173 көрілім

Бақытты болғысы келмейтін пенде жоқ. Ақыл-есі дұрыс әрбір адам бақытты болсам деп армандайды. Бірақ та, көп адамдар күнделікті күйбеңмен, тірліктің әуенімен жүріп бақыт дегеннің не екеніне назар аударуға да мұршалары болмай, әйтеуір тәнінің қажеттіліктерін өтегенге қанағат етіп  тірлік кешеді. Әрине, ондайлар ешқашан бақытты бола алмайды және өле-өлгенше азап пен тауқыметтен арылмай қиындықпен күн кешеді.

Адам неге тауқымет тартады?

Веда ілімінің шыңы саналатын Бһагавад Гитада адамға азап шектіретін үш нәрсе жайлы айтылған. Оның біріншісі – ақыл. Иә, адам ақылы арқылы азап тартады. Орыстың ұлы ақыны Александр Грибоедовтың «Ақылдың азабы» деген шығармасы бар. Азаптың екінші көзі – түрлі жәндіктер. Адам тәніне залал келтіретін маса, бүрге сияқты қансорғыштардан бастап, ауру шақыратын вирустар мен бактериалар – бәрі азаптың көзі болып саналады. Үшінші азап әкелуші – табиғат апаттары.

Біз адам үшін ең қауіпті және кең таралған азап көзі – ақыл туралы әңгіме етпекпіз. Мәселен, бір адамда бәрі бар. Дені сау, қол-аяғы бүтін, отбасы бар, бақуатты, қолында билігі бар және ел-жұртқа танымал. Бір сөзбен айтқанда, әлгі пендеге Алла бәрін берген. Бірақ, соған қарамастан, ол адам үнемі тағы да бірдеңелерге жетсем деп жанталасып жұмыс істеп, аспандағыны арбап, жердегіні қармап жүреді.

Керісінше, енді бір адамда ештеңе жоқ. Тамағын әзер асырап жүрген кедей, өзі ауру, лауазымды қызметі де, атағы да жоқ. Керек десең, басында баспанасы да жоқ. Бірақ соның бәріне қарамастан, ол адам өзін бақытты санайды және Алланың бергенін қанағат тұтады.

Өз басым осы екі топтағы адамдардың біразын көріп, олармен жақсы таныспын. Байлығы бар адам одан да көп байлыққа жетсем деп арпалысып жүреді. Биік лауазым иесі, одан да биік қызметке жетуді армандап, сол үшін жанын салып күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылады.

Басында баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұратын, баспана алуға мүмкіндігі жоқ азын-аулақ жалақымен жан бағып жүрген қарапайым жандарды көріп, араласып тұрамын. Қызығы сол, олар болашақтан үміт үзбейді және қабақтарынан қар жауып, өзінен төменгілерді менсінбей шекеден қарап, жоғары тұрғандардың табанын жалауға әзір болып жағымпаздықтың жиіркенішті түрлерін жасайтын алғашқы топтағы адамдар сияқтя емес, үнемі жайдары жүреді.

Бақыт деген – жайдары мінез

Алла бәрін берген алғашқы топтағы қабақтары қарс жабылып, бірдеңе десе ұрысса кетуге әзір жүретін байшыгештерді бақытты деуге бола ма? Олар өздерін бақыттымыз деп санайды, шындығында олай емес. Өйткені, бақыт деген – ол байлық емес, мансап, атақ та емес. Ол – жайдары мінез, көтеріңкі көңіл күй.

Егер сіздің мінезіңіз жайдары болса, әрдайым сабырлы болып, ешкіммен ренжіспей көңілді жүрсеңіз – сіз бақытты адамсыз. Ал егер керісінше болса, онда сіздің байлығыңыз бен мансабыңыз, атағыңыз – сізді бақытты ете алмайды.

Енді  «қалай бақытты болуға болады?» –деген сұраққа жауап беретін кез келді. Бһагавад Гитаның айтуынша, бақытты болғыңыз келсе, өле-өлгенше адамға маза таптырмайтын – тілек атаулыдан бас тартыңыз. Арман-тілек деген, тіпті кішкентай балада да болады. Көшеде маған балмұздақ немесе басқа бірдеңе сатып алып бер деп, айтқанын істемеген ата-анасына өкпелеп жер тепкілеп жылап жататын балаларды қай-қайссымыз да көреміз.

Ересектердің ондай балалардан айырмасы – олар жер тепкілеп жыламайды, бірақ тілегі орындалмаса сол үшін қиналып, азап шегеді. Әрбір орындалмаған тілек – адамға азап әкеледі дейді Бһагавад Гита. Яғни, бар азап пен тауқыметтің көзі – тілек екен.

Қарапайым адамда тілек онша көп болмайды. Баспанасы болса, тамағы тоқ, киімі бүтін, басы аман болса – соған шүкір етеді. Ал бай-бақуатты адамдарда, атағы мен мансабы бар пенделерде тілек деген өте көп болады. Адам неғұрлым материалдық игілікке көп жетсе, тойымсыз нәпсі, яғни ақыл – одан да көп нәрсені сұрап, соған жет деп пендені еріксіз жанталастырып қояды. Ондай адамдар еш тыным таппай, бар өмірін аласұрып фәни дүниенің ертең адыра қалар игіліктерін табуға арнап өткізеді.

Түйін: Егер азап-тауқыметтен аулақ болып, бақытты тірлік кешкіңіз келсе, байлыққа, мансапқа, атаққа емес, тойымсыз тілектерден бас тартуға ұмтылыңыз. Тілектеріңізді тізгіндей алсаңыз – бақыт құсы өзі келіп басыңызға қонады. Оның белгісі – жайдары мінез, көтеріңкі көңіл күй, байсалдылық, қанағатшылық.  

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика