330 көрілім

71Ғарыштық жылдамдықпен дамып бара жатқан бүгінгі ғылымның сан түрлі салалары бар екен. Дегенмен, сол сан салалы ғылымда адамның тікелей өзіне қатысты психологиялық немесе көңіл-күй ахуалдары жайында зерттейтін ғылым саласы жоқтың қасы. Бұнымен жалғыз психология ғана айналысады, оның өзі толымды емес.

Ашу тұрған жерде ақыл тұрмайды

Қазақ «ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңыңа ақыл қос» деп тектен текке айтпаған. Ашуға бой алдырған адам шын мәнінде өзіне қаншалықты ауыр зардап әкелетін дұшпанның соңына ергенін мүлдем сезбейді. Тек маңдайы тасқа тиіп, ашу – дұшпанның кесірінен орны толмас өкінішке ұшырағанда ғана бармақ тістеп өкініште қалып жатады.

Ауылда көрші тұратын жігіт әлдекімдердің өсек сөзіне еріп, ашуға бой алдырып аяғы ауыр әйелін атып тастапты. Сөйтіп ол 11 жылға сотталып кете барды. Шаңырағы ортасына түсіп, баласын әйелінің туыстары қолына алды. Ал түрмеден келгесін жалғыз қалып, араққа салынды да, таяуда тағы да сотталды.

Жастау кезімде таныс бір жігіт өзін соққыға жыққан біреулерге қатты ашуланып, қолына пышақ алып барып үш жігітті жарып тастапты. Ол 12 жылға сотталды. Әскерден жаңа келіп, жоғары оқу орнына түскен он екіде бір гүлі ашылмаған жігіттің бар жастық шағы осылайша түрмеде өтті.

Иә, осындай мысалдарды тізбелеп онан әрі келтіре беруге болады. Шындығында, ашуға бой алдырған пенде өзіне де, өзгелерге де залалын келтіретін жаман әрекетті қалай жасағанын сезбей қалады. Ал оның арты өкініш пен тауқыметке ұшыратып жатады.

Ашуға бой алдырмаудың амалы

Индустарда ашуға бой алдырып, өкініште қалмау үшін қарсы әрекет жасауды үш күнге шегеру жөніндегі түсінік қалыптасқан. Мысалы, сізді біреу сөгіп, ашуыңызға тиді екен делік. Оған жауап қатып, ашуыңызға ырық бермеу үшін ол жауабыңызды үш күнге кері шегеріп қоясыз. Сіз былай ойлайсыз: «мына кісі менің арыма тиіп, қатты сөздер айтты, бірақ мен оған деген жауабымды қазір емес, енді үш күн өткесін айтамын».

Ал арада үш күн өткенде сіздің әлгі кісіге деген ашуыңыз сап басылып, тіпті оны ұмытып та кетеді екенсіз. Ашудың тарауына үш күн жеткілікті болатын көрінеді. Осы дәстүрді берік ұстанатын адам ешкіммен ұрыспай, ешкімді ренжітпей айналасындағылардың бәрімен тату-тәтті тірлік кешеді екен.

Ашуға бой алдырмаудың тағы бір пайдасы – жүйкеңіз жұқармайды, яғни денсаулығыңыз бұзылмайды, оған қоса ерте қартаймайсыз. Ашуланшақ адамға қарағанда, сабырлы жандардың денсаулықтары мықты болып, ұзақ жасайды.

Ашуға бой алдырмаудың тағы бір тәсілі – ақылға құлақ асу

Егер жүйкеңіз жұқа болып, ашуға тез бой алдыратын болсаңыз, онда ашудың жетегіне ермеудің амалы – өзіңіз сыйлайтын адаммен ақылдасып, соның кеңесіне құлақ асу болмақ. Сіз бірден ашуға беріліп, соған себеп болған жанның жағасын алмаңыз, ең алдымен аузыңызды тыйып, өзіңіз сыйлайтын адамнан ақыл сұраңыз. Және сол адамның айтқан ақылына ден қойыңыз. Сонда өкінішке ұрындыратын жаман әрекеттен аулақ боласыз.

Биыл көктемде мынадай оқиға болды. Бірге қызмет ететін жас қызметкерге бастық айқайлап, жер жебіріне жетіп ұрсады. Соған қатты ашуланған әлгі қызметкер жұмысты тастап кетіп қалады. Ол менің бөлімімде істейтін. Бұл уақытта жиналыста болған мен бастық пен қызметкердің арасындағы жайды естіген соң дереу әлгінің ұялы телефонына хабарластым.

Қатты ашуланған жас келіншек «аға, мен енді бұл мекемеде жұмыс істей алмаймын, кетемін» деді жылап. Содан әке-көке деп жалынып, енді бірер жетіден кейін кезекті еңбек демалысын алғалы тұрғанын айтып, сәл шыда деп әзер иліктірдім. Ол жасамаған жұмысты өзім атқарып, бастықтың ашуын жуып-шайдым. Бұл күні әлгі келіншек жұмысқа келген жоқ. Ертеңіне келгесін де бастықтың көзіне түспеуге тырысып жүрді. Ал бір жетіден кейін еңбек демалысын алып, бір айдан кейін келгенде бәрін де ұмытып кеткенін көрдім. Егер ол ашуға беріліп жұмыстан кеткенде еңбек демалысынан қағылатын еді және мамандығына сай жұмыс табу да қиын болғандықтан, ауыр жағдайда қалар еді. Менің айтқан кеңесіме құлақ асқандықтан, жұмысында қалды және бұл оқиға оған ауыр зардабын тигізген жоқ.

Түйін: Ашуыңызға себеп болар қандай жағдай болса да, бірден асығыс шешім қабылдамаңыз. Жауап әрекетті кем дегенде үш күнге кері шегеріңіз. Оған шамаңыз жетпесе, өзіңіз сыйлайтын адамнан ақыл сұрап, ол берген кеңеске құлақ асуға тырысыңыз. Міне, қарапайым осы екі тәсілді қолдансаңыз, ашу әкелген жамандықтардан аулақ боласыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика