1 148 көрілім

тамұқТаяқтың екі ұшы болатыны сияқты мына фәни жалғанда бәрі жұп-жұбымен жаратылған. Күн мен түн, қыс пен жаз, ер мен әйел, жақсылық пен жамандық, т.б. Таңғаларлығы сол, жаратылған жұптар үнемі бір-бірімен қосақталып жүреді. Рахат алдыңыз екен, онан кейін оның тауқыметін тартуыңызға тура келеді. Бұл – Жаратқанның заңы, қаласаңыз да, қаламасаңыз да осылай болады.

Экс Премьер-министр 10 жылға сотталды

Күні кеше Қарағандыда бұрынғы Үкімет басшысы Серік Ахметовтың соты аяқталды. Талай лауазымды биік қызметтердің тұтқасын ұстаған бұрынғы басшы 10 жылға сотталып, бар мүлкі тәркіленбек. Бұрын «шіркін, осы кісінің орнында болсам ғой» деп армандайтындардың бір де бірі сот алдында қылмыскер ретінде жауап беріп, бас бостандығынан айрылған экс Премьердің орнында болуды армандамағаны анық.

Егер сіз зер салып, ақыл-ойыңызды жүгіртіп қарайтын болсаңыз, мына фәниде қатаң реттілік пен айнымас заң үстемдік ететінін бағамдар едіңіз. Күн мен түннің, қыс пен жаздың алмасуы, дүниеге келген сәбидің ержетіп, онан қартайып, қайтыс болуы – бәрі-бәрі қатаң реттелген табиғат заңының аясында жүзеге асады. Бұл – бізге көрініп тұрған сыртқы заңдар.

Ал көзге ұрып көріне қоймайтын, нәзік заңдар да бар. Ол – карма заңы және ол тікелей адамдарға қатысты. Кез келген рахаттың соңынан міндетті түрде азап пен тауқымет келеді. Бұл – айнымас заң. Біз неғұрлым көп рахат алуға ұмтылсақ, соғұрлым көп тауқымет тартамыз.

Мәселен, кез келген адам үйленіп, отбасы құрғанда – рахат алуды ойлайтыны белгілі. Ерлі-зайыптылар ең алдымен, төсек жақындығы арқылы алатын рахатты, содан кейін дүниеге келген өз сәбилерінің қызығын көруді, бірлесе тату-тәтті бақытты ғұмыр кешуді армандайтыны анық. Бірақ, өкінішке орай, өмір адамдардың бұл ойлағандарындай бола қоймайды.

Төсек жақындығынан тез тойынып, зеріккен ерлі-зайыптылардың алдында бір-бірімен тіл табысып, өмірдің алға тартқан қиындықтарын бірлесе жеңу сияқты міндеттер тұрады. Яғни, рахаттың соңы азап пен тауқыметке әкеледі. Рахатын қуана тартатын пенделер, тауқыметті көргенде ат-тондарын ала қашады. Оның соңы ұрыс-керіске, ажырасуға ұрындырып жатады.

Сол сияқты мансапқа, атақ-даңққа, байлыққа қол жеткізуді армандайтындар да сол арқылы рахатқа батуды мақсат етеді. Дегенмен, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, рахаттың соңында міндетті түрде көлеңке сияқты еріп жүретін тауқымет болады. Адамдардың бәрі дерлік, рахатын құлшына татуға әзір болса да, тауқыметін тартуға құлықсыз.

Тауқыметтен қашсаңыз, рахаттану нысанынан бас тартыңыз

Жоғарыда тілге тиек еткен экс премьер Ахметов қарапайым пенде болса, яғни биік лауазым иесі болмаған болса, сотталмас еді. Мәселен, мен қатардағы жәй қызметкермін, сондықтан ешкім маған пара бермейді және қолымда мемлекет қаржысын басқару билігі де жоқ. Сондықтан қаласам да, қаламасам да, пара алмай, мемлекет қаржысын жемей адал өмір сүруіме тура келеді.

Егер сіздің мол байлығыңыз болса, ол сізге үлкен рахат, бақыт әкеледі деген сөз емес. Рас, байлық арқылы сәулетті сарайда тұрып, қалағаныңызды алуыңызға болады. Дегенмен, оның екінші жағы да бар. Ең алдымен, байлығыңызды сақтау, ақшаға ақша қосу үшін көп тер төгу керек болады. Ол тек тер төгіп жұмыс істеуді ғана емес, түрлі кедергілерді, қиындықтарды жеңуді, тапқырлықты, төзімділікті, өлермендікті талап етеді. Байлыққа сұғын қадаушылар көп болғандықтан, ақшаңызға ғана емес, өміріңізге қатер төндіретін жайлар да көп болады. Мұның бәрі сіздің тыныштығыңызды алып, ұйқыңыз бұзылады, тәбетіңіз нашарлайды, содан келіп денсаулығыңыз сыр береді.

Адам айналасын сезім рахатын алуға мүмкіндік жасайтын нысандармен неғұрлым көп қоршап қойса, соғұрлым бақытты боламыз деп жаңсақ түсінеді. Байлық, атақ-мансап, рахатқа батыратын ашыналар, т.б. – бәрі белгілі дәрежеде рахат бергенімен, әкелетін тауқымет-азабы онан да көп болады. Мансабы мен байлығы, ашыналары көп адамның басын ауыртатын проблемалары да көп.

БОМЖ деп аталатын баспанасы, үй-жайы, бала-шағасы, ашыналары жоқ пенденің үш қана проблемасы болады. Ол: ұйытқтайтын орын, тамақ және бас жазатын жүз грамм арзанқол арақ. Осы үшеуі шешілсе, ол бақытты. Ал байлығы, атақ-мансабы бар пенденің басында МЫҢ ПРОБЛЕМАСЫ БАР. Және біреуін шешсе, екі-үшеуі пайда болады. Ондайлар өле-өлгенше азап пен тауқыметтен көз аша алмайды.

ТМД елдерінің халқына жақсы танымал «С легким паром» деген фильмнің кейіпкерінің айтатын «иметь или не иметь» деп аяқталатын әні бар емес пе. Сол сияқты жоғарыда айтылған жайлардан: рахат әкелетін сезім нысандарына байлану қажет пе, жоқ одан аулақтау жүрген дұрыс па? –деген сауалды өзімізге қойып, жауабын ақылға салып бағамдап алғанымыз жөн. Әрбір рахаттың соңында міндетті түрде азабы болатынын естең шығармаңыз.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика