1 113 көрілім

иогАқпарат ғасыры атанған қазіргі заманда өмір кешіп жатқан адамдардың бақыт туралы түсінігінің соншалықты жұтаңдығын мынадаған көруге болады. Яндекс сервисінен «бақыт» деген сөзді бір айда қанша адам іздеу терезесі арқылы іздегенін қарадым. 4700-ден астам адам осы сөзді іздеген екен. Бұған қарап қазіргі пенделер бақытты болуды аңсайды екен-ау, деп ойлауға болар еді. Дегенмен, аталмыш сөзді іздеушілер «бақыт» деген түсінікті емес, сол аттас әншілердің әндерін іздеген болып шықты. Яғни, қазіргі адамдарды «бақыт» деген ұғым оншалықты қызықтырмайтын сияқты.

Сіз өзіңізді бақыттымын деп санайсыз ба?

Егер кез-келген адамға осындай сауалды қойса, олардың 90 пайыздан астамы өздерін бақыттымын деп санайтынын естіп, білуге болар еді. Соған қарап қазіргі пенделердің бәрі бақыттан бастары айналып жүр екен-ау деп сенуге болатындай. Бірақ, іс жүзіне келгенде әлгі өздерін бақыттымыз деп санайтындардың өмірде үнемі қабақтарынан қар жауып жүретінін, өте сирек күлетінін қай қайсымыз да көріп жүреміз.

Бақыт дегеніміздің өзі қуанышты көңіл күй емес пе. Бақытты адам әрдайым көңілді күйде, үрей мен қорқыныштан аулақ мамыражай күн кешпек. Ал қабақтарын түйіп, үнемі көңіл күйлері бұзылып жүретін пенделерді, мейлі олар өздерін мың жерден бақыттымын десе де, бақытты деп санауға болмайтыны белгілі.

Көпшілік орындарда жүргенде жас балалар мен араққа тойып алған мастар ғана көңілді жүретінін бағамдауға болады. Өткенде автобусқа мінген аяғы кесміс болуы керек, балдағы бар бір жас келіншек алдыңғы орындыққа отырды. Неге екені белгісіз ол ыржиып күліп отырды. Қабақтарынан қар жауып, түнерген адамдардың арасында күлімсіреген оның бейнесі біртүрлі оғаш көрінеді екен. Арақ ішіп алған ба, әлде ақыл-есі кем бе деген ой келді маған. Қай-қайсымыз да бүгінде күлімсіреп, көңілді жүретін адамды көрсек солай ойлайтынымыз анық.

Адамдар неге қуана алмайды?

Таяуда қазақ телеарналарының бірінен есімі елге танымал әнші туралы хабар көрсетілді. Атағы жер жаратын, ақшаны күреп табатын әлгі әншінің әкесінен «сіз өзіңізді ұлыңыздың осындай табысқа жеткені үшін бақыттымын деп санайсыз ба?» деп сұрағанда қабағы түскен көңілсіздеу отырған ол «иә, бақыттымын» деп немқұрайды жауап берді. Оның үнінен соншалықты бақытты адамның кейпі сезіле қоймады.

Адамдар неге қуана алмайды? Мәселен, кедейліктен сіңірі шыққан пенде лоторея билетінен ірі ұтыс ұтты делік. Әрине, бұл оған үлкен қуаныш әкеледі. Дегенмен, әлгінің қуанышы өте қысқа болады. Сәлден кейін-ақ, әлгі ұтысын қалай аламын, оны қайлай пайдаланамын деген сияқты мәселелер санасын билеген ол қуанышын әп-сәтте ұмытады.

Қазақта «жас балаша қуанды» деген сөз бар. Шынында, үлкен адамдарға қарағанда жас балалардың қуанышы тұрақты және ұзақ болады. Бала кезімде тұтас бір сомдық қағаз ақша тауып алғаным әлі есімде. Қуанышым қойныма симай, әлгі ақшаны үйге әкеліп, анамның қолына ұстатқан едім. Содан ұзақ уақыт бойы әлгі бір сомдық көз алдымнан кетпей, көңілім көкке жеткендей алабұртып, қуанышты халде жүрдім. Өкінішке орай, қазір қанша ақша тапсам да, дәл солай қуана алмаймын.

Адамдардың қуана алмауының бар себебі – санада екен. Санасын сансыз көп арман-тілектер билеп алған пенденің ақыл-ойы өткен шақ пен болашақтың арасын кезіп, үнемі қозғалыста болады. Содан ол дәл қазіргі шақтағы өзіне берілген қуанышты толыққанды сезіне алмайды. Лотореядан жүз теңге ұтқан баланың қуанышы қойнына симай, ұзақ уақыт сол көңіл күйде жүрсе, керісінше миллион теңге ұтқан ересек адамның қуанышы бірер минутқа ғана созылады. Содан кейін-ақ, ол әлгі ақшаны қайда, қалай жұмсайтынын ойлап, қуанышын мүлдем есінен шығарады.

Сананы өзгерту арқылы бақытқа жетуге болады.

Белдеріне ескі матаны байлап алған, тойып тамақ ішпей, қаңғыбастықпен күн кешетін индиялық иогалардың жүзінен әрдайым көңілді күлкі табы кетпейді. Неге? Олар ақыл-ойларын өткен мен болашаққа емес, қазіргі шаққа шоғырлау арқылы барына қанағат тұтып, өмірдің өзінен ғана рахат табады.

Ал өткен мен болашақтың арасын ақылымен кезіп жүруді әдетке айналдырған пенделер миллиондап, миллиардтап тауып жатса да, хан сарайындай сәулетті үйлерде, сұлу әйелдерімен, ашыналарымен не ішемін, не киемін демей шалқып тұрмыс кешсе де, жүздерінен күлкі табы білінбейді. Бұдан не түйіндеуге болады? Яғни, бақыт деген байлықта да, ішіп-жеу мен нәпсіні барынша қанағаттандыруда да емес, бақыттың қайнар көзі – санада. Ақыл-ойын игерген пенде бақытқа жетеді, түпсіз ойдың жетегіне жегілген жан екі дүниенің де игілігінен құр қалады.

Сананы қалай өзгертуге болатыны жайлы блогымызда алдағы уақытта кеңірек жазатын боламыз. Блогымыздағы жаңалықтарды жіберіп алмаңыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика