3 765 көрілім

«Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» деген мақал бар. Әдетте адамдар жауды сыртқы дүниеден здейді, ал шындығында ең қатерлі дұшпан өзіміздің ішкі жан дүниемізде екенін қаперімізге алмаймыз. Сондай қатерлі дұшпандардың бірі – ашу.
Ашу жүрген жерде ақыл жүрмейді. Ашу адамның ақыл-санасын тұмандандырып, есуастыққа ұрындырады. Бойын қатты ашу билеген адам ақыл-естен жұрдай есуасқа айналады. Ондай пенде не істеп, не қойғанын білмейді.

Ашу тұрған жерде, ақыл тұрмайды.

Бұрынырақта бір таныс жігіттің басынан өткен оқиға ашудың адамға қаншалықты қатерлі екендігін айғақтап бергендей болды. Алматыда бір техникумда оқып жүрген әлгі жігітті жоғары курс студенттері жазықсыз соққыға жығады. Бас жарылып, көз шықпаса да ол қатты таяқ жейді. Осыған ыза болған әлгі танысым, ашуға беріліп ақылға сиымсыз шаруа жасайды. Ол қолына пышақ алып, өзін сабаған жігттердің бөлмесіне барады.

Содан бір ауыз сөзге келместен үш жігітті қан қылып, пышақтап тастайды. Осылайша өрімдей жас үш жігіт қыршындарынан қиылып, о дүниеге кете барады. Ал ашумен сондай іс жасаған әлгі танысым ұзақ жылға сотталды. Оқуы жайына қалды. Сөйтіп, ашудың кесірінен ол үш адамды өлтіріп, өзінің болашағына балта шапты.

Ашу денсаулыққа залал.

Қазіргі медицина ғылымы да ашудың адамның денсаулығына кері әсері болатынын ашық айтады. Адамның бойында үш миллиардтан астам нейрон деп аталатын элемент болады екен. Бұл элемент адам ағзаларының қалыпты жұмыс істеуіне жауап береді. Бір рет ашуланған кезімізде сол нейрондардың 100-200-і өлетін көрінеді. Ал өлген нейрон ешқашан қайта қалпына келмейді.

Осылайша ашуланшақ пенделердің нейроны жыл өткен сайын азая бермек. Оның салдары – ашу қысқан кезде өзін өзін ұстай алмай қалшылдап-дірілдеп кету, түрлі жүйке ауруларына шалдығу, ұйқысыздық, тәбеттің жоғалуы сияқты залалды құбылыстар арқылы көрінбек.

Ашу адамды сүйкімсіз етеді.

Ашудың тағы бір залалы – айналамыздағы адамдарға сүйкімсіз, тіпті жеккөрінішті етіп көрсетуінде. Ұрысқақ адам үйінде де, жұмыс істейтін ұжымында да ешкіммен сиыспай, нашар қарым-қатынаста болады. Ертеректе ер азаматтар ашуланса жекпе-жек ұрысқа шығып, шайқасады екен.

Ұрыс-керіс деген әлжуаз әйелдердің ісі болып саналған. Қазір ер адамдар да әйелдерден қалыспай барқылдап ұрыссып жатады. Бір басшы қызмет атқаратын адам болды. Таңертеңнен кешке дейін жақ жаппай бар даусымен барқырап ұрсып жататын. Жағы талмай, үнемі аузы көпіріп айқайлап ұрыссаатын оны қарамағындағылардың бәрі дерлік жеккөретін. Сыртынан лақап ат қойып, мазақ қылып жүргендерін талай естідім. Бір қарағанда жап-жақсы білімі, лауазымды үлкен қызметі, дәулеті бар әлгі кісі өзі қызмет ететін ұжымға ғана емес, көптеген таныстарына да сүйкімсіз болды.

Ашудан құтылудың амалы бар ма?

Адамның өміріне үлкен залалын тигізетін, денсаулығын нашарлатып, айналасынадғы жұртпен қарым-қатынасын бұзатын, онан да басқа көптеген зияндарын тигізетін ашуды аыздықтауға бола ма? Әрине, болады. Оның ең сенімді жолы – имандылық. Шариғат жолымен жүретін пенде әрдайым өзінің ақыл-ойын, сөзі мен іс әрекетін, тіпті ішіп-жеміне дейін қатаң бақылауда ұстайды.

Мұсылман баласы харам тағам жемейді, ұрлық, кісі өлтіру, өтірік-өсек айту, зина жасау деген сияқты күнәлі істерден аулақ болады. Шариғат дегеніміздің өзі адамды ақыл-ойы мен іс-әрекеттерін бақылауда ұстауға үндейтін діни парыз екендігі белгілі. Яғни, мұны екінші сөзбен ақыл-ойды бақылауға арналған жаттығулар кешені десе де болады.

Ақыл-ойын бақылауда ұстамайтын қарапайым пенделер ашу-ызаға, нәпсіге бой алдырып, өзіне залалы тиетінін біле тұра, оны ауыздықтауға шамасы жетпейді. Ал шариғат жолымен жүріп, ақыл-ойын тізгіндеуге дағдыланған адамға ашуға бой алдырмау еш қиындық туғызбайды.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика