1 005 көрілім

адам мүмкіндігіҚазақта «астындағы атын алты ай іздеген» деген сөз бар. Сол сияқты адамдардың көбі бақытты, бейбіт тірлік кешудің аяқтарының астында жатқан кілтіне назар аудармайды. Сіз сол кілтке ие болу арқылы бақытқа ғана емес, бақуаттылыққа да қол жеткізе аласыз. Мен сізге осы кілтті көк тиынсыз тегін сыйға тартамын. Алыңыз, кәдеңізге жаратыңыз. Сонымен…

Ешкімді мазалама, сонда сені де ешкім мазаламайды.

Біз күнделікті өмірде айналасындағылардың үнемі мазасын, тыныштығын алып жүретіндермен кездесіп жатамыз. Мұхаммед пайғамбарымыздың күйеу баласы және ең жақын серіктерінің бірі хазіреті Әлидің «адамдардың арасында бол, бірақ оларға жүк болма» деген сөзі бар.

Адамдарға жүк болатындар қадам басқан сайын кездеседі. Олар өз мәселелерін біреу арқылы, соның есебінен шешіп алғылары келіп жатады. Бұл ондайларды айналасындағыларға жексұрын, жеккөрінішті етеді және ең жаманы, жауапкершіліктен жалтарып, жалқаулыққа, бойкүйездікке әлжуаздыққа бой алдыруына еріксіз итемелейді.
Ондай адамдардың екі дүниеде де жақсылыққа жете алмайтындығы анық. Олар кім дейсіз бе? Айналаңызға назар аударып қараңыз, сонда кім екендігін айтпай-ақ білетін боласыз.

1-ші мысал

Әлдебір шаруамен асығып келе жатыр едім, көп қабатты үйдің алдындағы орындықта отырған орта жастағы еркек: «тоқтай тұр» -деді дауыстап. Әлдене сұрағысы келген екен деп асығыс болсам да амалсыз бөгелдім. «Темекің бар ма, темекі берші» деді әлгі.
Мынаны естігенде қаным басыма шапқандай қатты ызаландым. Он метр жерде тұрған дүңгіршекті көрсетіп, «әне, дүңгіршекке барып, қанша керек, сонша сатып ал» дедім. «Ақшам жоқ» дейді ол жәйбарақат.

2-ші мысал

Азық-түлік дүкеніне кірген едім. Сатушы келіншек аузы арақ сасыған беті көлкілдеп ісінген еркекке әлдене деп ренішпен кейіп жатыр екен. Мен нан, сүт алып шыға бергенімде есік алдында тұрған әлгі жабыса кетті. «Елу теңге бер» дейді ол жағамнан алардай жақындап.
Оның көздерінен қайтсем де ақша табамын деген өлермендік көрініп тұр. Тіпті, бермесем, жағамнан алып тартып алудан тайынбайтын түрі бар. Бейтаныстың мына қылығы ашуыма сұмдық тигені сонша, «не айтып тұрсың, мен не саған қарызбын ба?» дедім өзіне тап беріп. Бет қаратпас түрімді көріп шошынды ма, ол кілт бұрылып кете барды.

3-ші мысал

Өзім тұратын көп қабатты үйдің есігі алдындағы орындықта отырған көрші тұратын, бірнеше ай бұрын пәтерді жалға алған әйелдің інісін көрдім. Оны бірер рет көргенім болмаса, мүлдем танымайтын едім. Әлгі маған ықы-тықы жоқ жабыса кеткені.
Ауылға баруа ақша керек еді, он мың теңге бер, -дейді ол. –Келгесін қайтарамын.
-Ау, ақшам жоқ, дегенге құлақ асар түрі көрінбейді. Келгесін қайтарамын, немене сенбейсіз бе деп әкетіп барады. Содан әлгіден әзер құтылдым. Біраз уақытым кетті, жүйкемді жұқарттым.
Өз мәселеңді өзің шешіп үйрен.
Жоғарыда аталған мысалдар сияқты жайларды сіз де күнделікті өміріңізде үнемі көріп, куәсі болып жүретін боларсыз. Өйткені, өзінің мәселесін өзгенің есебінен шешіп алғысы келетін пенделер қай жерде де жетерлік.
Егер сіз өз мәселеңізді өзіңіз шешіп үйренетін болсаңыз, одан көп игілік табасыз және ол сіздің өміріңізді күрт өзгертеді. Неге дейсіз бе? Біріншіден, сіз қиындықтан шығудың жолын табуды және соны нақты жүзеге асыру арқылы табысқа жетуді меңгересіз. Бізге қиындық жіберген Алла содан шығатын жол да жібереді. Егер миыңызға салмақ салып, ақыл-ойыңызды жұмылдырып көрсеңіз, кез-келген тығырықтан шығар жол табарыңыз анық.
Екіншіден, сіз қиындық арқылы келетін қорқыныштан аулақ болып, қандай мәселені де шешуге болытынын түйсінесіз және оны өзіңіздің шеше алатыныңызға сенімді боласыз. Яғни, сіздің ерік-жігер күшіңіз бен сеніміңіз артады. Үшіншіден, ешкімнің мазасын алмайтын боласыз. Ондай жағдайда айналаңыздағы жұртпен қарым-қатынасыңыз да жақсарады. Сіз айналаңызға, оның ішінде басшыларыңызға , отбасыңызға сүйкімді боласыз.
Түйін: Осы аталған жайлардан не түюге болады? Өз мәселеңізді өзіңіз шешіп үйрену арқылы сіз бақытқа да, бақуаттылыққа да жетесіз. Өйткені, сіздің бойыңызда төзімділік, сабырлылық, қорқыныштан аулақ болу, яғни батылдық, тығырықтан шығар жолды табатын тапқырлық, жауапкершілік сияқты табыс биіктеріне бастайтын тамаша қасиеттер орнығады.
Осындай қасиеттерді бойына орнықтырған адамның екі дүниеде де игіліккке кенелері анық, Яғни, ол адам бақытты, бейбіт, бақуатты тірлік кешіп, имандылықты жүрегіне иұялатпақ.
Бұл пікірге қосыалрсыз, қосылмассыз, қабылдарсыз немесе қабылдамассыз – ол сіздің өз еркіңізде. Дегенмен, ақылға салып ойланып көріңіз…

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика