63 көрілім

Таяуда интернетте Батыс облыстардың бірінде қайтыс болған адамның үш жастағы баласына әкесінің кредитін банктің жүктегені туралы ақпарат таралды. Соны оқығанда о заманда, бұ заман үш жастағы балаға әкесінің қарызын міндеттеу деген бола ма екен деп таң қалғанымыз рас. Дегенмен де, қазіргі нарық жағдайында банктердің ақша табу үшін небір сойқан жайларға баратынын өмір көрсетуде.

Үйінен және ақшасынан айрылған адам

Биыл жазда тағы да интернетте банкке қомақты сома ақша салып, үлкен көлемде кредит алып үй сатып алған адам ақшасын төлей алмаған кезде банкінің үйін тартып алғандығы жайында видео жарияланды. Әлгі адам үйінен бір айрылып, оған қоса 25-30 миллиондай салған ақшасынан және айрылыпты. Ол аз десеңіз, үйін сот арқылы тартып алған банк оның мойнына қомақты қарыз іліп қойыпты.

Енді қисынға салып ойлап қараңызшы: әлгі кісі 30 миллион теңгедей ақша салып, банктен тағы 20 миллион алып, үлкен үй сатып алады. Бірақ банктің мойнына жүктеген жоғары өсімді кредитін төлей алмағандықтан, банк кепілде тұрған үйін сот арқылы тартып алады. Жә, бұны дұрыс делік. Өйткені, банк 20 миллион теңге несие беріп отыр ғой. Бірақ, ол аз десеңіз, әлгі кісінің салған 30 миллионы және банктің қолында қалады. Тіпті, оны да місе тұтпаған банк сот арқылы несиесін төлей алмады деп әлгі азаматтың мойнына тағы да біраз қарызды іліп қояды.

Банктің бұл әрекетін енді ешқандай да қисынға сыйғызуға болмайды. Ау,  берген 20 миллион несиең үшін кепілге қойған үйді қайтарып алдың, іс сонымен бітуі тиіс емес пе? Үйді сат та, 20 миллион ақшаңды және оған қоса (50 миллионға алған қымбат үйді тым болмаса 40 миллионға сатуға болады ғой) 10-20 жылда кредитордың төлеуі тиіс өсімін ал. Сонымен шаруа бітсін. Ал, кредит алу үшін алғашқы жарна ретінде әлгі азамат салған 30 миллионын өзіне қайтарып бер. Әділдік жолы осы емес пе.

Жоқ. Банк олай жасамаған. Видеодан осы оқиғаға байланысты түсінік берген адвокаттың айтуынша, үйініне де, ақшасынан да айрылған әлгі кісі бастан құлақ садақа деп бәріне қол сілтеп қойыпты. Бірақ, оны місе тұтпаған банк сот арқылы мойнына және қомақты қарыз іліп, соны төлетпек болады.

Банк ең алдымен қалтасын ойлайды

Банк деген бұл ақшадан ақша табатын коммерциялық ұйым. Ол ұйымның негізгі табысы: адамдарға берген несиенің өсімінен және түрлі банк қызметтеріне алатын ақыдан құралады. Оған қоса, банк ақшаны түрлі инвестициялық жобаларға салып, содан да ақша табады және құнды қағаздар нарығында суда жасау арқылы да жақсы табыс табуына болады.

Соңғы қызметті банктің басқарушы компаниясы жүзеге асыруы тиіс. Бұл дамыған шет елдерде жақсы жолға қойылған. Ол елдерде банктердің негізгі табысы басқарушы компанияның түрлі инвестициялық жобаларға қатысуы және құнды қағаздар нарығында сауда жасауы арқылы алынады. Ал, бізде бұл сала өте нашар дамыған да, банктердің негізгі табысы жеке және заңды тұлғаларға берген несиелердің өсімі мен банк қызметінен алынады.

Пәленің бәрі осында сияқты. Шет елдердегі сияқты инвестжобаларға қатысу арқылы күректеп табыс таба алмайтын отандық банктер ұсақ-түйек несиелер беріп, соның екі-үш еселенген өсімі арқылы жан бағады. Мәселен, банктердің азаматтарға беретін депозиттерінің ең жоғары өсімі 12-14 пайыз болса, несие өсімі 25-30 пайызға дейін барады.

Бізде, тіпті банктердің нсиелерін қайтарып берумен айналысатын жеке меншік мекемелер де жұмыс жасайды екен. Олардың бар міндеті банкке несиені қайтармаған адамдардан ақшаны үстіне өсім қосып, қайтарып алу. Ондайлар «шаш ал десе, бас алатын» нағыз әпербақандардың өзі секілді. Банк несие бергенде келісім-шартты өз мүддесін көздеп жасап алады да, шартты дұрыс оқып, назар аудармай ақша аларда қол қоя салатын азаматтар соның салдарын тартып, кейін өкініште қалып жатады.

Түйін: егер ақылыңыз болса, ешқашан банктен 20-30 пайыз өсіммен кредит алмаңыз. Ондай жағдайда ақшаңызды төлей алмаған күнде банк тарапынан жоғарыда айтылғандай неше түрлі ақылға сыйымсыз әрекеттерге жол берілуінің куәсі болуыңыз ғажап емес. Үш жастағы ақыл-есін білмейтін бала өскенде әлдеқашан өліп қалған әкесі алған несиені пәлен пайыз өсіммен төлейтін болады. Бұл біз үшін ақылға сыйымсыз болып көрінгенмен, бәрі де заңды. Өйткені, банк үшін ең бастысы – қайткен күнде де ақшасын жоғалтпай, өсімімен молырақ табыс табу.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика