1 422 көрілім

инвестицияӘлемдегі ең алпауыт бай ел АҚШ-та бизнеспен айналысқысы келген әрбір 100 адамның 96-сы бір жылдың ішінде бар ақшасынан айрылып, тақырға отырады екен. Ал арада үш жыл өткенде қалған төртеуінің арасынан бағы жанған біреуі ғана бақуатты бизнесменге айналатын көрінеді. Жүздің бірінің ғана маңдайына жазылған байлыққа қол жеткізудің амал-тәсілдері Напалеон Хиллдің «Ойлан да байы» кітабында жан-жақты және толымды баяндалады. Кітаптың құндылығы да – адамдарға жәй ақпарат емес, байлыққа қол жеткізудің нақты тәсілдерін беретіндігінде.

Назар аударатын ойлар

Сіз бүгін қандай киім киіп жүрсіз, қалтаңызда қанша ақшаңыз бар – мәселе онда емес. Эдвин Барнс сияқты табысқа құлшыныспен ұмтылған адам ғана нәтижеге жете алады.

Сіздің ойыңызға алған мақсатыңызға қарай жасаған әрбір қадамыңыз, байлыққа жақындата түспек. Көп адамдар жетістікке жарты қадам қалғанда ойларына алған мақсаттарынан бас тартып жатады. Мынаны ұмытпаңыз: сіз жасамаған қадамды басқалар жасайтын болады.

Нақты мақсат қою – үлкен-кіші кез келген мақсатқа жетуге бағытталған алғашқы қадам. Күші толысқан еркек табанды сәбиден жеңіліп, масқараға ұшырайды. Өзіңіздің өмір бағдарыңыз туралы көзқарасыңызды өзгертіңіз – сонда бүгін сізге қол жетпес арман көрінген мақсатқа ертең жететін боласыз.
Генри Форд сияқты өзіңіздің сеніміңіз бен табандылығыңызға айналаңыздағы басқа адамдарды да сендіріңіз, міне, сонда сіз мүмкін емес істерді іске асырасыз. Тілегіңізге арқау болған барлық мақсат – қолжетімді.

Байлыққа бастар алғашқы қадам: тілек

Адамның арман-тілектері ол нақты әрекетке айналған кезде міендетті түрде орындалады. Сіз өмірден өте көп сұраңыз – сонда өмір сізге сұрағаныңызды береді.

Көп жылдар бұрын Эдвин С.Барнс Ист-Орендж станциясынан жүк таситын пойыздан түскенде оның сырт келбеті қайыршы қаңғыбастарға ұқсайтын. Бірақ ой-арманы патшаға лайықты болатын.

Вокзалдан түсіп, А.Эдисонның кеңсесіне жекткенше ол Эдисонның алдында кеудесін өртеген арман-қиялдарын жүзеге асырудың мүмкіндіктерін сұрап тұрған өзін көз алдына елестетті. Оның кеудесінде үміт те, ұмтылыс та емес, жан-жүрегін өртеген ыстық тілек қана бар болатын. Сол сезім басқалардың бәрін басып, ақыл-санасын түгел билеп алды. Мәселенің мәнісі де осында тұғын.

Содан арада бірнеше жыл өткенде ол тағы да Эдисонның кесесінде алғашқы кездесу өткендегідей оның алдында тұрды. Бірақ бұл жолы ол алақан жайып сұраушы емес, іскер әріптес ретінде тұрды. Барнстың мақсатына жетуінің құпиясы мынада еді: ол алдына нақты мақсат қойды және өзінің бар қуаты мен ақыл-санасын түгел соған жұмсады.

Шегінерге жол жоқ

Эдисонмен болған екі кездесудің арасын бес жыл уақыт бөліп жатқан. Басқалар үшін Барнс Эдисонның кезекті бір қолбалаларының бірі болып саналды. Бірақ Барнстың өзі олай ойламайтын. Ол жұмысқа алғаш кіріскен сәттен бастап өзін Эдисонның іскер әріптесі ретінде сезінді. Барнс бұл арманына жетті, өйткені ол бұны бәрінен артық санады. Ол мақсатына жетудің нақты жоспарын жасады. Содан кейін кері қайтар жолдағы көпірлерді түгел өртеді. Одан әрі арман-қиялына қанат қақтырып, бұл бар ақыл-санасын түгел билеп алғанша және өмірінің мәніне айналғанша тыным таппады.

Ист-Оренджге келген ол «мен Эдисонмен кездесіп, одан жұмыс сұрайын деп едім» деп ойлаған жоқ. Ол: «мен Эдисонға іскер әріптес болудың оған қаншалықты тиімді болатынына көзін жеткіземін» -деп ойлады.
Мен мына өмірде жалғыз нәрсені қалаймын: Эдисонның іскер әріптесі болуды. Басқалардың бәріне түкіргенім бар. Бұл мақсатқа жетуге керек болса өмірімді де құрбан етемін. – Ол осылай ойлады.
Барнс өзіне кері қайтар жол қалдырмады. Оның алдында екі ғана таңдау тұрды: не дегенінен жету, болмаса сол жолда жанын құрбан ету. Барнстың жеткен жетістігінің бар құпиясы – осында.

Ол кемелерді өртеді

Көп жылдар бұрын бір ұлы қолбасшы маңызды шешім қабылдауы тиіс болды: оның ұрыста жеңіске жетуі сол шешімге байланысты болатын. Қолбасшыға қарсы күші әлденеше есе артық жаудың әскері тұрды. Ол өз әскерімен кемеге отырып жаудың жеріне жетті. Кемеден түскен соң жауынгерлеріне кемелерді өртеңдер деп бұйырды. Ұрыс алдында ол сарбаздарына: сендер жағалауда жанып жатқан кемелердің түтінін көрдіңдер ме? Бұл – егер біз жеңілсек кері шегіне алмайтынымызды білдіреді. Бізде екі ғана жол бар: не жеңу, болмаса қаза табу.

Бұл шайқастың тағдыры не болды дейсіз ғой? Қолбасшы мен жауынгерлері күші басым жауларын тас-тақан етіп жеңді.
Жеңіске жетемін деген пенде кері шегінуге мүмкіндік жасайтын барлық көпірді өртеуі тиіс. Тек солай жасағанда ғана жеңіске жетуге үлкен ықпалын тигізер ыстық тілекті сақтауға болады.

…Чикагодағы атақты өрттен кейін таңертең Стейт-Стритте бір топ саудагерлер топталып тұрды. Олар жанып кеткен байлықтарының күлге айналған қалдықтарына мұңая қарасып тұрып, басқа жаққа барып шаруаларын жалғастыруға ақылдасты. Бірақ оларға бір адам қосылмады.

Саудагер Маршалл Филд: «Мен дәл осы арадан әлемдегі ең керемет сауда үйін тұрғызамын, мейлі ол қанша рет жанса да бәрібір» деп шешімін тұжырымдады.

Бұл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын болған оқиға еді. Маршалл Филд ойлағанын жүзеге асырып, үлкен сауда үйін салды. Бұл дүкен тағдыр тауқыметін жеңудің рәмізі іспеттеніп әлі күнге дейін сол жерде тұр.

Әрине, Маршалл Филдке басқалар сияқты пәлелі жерден қашып кету тиімді болатын. Бірақ оны басқалардан ерекшелейтін қасиет бар-ды. Бұндай қасиет жеңіліске мойынсұнушылардан жеңіске жетушілерді әрдайым ерекшелеп тұрады.

Әрбір пенде ақшаның өмірдегі мәнін түйсінген сәттен бастап ақша өзінде тұрақты болуын қалайды. Бірақ солай болсын деп армандау – ақшаға ие болу деген сөз емес. Тек байлыққа жетсем деген ыстық тілек, мақсатқа жету жолындағы нақты жоспарлы әрекет, табандылық пен алған бетінен қайтпаушылық – сізді күндердің күнінде ойыңызға алған мақсатыңызға жеткізіп, бақуатты адам етеді.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика