1 280 көрілім

71Адам өміріндегі маңызды мәселелердің бірі – отбасы құру. Еліміз қазір 12 жылдың оқу жүйесіне көшеміз деп жатыр. 12 жыл мектепте оқытатын оқу бағдарламасында не түрлі пәндердің бәрі болса да, жас ұл-қыздарды отбасылық өмірге дайындау жайы мүлдем ескерілмеген. 12 жыл мектепте, онан кейін тағы да 4-5 жыл университетте білім алған жастар отбасы деген не, оның мәні, ерлі-зайыптылардың міндеттері, отбасын шайқалтпай ұстаудың жайы туралы ештеңе білмейді.

Неке неге жиі бұзылады?

Ақмола облыстық әділет департаментінің дерегі бойынша биылғы жылдың алғашқы жартсында 2148 неке шарты жасалып, 1230 неке бұзылыпты, яғни ажырасқан. Ажырасушылар саны некеге тұрушылардың 52-53 пайыздайын құрайды екен. Яғни, әрбір екінші неке бұзылып жатыр деген сөз.
Кеңес заманында қыздарды малға сатқан деп айыпталған қазақтың бұрынғы қоғамында некенің бұзылуы деген атымен болмаған. Қазақта, тіпті ажырасу деген түсінік жоқ. Ата-бабаларымыз отау құрса, өле-өлгенше бір шаңырақта өмір сүрген.

Ал енді, әркім өз қалауымен, сүйген адамына қосылуға толық еркіндік берілген қазіргі қоғамда ажырасушылар қатары жыл өткен сайын көбейген үстіне көбейіп барады. Осы арада «мұның себебі неде?» деген сауал алдымыздан шығады. Күйеуінің түр-түсін де көрместен, ата-анасы құда түсіп үйлендіретін бұрынғы қазақ қоғамында ажырасу деген болмаса, сүйгеніне қалап қосылатын қазіргі заманда некенің неге жиі бұзылатыны таңғаларлық емес пе?

Мұның себебіне ой жүгіртіп қарайтын болсақ, біріншіден, жастарымыздың жоғарыда айтқандай отбасы туралы ешқандай білім алмауынан болса, екіншіден, адамдардың қарақан басын ойлайтын өзімшілдігінен болып отырғанын аңғаруға болады.

Бұрынғы қазақ қоғамында ата-ана қызын жастайынан дұрыс келін болуға тәрбиелесе, ұлды шаңырақ иесі болуға баулыған. Бұл арада мәселе түсінікті: шаңырақ иесі ер адам болады. Әйел күйеуіне көмекші және отбасының ұйтқысы болуы керек.

Қазір отбасындағы басты рөлге әйел мен еркек тайталасады. Жігіт жігерлілеу болса, басты рөл соған тиеді, ал жасық болса, әйелінің табанына түседі. Дегенмен, бірінші күннен басталатын бұл тайталаста итжығыс түсіп, бір-біріне билік бергісі келмейтіндер де жетерлік. Ондайлар көп ұзамай ажырасып жатады.

Табиғат заңына да, Алланың заңына да бағынбайтын адам

Жан-жануарлардың тірлігі түгел Жаратқанның жазуымен жолға қойылған. Мал жылдың бір мезгілінде күйлеп, төлдейді және өз төлін сүю табиғи құбылыс болып саналады. Аң-құстың, малдың еркегі мен ұрғашысының өз орны, міндеті бар және ол анық айқындалған. Бір сөзбен айтқанда, хайуан толықтай табиғаттың заңына бағынып, сол заң аясында тіршілік етеді және өз міндеттерін адал орындайды.

Саналы адам қазір табиғаттың заңына да, Алланың заңына да бағынбайды. Мәселен, құмарын қандырып, тән ләззатына қарық болғысы келетін әйел мен еркек сол жақындық арқылы болатын баланы қаламайды. Сол үшін бала таптырмайтын түрлі құралдарды пайдаланады. Ал хайуан Алла қанша төл берсе, соны дүниеге келтіреді.

Адамның бойында өзі дүниеге келтірген ұрпақтың алдындағы жауапкершілік те жоғалып барады. Ата-ана ең алдымен балаға дұрыс тәлім-тәрбие беруі тиіс. Мысалы, қасқыр бөлтірігіне аң аулауды үйрету үшін тірілей әкелінген аңды немесе малдың төлін оған талатады екен. Ал жабайы құстар балапандарын ұшуға баулиды. Яғни, аң-құс түгел балаларын өмірге бейімдеп, тәрбиелейді.

Саналы, оқыған адам болса, қазір бала тәрбиесі дегенді мүлдем жиыстырып қойған. Ата-аналардың көбі жұмысбастылықты желеу етіп балаға қарамайды. Тәрбие түгел бала бақша, онан кейін мектепке жүктеледі. Бетімен кеткен бала содан бүгінде қолжетімді болып алған шет елдік телеканалдарды, интернетті пайдаланып, теріс ақпараттарды санасына сіңіруде.

Ата-ананың екінші міндеті баланы ашықтырмай, тарықтырмай өсіру болса, бұл міндетін де орындамайтындар жетерлік. Тұрмыстың ауырлығын алға тартып немесе араққа салынған ата-аналар балаларын аш-жалаңаш қалдырып, құлқынның құлы болып жүр. Аш балалар содан көше кезіп, алақан жайып қайыр сұрайды, болмаса ұрлық жасайды, ал жас қыздар бесіктен белі шықпай жатып тәнін саудаға салады.

Аң-құс пен хайуандардың бәріне тән өз төлдеріне деген сүйіпеншілік сезімі де адамда жоғалып барады. Әйел-баласын қаңғытып тастап, алимент төлеуден қашып жүретін еркектер қатары жыл санап көбеюде. Ал балаларын ақшаға сатқысы келетін аналар да әржерден бой көрсетіп жатыр.

Мұның бәрінің себебі – адамдардың бойындағы жауапкерішіліктің жоғалуынан, имандылықтан аулақтап, нәпсінің құлақ кесті құлына айналуынан десек, шындықтан алыс кетпейміз. 12 жыл оқытып, жас баланың миын ашытатын мектеп оларға ең басты тәрбие – имандылық пен отау құру, оның маңызы, яғни, ерлі-зайыптылық өмірге бейімдеу жайына мүлдем көңіл бөлмейді. Бұл туралы түк білмей, сезбей өскен бала өзінің міндетін, отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінбейді. Некенің жиі бұзылатыны, тірі жетімдер санының көбеюінің ең негізгі себебі де осында десек, ақиқаттан алыс кетпейміз.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика