1 042 көрілім

ақиқатҚазіргі ақша билеген нарық жағдайында шынын айтқанда бай-бақуатты болу адамдардың көбінің ең басты арманына айналып отыр. Өкінішке орай, байлыққа жету бүгінде қолында билігі барлардың немесе арларын ақшаға сатқан алаяқтардың  ісі сияқты сезілуде. Өйткені қазір дәл сондайлар ғана байлыққа жетіп жатыр. Бірақ та, адал жолмен, адал еңбек ете жүріп  те байлыққа жетуге болатынын ешкім теріске шығара алмайды. Напалеон Хилдің «Ойлан да байы» кітабынан сондай таза жолмен байлыққа жету амалдарын таба аласыздар.

Сенімсіз ой – өлі дүние іспетті

Сан ғасырлар бойы дінбасылары өздері ұсынған түрлі ұстанымдарға сенуді талап етіп келді, бірақ олар сенімді қалай табу қажеттігін түсіндірмеді. Сондай-ақ, бір де бір пенде: «Сенім – өзін өзі иландыру арқылы қол жететін сананың көрінісі» деген пікірді алға тартпады.

Кез-келген ақыл-есі түзу адамға түсінікті тілмен сенімді, тіпті ол болмаған жердің өзінде қалай табуға болатыны жөнінде баршамызға белгілі  принциптерге сүйене отырып, жан-жақты талдау жасап байқайық.

Өзіңізге сеніңіз: Сенім – бұл Шексіздік. Сенім – бұл өмір қуаты мен әрекетшіл ойды туғызатын мәңгіліктің дәрумені. Сенім —  бұл байлықты жинақтауға қажетті тірек нүктесі. Сенім – бұл ғылыми ережелермен ашуға болмайтын таңғажайыптардың негізі, тылсымдардың тылсымы. Сенім – бұл дұға арқылы Жоғары Санамен тікелей байланыс орнататын «химиялық элемент».  Сенім – бұл ажалды пенденің санасындағы қарапайым ой қуаты қозғалысын дұға оқу барысындағы құлшынысты санаға негізделген рухани деңгейге көтеретін элемент. Сенім – бұл ғарыштық Жоғарғы Сананы пайдалануға көмектесетін жалғыз аралық делдал.

Ой – әмірші

Мұның бәрі жеңіл әрі қарапайым жолмен дәлелденеді. Өйткені дәлел белгілі бір проблемаға ақыл-ойымызды шоғырландыру арқылы өзімізді сендіруге, иландыруға негізделген.

Мына нәрсе баршаға белгілі: егер сіз бір тұжырымды үнемі қайталай берсеңіз, ол дұрыс па, жоқ па көп ұзамай соған илана бастайсыз. Шындығында, жалғандық – бұл көп мәрте қайталанған және ақиқат деп санаға сіңірілген өтірік.  Мұндай өтірікті әдетте жұрт бірден бір ақиқат деп қабылдайды.  Әр пенденің өзін «мен» деп сезінетіні, оның санасын билеген түрлі  әмірші-ойлардың жиынтығынан.  Адамды түрлі әрекеттерге, сезім рахаты нысандарына итермелейтін, сезімді қоздырып, өзінің әрекетінің дұрыстығына иландыратын, оның әрбір әрекеті мен қозғалысын реттейтін және басқаратын  күш – ойлар.

Адамды толғандыратын сезіммен байланыстыратын ойлар сондай ойларды тартатын «магнетизм» сипатына ие.

Міне, сондай магнетизм қасиетіне ие болған ойларды ылғалды құнарлы топыраққа түскен тұқыммен салыстыруға болады: ол өсім береді және алғашқы жалғыз кішкентай тұқым сабақтанып өсіп, өзі тектес көп дәнге айналғанша өсуін тоқтатпайды.

Адамның санасындағы кез-келген ой немесе идея, жопар немесе ниет, өзі тектес көптеген ойларды тартып, солардың көмегімен өз қуатын арттыра отырып, бәрі қосылып сананы билеп-төстеп алатыны сонша, нағыз қожайынға айналады.

Ал енді осы арада алғашқы идеялық тұқым, жоспар немесе ұмтылыс түріндегі тұқым-ойдың санамыздың құнарлы топырағына қалай түсетінін білу үшін өзіміз айтып жатқан алғашқы тірек нүктесіне қайта оралайық. Бұл қарапайым түрде болады: ол санаға ойды қайталау арқылы түсіп, орнығады. Сондықтан да, сіз өзіңіз өміріңіздің басты мақсатын алдыңызға қойып,  оны нақтылап, күн сайын жиі-жиі қайталай отырып ішкі үн санаңыздың түкпіріндегі түйсігіңізге жеткенше қайталай беруіңіз шарт.

Сіз өзіңіздің әрекеттеріңізді қайта қарауыңыз, өмір сүру дәстүріңізді өзгертуіңіз және қоршаған ортаның жағымсыз ықпалын ысырып тастауыңыз қажет. Ішкі резервтеріңіз бен кемшіліктеріңізді  ретке келтіре отырып, сіз өзіңіздің ең олқы тұсыңыз – өзіңізге деген сенімнің жоқтығы екендігін көресіз. Бұл олқылықты өзіңізді өзіңіз сендіру, иландыру арқылы жоюға болады. Оны жүзеге асырудың еш қиындығы жоқ. Өзіңіздің ішкі дүниеңіздегі барлық ізгі ойларды, қуанышты көңіл күйлерді ашып, шығарыңыз. Содан кейін сіздің түйсігіңіздің қозғаушы күшіне айналғанға дейін сол ойларыңыз бен көтеріңкі көңіл күйлеріңізді ақ қағазға түсіріңіз, есіңізде сақтап, қайталап отырыңыз.

Түйін: Напалеон Хилдің әлемдік бестселлерге айналған кітабын назарларыңызға ұсына отырып, әр адам ӨЗ ТАҒДЫРЫНЫҢ ҚОЖАСЫ екендігін оқырманға түсіндіруді мақсат еттік. Стресс, депрессия деп аталатын бүгінде белең алып кеткен дерттердің ықпалына түсіп, өмірден түңіліп, барлық бақытсыздықтар мен сәтсіздіктер үшін ТАНЫС-БАУЫРЛАРДЫ, БАСШЫЛАРДЫ, ҮКІМЕТТІ, ПРЕЗИДЕНТТІ, ең соңында АЛЛАНЫ кіналап, өздері түк бітірместен, қол қусырып отыратын ЖАЛҚАУЛЫҚ деп аталатын сайтанды мойындарына мінгізіп алған жандарға бұл кітап тығырықтан шығар жол көрсететін – ЖОЛ КӨРСЕТУШІ болады деген үміттеміз. Кітаптың басынан бастап оқығыңыз келсе, «Ақиқат» блогының «Ақша» айдары арқылы кіріңіз, сонда іздегеніңізді табасыз. Алдағы уақытта кітаптың толық нұсқасын электронды түрде оқырманға ұсыну ниетім бар. Блогымыздағы жаңалықтарды жіберіп алмаңыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика