468 көрілім

кілтАқшадан қысылғанда банктен кредит алу қазақтың әдетіне айналып кеткелі қашан. Бір қарағанда ақша табудың оңай жолы сияқтанатын кредитті пәлен пайыз өсімімен қайтаратынын адамдар көп ұғына қоймайды. Той жасаса да, қайтыс болған жақынына ас берсе де, тіпті, қажет заттарды сатып алғанда да өсімімен несие алатындар көп. Сөйтіп, ондайлар тапқан жалақыларының бәрін түгел несиелерін қайтаруға жұмсап, өмірлерін өткізеді. Ондайлар әдетте ешқашанда дәулет жинап, бақуаттылыққа қол жеткізе алмайды. Ал бақуатты болу үшін не істеу қажет? Американдық өзін-өзі жетілдіру ғылымының данышпаны саналатын Брайан Трейсидің айтынша, бақуатты болу үшін бар болған бай адамдар не істесе, соны қайталау жеткілікті дейді. Сонымен, сіздің назарыңызға бай адамдар ұстанатын 9 ережені ұсынамыз Бәлкім оның пайдасы тиіп, бақуаттылыққа сіз де қол жеткізіп қаларсыз.

Бай адамдар пайдаланылған тауарларды сатып алады

Олар қымбат заттар сатып алып, бос даңғазалыққа бой алдырмайды. Дәулетті адамдар үшін киім, жиһаз, автокөлік секілді қолданылған заттарды сатып алудың ешқандай да  сөкеттігі жоқ. Егер оның жаңа заттан айырмасы болмаса және пайданалуға жараса, онда  артық төлеп не керек? Бай адамдар үнемделген ақшаларын анағұрлым маңызды нәрсеге жұмсағанды артық көреді.

Байлар қолжетімді затты сатып алады

«Кедейдің кербезінен сақтан» дегенедй, кедей адам қарызданып-қауғаланып  қымбат киім киіп жылтырап жүргенді дәреже санайды. Ал, бай адамдар қалтасы көтеретін затты сатып алуды ойлап тұрады. Ай сайынғы жалақысынан жырып алып төлеп отыратын несиелерге ұрынбайды. Олар күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айыратын көпжылдық «бас ауру» еш жақсылық әкелмейтінін жақсы біледі.

Байлар сапалы заттарды сатып алады

Біз ақша үнемдеу мақсатында арзан тауарларды алып, өзімізді  алдап жатамыз. Мысалға, сіздің 20 мың теңгеге аяқ киім сатып алуға шамаңыз келеді екен дейік, бірақ сапасы нашарлау 6 мыңның аяқ киімін көріп тұрсыз. Сіз еш ойланбастан, бірден 6 мыңның арзан аяқ киімін аласыз. «Арзанның сорпасы татымас» дегендей, содан көп ұзамай аяқ киіміңіз жыртылып, тағы да жаңасын алуға мәжбүр боласыз. Ал бай адам 20 мыңның сапалы аяқ киімін алып, біраз жыл киеді. Бұл үнемді.

Байлар мол табысты күтуге дайын

Психологтар қызықты эксперимент жасап көріпті. Бір топ адамға 2 нұсқа ұсынылды: біріншісі – дәл қазір 5 доллар беріледі, екіншісі – 10 доллар беріледі, бірақ біраз уақыттан кейін. Бір қызығы, жүз адамның 95-і қазір берілетін бес долларды алады, тек 5-уі ғана кейін берілетін 10 долларды алуға келіседі. Осылайша, бай адамдар үздік ұсыныстарды күтуге дайын, олар ақша салған соң, біраз уақыттан кейін нәтижеге жететінін жақсы біледі.

Бай адамдар зейнеткерлікке шықпайды

Бай адамдар да демалғанды ұнатады, бірақ демалыстың жөні осы екен деп теледидар қарап шалқасынан жатпайды. Олардың демалысының өзі денсаулығын нығайтып, жұмысқа құлшындыруға жағдай жасайтын пайдалы болып өтеді және ақшаны оңды-солды шашпайды. Байлар зейнет жасына жеткенде жұмыстан қол үзіп, қол қусырып отырмайды. Материалдық жағдайы бола тұра, олар жұмыстарын онан әрі жалғастыра береді. Оның үстіне еңбек етіп үйренген адамға бос отыру азаптың азабы емес пе.

Байлар үнемшілдікті ұнатады

Күн сайын маркетологтар бізді қай-қайдағы қажетсіз заттарды сатып алуға «мәжбүрлейді». Кейде не сатып алғанымызды өзіміз де түсінбей жатамыз. Шын мәнінде ол біздің таңдауымыз емес, әлем-жәлем жарнаманың әсері. Бай адамдар маркетологтардың мұндай құрығына ілінбейді. Олар өздеріне шын қажеттіні ғана сатып алады.

Олар жеңілдіктерді пайдаланады

Сауда компаниялары жиі-жиі жеңілдетілген акциялар өткізіп жатады. Біздің көбіміз ондай акцияларға онша мән бере қоймаймыз. Ал бай адамдар акциялар, жеңілдіктер мен арнайы ұсыныстарды қарауға еш ерінбейді. Үнемдеуге мүмкіндік болып тұрса, артық төлеудің қажеті қанша?

Бюджеттерін жоспарлап жүреді

Бай адамдардың барлығы да өз қаржыларын әрдайым жоспарлап, кірісі мен шығысын қатаң есептеп отырады. Кіріс пен шығысты бақылап, салымның пайызын, бонустар мен сыйлықтарды есепке алады. Бір сөзбен айтқанда, әрбір тиындарын санап жұмсайды. Мұнда өзіңе өзің адал болу маңызды және барлық шығынды есептеуді ұмытпау керек.

Бай адамдар бай болып көрінуге ұмтылмайды

Бай адамдарға дәулетті екенін көрсетудің еш қажеттігі жоқ. Олар өзін-өзі баламалы түрде бағалайды және қарапайым адам сияқты көрінеді. Ең бастысы, бай адамдар байлықты жақсы өмір сүру үшін, содан рахат алу үшін  жинайды. Олар ешкімге ешнәрсені дәлелдемейді, өзін қоршаған ортадан рахат алуды, бақытты болуды қалайды

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика