1 204 көрілім

Адамдардың бәрі ойларына алған арман-мақсаттарына жетіп, бақытты өмір сүргісі келеді. Дегенмен, өмір біз ойлағандай бола бермейді. Бақыт пен бақытсыздық күн мен түн сияқты үнемі алма-кезек ауысып, күтпеген жерден келіп, мазамызды алатыны бар. Егер біз өзімізге бақытсыздық, азап пен тауқымет әкелетін нәрсені жақсы білетін болсақ, одан бас тарту арқылы бақытсыздығымызды азайтар едік.

Шектен тыс байлану бақытсыздыққа бастайды

Адамдардың бәрі – әйтеуір бір сезім нысанына шектен тыс байланады. Осылай жасау арқылы олар шексіз бақыт табамыз деп үміттенеді. Бірақ өкініштісі сол, шектен тыс байланған әлгі сезім нысаны бақыт емес, көбіне бақытсыздық әкеліп жатады.

Мен таяуда ғана ресейлік киногерлер шығарған «Братство десанта» деген сериалды тамашаладым. Соғыста шыңдалған, қол-аяқтары балғадай, әбден шыныққан шымыр жігіттердің жеңбейтін жауы жоқтай көрінеді. Бірақ, олардың дұшпаны – бұрынғы соғыста бірге болған жауынгер достары әлгілердің ең осал тұстарын дәл тауып, сол арқылы қол-аяқтарын тұсап дәрменсіз бейшараға айналдырады.

Біреу ұлынан, енді бірі қызынан, үшіншісі жарынан айрылып қалармын деген қорқынышпен әлгі қылмыскер лаңкестің қолындағы жансыз қуыршаққа айналады. Қылмыскер оларға шексіз әмірін жүргізіп, неше түрлі қылмыстарға еріксіз итермелейді.

Ертеректе көрсетілген итальяндық «Спрут» сериалының басты кейіпкері комиссар Катани топтасқан қылмыскерлерді тұйыққа тіреп, құртуға шақ қалады. Бірақ, қылмыскерлер оның қызын ұрлап, кепілдікке алған соң-ақ, Катани әлгілердің қолындағы қуыршақ болып шыға келеді. Арыстай азаматты соншалық дәрменсіздікке түсірген нәрсе – өзегін жарып шыққан перзентіне деген сүйіспеншілік екені анық.

Дегенмен де, салқын ақыл емес, адамды соқыр сүйіспеншілік билеген кезде ол ақыл-естен айрылып, қателіктерге бой алдырады және ақыр-соңында өзіне де, өзгелерге де залалын тигізгенін сезбей қалады. Қызын құтқарамын деп қылмыскерлердің шылауында кеткен комиссар Катани ең соңында қызынан да, отбасынан да, қызметі мен бедел-абыройынан да айрылады.

Шектен тыс байланбаңыз – сонда бақытсыздықтан аулақ боласыз

Ертеде үнді елінде бір бақуатты патша өмір сүріпті. Байлығы мен атақ-даңқы асқан патшаның көп әйелі болса да, бір де бір баласы болмапты. Баладан зарыққан патша бірде үйіне жолаушылап келген әулиені қатты құрметпен қарсы алып, оған өзінің тілегін айтады. Данышпан әулие патшаға «мен саған ұлды болудың амалын үйретемін, соны жасасаң, әке боласың» дейді.

Қуанышы қойнына симаған патша әулиенің айтқанын түгел орындайды. Сөйтіп бір жыл өткенде үлкен әйелі босанып, дүниеге ұл келеді. Данышпан айтқандай баланың атын патша Хоршашока деп атайды. Оның мағынасы – «бір қуаныш, бір қайғы» екен. Балалы болып қуанышқа кенелген патша басқа әйелдерін естен шығарып, күндіз-түні үлкен әйелімен, ұлымен уақыт өткізеді. Содан қызғаныштың отына өртенген тоқалдары бірде жас сәбиге у беріп, өлтіреді. Осылайша патшаның асып-тасқан қуанышы енді шексіз қайғы-қасіретке айналады.

Қандай сезім нысаны болмасын, ол – ұл-қызыңыз, жарыңыз, туған туыстарыңыз, байлығыңыз, атақ-мансабыңыз болсын, ешқайсына шектен тыс байланбаңыз. Мына фәниде бәрінің өткінші екендігін, ерте ме, кеш пе бәрінен айрылатыныңызды естен шығармаңыз. Әлгі сезім нысанынан айрылуыңыз мүмкін екендігін жадыңызда ұстап, оған қатты байланбасаңыз, сондай жағдай кездескен кезде қасіреттің тұңғиығына құламайсыз.

Сондай-ақ, жоғарыда аталған фильмдердің кейіпкерлері сияқты өзіңіз байланған сезім нысанын жоғалтып алармын деген қорқыныштан қателіктерге, теріс әрекеттерге бой алдырмайсыз. Шектен тыс байланған сезім ынсаны сізге үлкен қуаныш әкелетін сияқты болып көрінгенмен, одан айрылу арқылы сіз одан да зор қайғыға ұшырайтыныңызды ұмытпаңыз. Міне, сонда бес күнгі мына фәни жалғанда біршама тыныш, уайымсыз өмір кешесіз және ең бастысы, бақытсыздықтан аулақ боласыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика