырықтың қырқасына шыққан бір кісі 11-12-дегі кәмелетке толмаған қызды алдап үйіне әкеліп, зорлайды. Зорлағанда ақыл-естен айрылып, тағылықтың не түрін жасайды. Содан кейін қансырап жатқан қызды сарайына апарып тастай салады.

Қыз сонда бір тәуліктен астам жатып, қайтыс болады. Әлгі азамат 17 жылға сотталды, артында әйелі мен ек баласы қалды. Міне, осындай арақтың кесірінен жасалған ауыр қылмыстарды тізіп айта беруге болады. Яғни, арақ көңіл көтереді деген шындыққа мүлдем келмейтін сандырақ сөз. Арақтың құлақ кесті құлына айналған БОМЖ дегендерге қарап көріңізші. Ауыздары арақтан құрғамайтын олардың көңілі көктем болып күліп жүретіндері жоқ. Керісінше қабақтарынан қар жауып, бар жақындарын жерлеп келгендей түйіліп жүреді.

Арақ адамның ар-намысын аяқ асты етеді.

Таяуда азық-түлік алу үшін дүкенге кіре қалдым. Сақалы өсіп кеткен, киімі де өңі де жүдеу бір қазаққа дүкенші «кет» деп айқайлап жатыр екен. Содан мен сүт, нан алып шыға бергенімде әлгі қазақ жабыса кетсін. Аузынан арақтың иісі мүңкіген ол «дватцать копеек дай» деді жағамнан алардай. Ақшамның бар екенін көрген ол тіпті жағадан алып тартып алудан тайынатын түрі көрінбейді.

«Кет қані, әйтпесе тұмсығыңды бұзамын» деген сөз аузымнан қалай шыққанын білмеймін. Әлгінің мына есуас қылығы зыырданымды қайнатып жіберсе керек, сол сәт жағасынан ала кетуге шақ қалдым. Менің көзімдегі дүлей ашуды көріп тайсалды ма, ол жалт бұрылып кете барды.

Үйдің қасындағы дүкеннің алдында үнемі бір кексе кісіні көремін. Мүсәпірсіп алақан жайып қайыр сұрап тұрады. Көлкілдеп ісініп кеткен бет-аузына қарап алқаштардың аулының тұрғыны екені бірден аңғарылады. Қоқыс жағалап бөтелке жинап жүретін аяқтарын сүйретіп әзер басатын тірі өлік еркектер мен әйелдер де көп кездеседі Арақтың құлақ кесті құлы болған олардың есі-дерттері бас жазатын бірдеңе табу.

Арақты мөлшермен ішудің жайы.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, арақты мөлшерімен ішу деген өзін-өзі алдаудан басқа ештеңе емес. Арақтың мұсылман баласына харам қылынуына байланысты мынадай әңгіме бар. Ерте заманда бір кісі жолаушылап келе жатып, түнде ауылдың шетіндегі үйдің есігін қағады.

Ол үйде күйеуі жоқ жас баласы бар жесір әйел тұрады екен. Жолаушыны қууға болмайтын қағиданы ұстанған әйел оған есік ашып, үйіне кіргізеді. Бірақ ол мынадай шарт қояды: не арақ ішесің, болмаса қойныма жатасың, не болмаса баламды өлтіресің, осы үш шарттың бірін орындасаң ғана қонуға рұқсат етемін дейді ол.

Ер адам әрі-бері ойлана келе ең күнәсі аздауы осы ғой деп арақ ішуге келіседі. Содан әйел дастархан басына арақ әкеліп қояды. Араққа тойып алған әлгі еркек әйелдің қойнына жатып, зина жасайды, содан кейін оның азғыруымен жас баласын өлтіреді. Сөйтіп, күнәсі аз деп ойлаған арақтың салдарынан ауыр күнә жасап алғанын сезбей қалады.

Осы аңыздан байқайтынымыздай, арақ ішкен адам ақыл-естен айрылып, өзін билеуден қалмақ. Ондай адам небір есуас әрекеттер жасайды, бүкіл өмірін ойрандайтын сойқандарға қалай барғанын білмей өкініште қалады.

Жалпы арақ адамға табиғи қажеттілік емес. Мәселен, ауасыз сіз бір минут қана өмір сүре аласыз, ал сусыз бірнеше күн тірлік кешесіз, тамақсыз бірер ай өмір сүруге болады. Ал арақ ішпей, темекі тартпай ұзақ жылдар уайым-қайғысыз тірлік кешуге болады. Яғни, арақ, темекі деген нәрсе адамға табиғи қажеттілік емес.

 

.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика