1 374 көрілім

инвестиция-1«Ораза-намаз тоқтықта» деген сөз бар. «Бір күн қарны ашқан адамнан қырық күн ақыл сұрама» дейді. Мұның астарында тамақ тойдыру, яғни, тұрмысты түзеу адам үшін ең алдыңғы кезекте тұратындығы жатқандай.

Ежелгі индустарда төрт сатылы даму жолы дейтін ұстаным болған. Бірінші саты- артха деп аталады, яғни бұл тұрмысты жақсарту, жалпақ тілмен айтқанда қарын тойғызу; екінші саты – кама, сезімді қанағаттандыру, қарны тойған адам енді сезімін қанағаттандыруды, үйленіп, отбасы құруды, үй салып, балалы-шағалы болып, фәни жалғанның қызығын көруді ойлайды; үшінші саты – дхарма, тұрмысын түзеп, өмірдің ащысы мен тұщысын біраз татқан пенде енді дінге жүзін бұра бастайды; төртінші саты – мокша, фәни жалғанның өткінші екендігін ұққан адам жүзін толайым Құдайға бұрып, бақи дүниенің игілігін ойлайтын болады, сөйтіп, өткінші дүниенің қызық-шыжығын тәркі етеді.

Ораза, намаз тоқтықта

Төрт сатылы бұл жүйенің дұрыстығын өмірдің өзі үнемі алдымызға тартып көрсетіп отырады. Сіңірі шыққан кедей адамның театрға барып немесе классикалық музыканы тыңдауға, әлемнің көрікті жерлерін саяхаттап көруге, жаны қалайтын нәрсемен айналысуға мұршасы болмайтыны белгілі. Оның бар ой-санасы қайтсем көбірек ақша табамын, отбасымды асыраймын деген ойдың төңірегінде болады.

Ұлы Абай «есектің артын жусаң да мал тап» деп теккке айтпаған. Адам үшін ең бірінші мақсат, тұрмысын түзеп алу. Тұрмыс түзелсе, содан кейін жаның қалаған іспен айналысуға, дін жолына түсіп, рухани дамуға мүмкіндік ашылмақ. Олай болмаған жағдайда, сіз бар уақытыңызды қарын тойдыру мәселесіне арнап, күш-қуатыңыз бен қарым-қабілетіңізді де соған жұмсауға мәжбүр боласыз.

«Ақиқат» блогында осыған орай, біз басты мақсат ретінде кез келген адам айналысып, бай-бақуатты болуына мүмкіндік беретін ақшаны инвестицияалау мәселесіне жете көңіл бөлмекпіз. Байлыққа қол жеткізудің ең сенімді және қолжетімді түрі де осы инвестиция болып табылады. Роберт Киосаки инвестор болу үшін миллиондаған ақша табатын бизнесмен болу міндет емес дегенді айтады.

Жалақының 10 пайызын инвестициялау

Сіз өз жалақыңыздың кем дегенде он пайызын ай сайын тиімді инвестициялық жобаларға салып отыру арқылы, белгілі уақыттан кейін қомақты қаржы жинай аласыз. Ол қаржы сізге ай сайын белгілі мөлшерде пайыздық өсім түрінде табыс түсіріп отырады. Егер сіз жалақыңыздың он пайызын инвестициялау тәсілін тұрақты қолданып отырсаңыз, кедейлік тауқыметінен құтыларыңыз анық.

Ресейлік инвестор Андрей Аверьянов жалақының он пайызын инвестициялаумен бірге, белгілі соманы ай сайын қамсыздандыру қорына салып отырыңыз дегенді айтады. Мәселен, сіз ай сайын 70 мың теңге табатын болсаңыз, соның он пайызы, яғни 7 мыңын депозитке немесе акциялар сатып алуға жұмсап, 5 мың теңгесін өзіңіздің қамсыздандыру қорыңызға салып отырсаңыз, белгілі уақыттан кейін қорда қомақты қаржы жиналатын болады. Бұл қаржыны сіз түрлі қиын жағдайлар туғанда пайдалана аласыз. Мұның өзі сізді өмірде біршама қауіпсіз, еркін сезініп жүруіңізге ықпалын тигізбек.

Мен бұрын екі мекемеде қызмет істедім. Бір мекеменің жалақысы барлық шыындарымды жабуға жететін де, екінші жалақым есеп-шотта жинала берді. 2008 жылдың күзінде мекеме басшысымен келісе алмай, содан арызымды жазып жұмыстан кетуге мәжбүр болдым. Екінші мекеменің жалақысы мардымсыз болатын. Ипотекалық кредит, оған қоса басқа да шығындарды өтеуге мардымсыз жалақы жетпейтін еді. Бірақ мені қорда жиналған қомақты қаржы құтқарды. Мен ақшадан еш тапшылық көрмедім. Содан арада біраз уақыт өткенде алғашқы мекеменің басшысы қоярда-қоймай жұмысқа қайта шақырды.

Батыс елінің әрбір тұрғынының ертең қиындық түсіп қалған жағдайда жұмсайтын есеп-шотында біраз қаржысы болатындығын БАҚ айтып, жазып жүр. Біз өмір сүріп отырған нарықтық қоғамда мұндай қаржының қажеттігі күмәнсіз.

Ұсыныс: ай сайын жалақыңыздың он пайызын инвестициялап, өзіңіздің қалтаңыз көтеретіндей тағы бір соманы жеке есепшот ашып, сонда салып отырыңыз. Осы қарапайым тәсіл, сіздің болашақ бай-бақуатты өміріңізге жасалған нық қадам болатыны анық.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика