1 487 көрілім

Күн сайын бір танысымыз, не туысымыз қайтыс болып жатады. Осылайша біз ажал атты әрбір тірі пенде қашып құтыла алмайтын құбылыспен күн сайын тоқайласып тұрамыз. Өкініштісі сол, ажалмен күнде бетпе-бет келіп жатсақ та, өзімізге өлім ешқашан келмейтіндей, мәңгі жасайтындай сезініп, ол туралы қаперсіз күн кешеміз.

Ажал қалғымайды.

Көкшетаудың мешітінің наиб имамы маған ажал жайлы бір фильмді дискіге жазып берді. Түркия, не Иран елінің бе киносы екен. Ағайынды екі жігіттің үлкені намазын қаза жібермей, ораза ұстап, имандылықты серік етсе, кішісі шарап ішіп, карта ойнап бұзық жолға түседі. Ол ағасының айтқанын құлағына қыстырмай, осылайша күнәкарлықпен күндерін өткізіп жатады.

Бір күні түн ортасында «Хасан» деген үрейлі дауысты естиді. Диванда ұйықтап жатқан ол орнынан тұрғысы келгенмен, тұра алмайды. Балконнан ішке енген қара киімді қорқынышты бейтаныс қасына келгенде үрейден қалш-қалш еткен жігіт тіл қата алмайды. Бейтаныс оған қарата қолын созғанда қолы денесін көктей өтіп, содан арпалысқан жігіттің жанын алады. Бар даусымен айқайласа да оның үнін тірі пенде естімейді.

Қызығы сол, жаны шыққан жігіт кебінге оранып, өзінің өлген тәнінің жанында таң атқанша отырады. Бұның өңі, не түсі екенін ажырата алмай дал болады. Таң атқан соң оны оятуға келген ағасы інісінің өлі денесін көріп, шошып кетеді. Осыдан кейін үйге туыстары жиналып, жоқтау айтылып, жерлеуге дайындық басталады. Жігіт мен тірімін деп айқайлағанымен оны ешкім естімейді.

Өлі денені табытқа салған туыстары қала сыртындағы қорымға апарады. Белгісіз күш жетелеген жігіт те еріксіз табытпен бірге еріп қорымға келеді. Ой, сұмдық, бұған арнап қазған моладан жарқырап жалын шығып жатыр екен. Соны көрген жігіттің есі шығады. Қашып кетпек болып жанталасықанымен, аяғына байланған темір шынжыр қыбыр еткізбейді. Содан кейін қара киімді жанын алған қорқынышты бейтаныс аяғына байланған шынжырды тартып, лапылдап жанып жатқан қабірге сүйреп түсіреді. Денесін от шалған байғұс жігіт жан дауысы шығып, ойбайға басады…

Хасан есімді жігіт тің бұл бастан кешкені түсі екен. Алланың шапағатымен дәл өңіндегідейболып көрінген ажалдан кейінгі жайлардың сұмдық әсер еткені сонша, ол сол күннен бастап жаман әдеттен тиылып, намаз оқитын болады.

Ақылды адам ажалды күнде есіне алады.

Бұл ойдан шығарылған ертегі емес, осындай ажалмен бетпе-бет кездесіп, о дүниеде болып қайтқан адамдар әржерден кездеседі. Қызығы сол, о дүниенің не екенін көріп қайтқан ондайлар содан кейін түзу жолға түсіп, Аллаға қарай жүзін бұрады екен.

Ажалдың арғы жағында не бар екені бізге жұмбақ. Құранда ол жайында жекелеген аяттар бар және пайғамбарымыздың хадистерінде де өлімнен кейінгі ахуал туралы аздап болса да айтылады. Өкінішке орай, Құранға да, пайғамбарымыздың хадистеріне де сенбейтін, не мән бермейтін пенделер күнде ажалмен бетпе-бет келіп жатса да, ол туралы қаперсіз күн кешеді.

Ақылды адам ажалды күн сайын есіне алады, ақылы аз адам ажалды айына-жылына бір еске алады, ал ақымақ пенде ажалды жаны иегінің ұшына келген кезде ғана еске түсіріп жатады…

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика