766 көрілім

кілтБай бақуатты болғысы келмейтін адам жоқ шығар бүгінде. Нарық билеген қазіргі заманда үнемі ақшадан тапшылық көріп жүретін пенделер үшін мол табысқа қол жеткізу орындалмас арман сияқты. Содан болар, адамдар тез және қомақты ақша табамыз деген үмітпен үнемі алаяқтардың арбауына түсіп, қаржы пирамидаларына, басқа да күмәнді жобаларға қатысып сан соғып қалып жатады.

Интернеттен ақша табуға бола ма?

Бүгінде Қазақстанда ғаламторды пайдаланушылар саны 10 миллионнан асып жығылады екен. Интернеттің осылай қолжетімді болуына байланысты ғаламтор арқылы ақша тапқысы келетіндер қатары көбеюде. Интернет арқылы ақша табуға бола ма?

Мен 2011 жылы американдық интернет бизнесмен Джо Витале дегеннің «Как быстро заработать деньги в интернете» деген кітабын алып, содан ғаламтор арқылы табыс табудың біраз тәсілдерін байқап көрдім. Жасыратыны жоқ, кейбір жедел ақша табуға болады деген жобаларға ақша салып, алаяқтардың қармағына түскен кездерім де болды.

Интернет бизнес дегенмен айналысып көрген кездерімде мынаған көз жеткіздім: интернетте ақша бар және өте көп. Мәселен, әлемдік валюта айырбастау биржасы – форекстің бір күндік ақша айналымы 4 триллион доллардан асады екен. Дегенмен де, сол ғаламтордағы мол ақшаға екінің бірінің қолы жетпейді.

Неге десеңіз, ақша аяқ астында жатқан жоқ, оны табу үшін сол саланың  сүйегін шағып, майын ішетін білікті кәсіби маман болу шарт. Ондай мамандықты сіз біраз ақшаңызды, уақытыңызды жұмсап, оқып үйренесіз. Міне, сонда интернет арқылы жақсы табыс табуыңызға болады. Ал, «менің курсымды сатып алсаң, еш білім, біліксіз бірден шаш етектен табысқа кенелесің» дегендердің 100 пайызы өтірік.

Бақуаттылыққа жетудің қарапайым тәсілі

Американдық қайыршыдан миллионерге өз ақылымен жеткен Брайан Трейсидің өзін өзі жетілдіру курстары тегін және қолжетімді. Оны кез келген адам ютубтен тауып көре алады. Бұл курстан сіз байлыққа жетудің ең қарапайым және ең сенімді тәсілдерін үйрене аласыз. Енді Трейсидің байлыққа жету тәсілдеріне кеңірек тоқталайық.

Оның айтуынша, байлық адамның көп ақша табуында немесе жалақысы көп қызметке орналасуында емес, байлық адамның білімі мен ақыл-ойында. Байлыққа қол жеткізгіңіз келсе, ең алдымен санаңызды өзгертуіңіз шарт. Әйтпесе, қанша ақша тапқаныңызға қарамастан, қайыршылық күйде қаласыз.

Трейсидің пайымынша, өмірде мүлтіксіз орындалатын бірқатар табиғат заңдары бар. Сол заңдарды біліп, өзіңізді соған бейімдесеңіз, байлық сізді өзі іздеп табады. Бірінші заң: себеп-салдар заңы. Әрнәрсенің себебі және соған сай салдары болады. Сол сияқты байлыққа жетудің де себебі мен салдары болады.

Бақуатты болғыңыз келсе, ең алдымен, жаман ойлардан аулақ болыңыз дейді Трейси. Өз бақытсыздықтарыңыз үшін ешкімді кінәламаңыз, ешкімге өкпелемеңіз, ешкімді сынамаңыз, ешкімге қызғаныш жасамаңыз. Керісінше, табысқа жеткен адамдарды көрсеңіз, ризашылықпен қарап, соларға тілеулес болыңыз. Осылай жасау арқылы сіз табысты, игілікті өзіңізге магнит сияқты тартасыз.

Енді мынаған назар аударыңыз: кедейліктен арылмай, қырсықтан көз ашпай жүретіндердің бәрі осы үшін үнемі басқаларды айыптап, бай адамдарға «ұры, парақор, қылмыскер» сияқты жеккөрінішпен қарайды және қиындықтан шығар жолды іздеудің орнына үнемі атқарушы органдардан көмек сұрап, алақан жайып қайыршыланып жүреді.

Трейси айтады: байлық білімде, сондықтан кәсіптік біліктілігіңізді арттыруға үнемі көңіл бөліңіз. Ерте тұрып, жасайтын шаруаларыңызды жоспарлап алыңыз, алдыңызға нақты мақсат қойып, сол мақсатқа жетуге талпыныңыз, ақшаңызды үнемді пайдаланып, табысыңыздың кем дегенде 10 пайызын инвестициялап отырыңыз. Осылай жасау арқылы сіз түптің түбінде міндетті түрде байлыққа қол жеткізесіз.

20-25 жылда бақуатты болуға болады

Трейсидің айтуынша, адамдардың 80 пайызы алдарына еш жоспар, мақсат қоймай өмір кешеді және өздерінің кәсіптік біліктіліктерін жетілдіурге көңіл бөлмейді, ақшаларының бір бөлігін инвестицияламайды. Сондықтан, олар өле өлгенше кедейлік қамытынан құтыла алмайды. Ал, қалған 20 пайызы өздерінің біліктіліктерін жетілдіріп, ақшаларының бір бөлігінг инвестициялап отырады.

Егер сіздің табысыңыз, тіпті мардымсыз болса да, оның он пайызын инвестициялап отыруды әдетке айналдырсаңыз, 20-25 жылда бақуатты адамға айналасыз. Бұл 2х2=4 деген сияқты АҚИҚАТ.

Бұның шындық екендігіне өз басым күмәнсіз сенемін. Неге десеңіз, соңғы 10 жылдың ішінде ақшамның бір бөлігін жинау арқылы 2 пәтер сатып алдым. Көкшетау қаласында пәтер бағасы Алматы, Астанамен салыстырғанда біршама төмендеу болғанымен, қарапайым пенденің жалақысына сатып алатын деңгейде емес. Менімен бірге қызмет етіп жүрген адамдар сол он жыл бойы әлі күнге дейін баспанасыз жүр. Ал, менің екі пәтерім бар.

Оның құпиясы мынада: мен екі жерде жұмыс істедім де, бір жұмысымның ақшасын алмай жинай бердім. Депозитке салмағандықтан, ақшам өсен жоқ, жәй ғана жиналды. Содан бір күні қомақты сома жиналған соң алғашқы жарғысын төлеп, ипотека алып пәтер сатып алдым. Бірнеше жылдан кейін жинаған ақшаммен кредитімді уақытынан бұрын жаптым. Одан әрі ақшам тағы жиналып, біршама сомаға жеткен кезде, екінші рет ипотек алып, пәтер сатып алдым. Өткен жылы ол кредитімді де мерзімінен бұрын жаптым.

Қазір кердитім жоқ және екінші пәтерімді жалға беруден ай сайын жақсы табыс түсіп тұр. Менің бүгінде екі депозиттік портфелім бар. Онда салған ақшам тұрақты өсім беруде. Ендігі мақсатым, депозиттерімнің санын көбейтіп, сомасын үнемі арттырып отыру. Сонда күндердің күнінде еш жұмыс жасамай тек депозиттің өсім пайызымен ғана өмір сүруге болатын деңгейге жетуге болады.

Бұдан не түсінуге болады? Яғни, Трейсидің тәсілі жұмыс істеп тұр. Байлыққа жетудің ең қарапайым және ең сенімді жолы – ақшаңыздың бір бөлігін жинап, инвестициялап отыру.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика