1 782 көрілім

Қазақ «Тарта жесең тай қалады, тоя жесең түйе де қалмайды» дейді. Қасиетті Құранда «Алла ысырапшылдықты ұнатпайды» деген аят бар. Хакім Абай «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпаның білсеңіз» деп бекер мал шашуды, яғни ысырапшылдықты бес дұшпанның бірі деп санайды. Абайдан сәл кейініректеу өмір кешкен паң Нұрмағамбет деген бай қазақтың әкесі Сағынайға берген асы сол кездегі нағыз ысырапшылдықтың керемет үлгісі болғандығы жайында жазушы Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романында жан-жақты жазылады. Сонша ысырыпшылдықты көріп, шыдай алмаған ояздың әйелі: «Осыншама малды текке шашқанша, әкеңіздің басына бір үлкен айшықты кесене орнатсаңыз, тарихта қалар еді ғой» дейді. Оған паң Нұрмағамбет: «қазақ бар байлығын бір рет төгіп-шашып той жасау үшін жинайды» деп шірене жауап береді.

Кредит алып той жасайтын қазақ

Бүгінде өкінішке орай қазақтардың басым көпшілігі ұлы Абайдың ысырапшылдықты бес дұшпанның бірі деп бағалаған өнегелі сөзін емес, керісінше, паң Нұрмағамбеттің «қазақ малын бір рет төгіп-шашып той жасау үшін жинайды» дегенін берік ұстаным етіп алған сыңайлы. Үйлерін кепілге қойып, пәлен пайыз өсіммен, ондаған жылға кредит алып той жасайтын әлемдегі жалғыз халық – қазақ.

Тойда ақшадан шашу шашып, шабылатын да осы қазақ. Өткен жылы Түркияда бұрынғы бір шенеунік қазақ баласының үйлену тойын үлкен мейрамханада өткізіп, онда алтын монеталарды шашу етіп шашқандығы туралы теледидардан хабар көрсетілді.

Бай-бақуатты болудың ең үлкен дұшпаны – ысырапшылдық.

Ысырапшылдық пен байлық от пен су сияқты бір-бірімен ешқашан сиыспайтын қарама-қайшы құбылыстар. Бүгінде байлықтың шыңына жеткен шет елдік алпауыттардың өміріне назар аударып қарасаң, басты қағдат етіп үнемшілдікті ұстанатынын бағамдайсың. Әлемдегі ең бай адамдардың бірі саналатын американдық миллиардер Билл Гейтс үш қабатты шағын ғана үйде өмір сүріп жатыр. Рас, үйінің іші түгелдей компьютермен басқарылатындай етіп автоматтандырылған, яғни, «ақылды үй».

Сол Гейтс осыдан бірнеше жыл бұрын өз әріптестеріне байлығымыздың жартсын қайрымдылық шараларына жұмсайық деп ұран тастап, өзі бас болып, байлығының жартсын қайрымдылыққа сарып қылды. Соған қарап, шіркін, біздің тойда алтын монетадан шашу шашып, сонша ақшасын ысырап қылып жатқан байшыгештеріміздің арасынан «байлығымыздың 20 пайызын кедей-кепшікке берейік» дейтін бір пенде шықса, сіңірі шыққан баспанасыз кедейлердің саны біраз азаяр еді-ау деген арманды ойға берілесің.

Кедейліктен құтылудың сенімді әдісі

Биылғы жылы еліміздегі аузы дуалы үлкен адамдардың бірінің немересі үйленіп, ұлан-ғасыр той жасады. Сол тойға шақырылған шет елдік әншілерге миллиондап ақша төлепті деп жазды Интернетте. Сол тойға шашылған сонша қаржының жартсын Алматы мен Астанада үйсіз-күйсіз қаңғып жүрген жас отбасылары мен көп балалы кедей отбасыларына баспана алуға берсе, қанша адам үйлі болып, біраз проблемалар азаяр еді деген ой келеді.

Хакім Абай ысырапшылдықты бес дұшпанның бірі деп тектен текке айтпаса керек. Кедейшілік деп аталатын адамның еңсесін езіп, ар-намысын аяқ асты ететін, бейшара, қорғансыз күйге түсретін жаман қасиеттің белең алуына ең алдымен осы ысрыпашылдық деп аталатын дұшпанның ықпалы болып тұрғаны даусыз. Қарапайым қисынға салып қарасақ: «егер еліміздегі бір бай он кедейге көмек көсретсе, кедейшілік атаулы түп тамырымен жойылар еді».
Сіз бұған қалай қарайсыз?

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика