168 көрілім
Сайтқа ақысын төлеп, мақалаңызды жариялауға мүмкіндік бар. Ақысы келісімді. Тапсырыс беру үшін kalkoz25@mail.ru поштасына немесе 87013001474 телефонына (вадсап бар) хабарласуыңызға болады.

Алла барша әлемді, тіршілік иелерін жаратқанда әрқайссын ешкімге ұқсамайтын етіп, өз ерекшеліктерімен, қайталанбас тұлғалылығымен жаратқан. Ағаштың басында мың жапырақ болса, солардың сыртқы түрі, қиықтары, көлемі егіз тамшыдай ұқсастарын таба алмайсыз. Мың жапырақ мың түрлі. Адам да сол сияқты. Бірақ та, Алла солай жаратқан пенделер жүре келе айналасындағылардың ықпалына түсіп, өзіндік ерекшеліктерінен, бетбейнесінен айрылып қалып жатады.

Зерделі адам үшін ең үлкен қатер өлім емес

Германияны жеңген одақтастар 1946 жылы Нюрнберг қаласында фашистерге арнап үлкен сот ұйымдастырды. Гитлердің партия жұмыстары жөніндегі орынбасары болған Гесстен журналист «өлімнен қорқасыз ба?» деп сұрағанда «жоқ, мен өлімнен емес, өз бетбейнемді жоғалтып алудан қорқамын» деген жауап алады. Басынан бақайына дейін фашистік идеологиямен уланған партия көсемі үшін өлімнен гөрі, өз түсінігінен бас тартудан артық қорқыныш жоқ екен.

Бұл түсінікті қазақтың «малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген мақалымен салыстыруға болады. Өлім адамның тәнін алса, бетбейнесінен айрылған пенде адамдық қадір-қасиетінен жұрдай болып айрылып, тірі өлікке айналмақ. Зерделі жан үшін бұдан өткен қорлық та, бақытсыздық та болмайды. Ал зердесіз пенделерге ол қалыпты жағдай болып көрінеді. Өкініштісі сол, қазір адамдардың 90 пайызы өзіндік бетбейнесінен айрылып, қалың тобырдың бөлшегіне айналған.

Тобырлық сана

Енді мынаған назарыңызды аударып қараңыз: айналадағы адамдардың көбі, тіпті барлығы дерлік өз ақыл-саналарымен емес, қоғамда қалыптасып қалған әдет-салттардың жетегімен күн кешеді. Олардың әрекеттерінің бәріне айнала қоршаған орта үнемі әсерін тигізіп отырады.

Бір танысым алпыс жасқа келген мерейтойын қарызданып-қауғаланып жұрттан қалмайын деп үлкен мейрамханада жүзден астам адамды шақырып өткізді. Мен де сол тұста алпысқа толған едім, бірақ мерейтой жасамадым. Ол бұл әрекетін: туыстар, таныстар бар, олар ұдайы той-томалаққа шақырып жатады, мен жасамасам, ыңғайсыз ғой» деп түсіндірді.

Тағы бір танысым қызын ұзатып, гүрілдетіп той жасады. Ол бұнысын: «тұңғыш қызым, той жасамасам елден ұят, пәленше той жасамады дейді» деп түсіндірді. Кредит алып, қарызға белшесінен батқан ол жұрттан қалмайын деп қаладағы ең үлкен мейрамхананы жалға алып, асып-тасқан той өткізді.

Бұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Ол адамдардың әрекеттерін айнала қоршаған орта еріксіз жасауға мәжбүрлетеді. Тіпті, өзіне ұнамаса да,  мүмкіндігі болмаса да қалыптасқан тобырлық сана солай жасауға еріксіз итермелейді. Олар бұл әрекетін ақтап алу үшін жүз түрлі сылтау айтып, өздерін алдарқатқан болады. Ондайлардың сөйлеген сөзі, күлкісі, киім киісі – бәрі түгел айнала қоршаған адамдардың ықпалымен жүзеге асады. Ондайлар, тіпті өз беттерінше ойлап, әрекет ету қабілетінен жұрдай болып айрылады.

Мына сорақылыққа қараңыз: жетпіске келген кемпір, не шал шолтитып шалбар немесе шолақ дамбал, кепкі киіп алып, қолдарына смартфон ұстап, соған қарап ойнап отырады. Не бөксесі, не төсі жоқ қу таяқ сияқты сыриған арық қыз-келіншектер тап-тар шалбар, фудболка киіп жүреді. Олардың бұнысы сырт қарағанда өте ерсі көрінсе де, жұрттан қалмайын, сәнмен киінейін деген тобырлық сананың  ықпалымен жасалады. Ал қап-қара матамен бет-ауыздарын бүркеп алған әсіре діндар қыз-келіншектер де бұны Алланың разылығы үшін емес, тобырлық сананың ықпалымен, әлдекімдерге еліктеп жасайды.

Сен ешкімге ұқсамайтын жеке тұлғасың

Алла әрбір пендесін ешкімге ұқсамайтын жеке тұлға ретінде жаратқан. Аллаға барша  адамдарды егіз қозыдай ұқсас етіп, завод өнімі сияқты штамповка түрінде жасай салудың еш қиындығы жоқ. Бірақ Алла жеке тұлғалылықты ұнататындықтан, осылай жасады. Тобырлық сана – Алланың жаратылысына, заңдарына қарама-қайшы.

Коммунистік немесе фашистік идеологияны алып қараңыз. Құдайсыздық пен дінсіздікті басты идеология етіп алған олардың түсінігінше барша адам бірдей ойлап, бірдей сөйлеп, бірдей киініп, бірдей әрекет етуі тиіс. Фашистер де, коммунистер де  өздері басқарған елді үлкен казармаға айналдырды. Ақыл-естен жұрдай, басшылары не айтса бастарын шұлғи беретін тобыр қалыптасты.

Егер сіз екі дүниенің де игілігін ойлайтын болсаңыз, онда Алланың заңымен, түсінігімен жүруге тырысыңыз. Ол: ешкімге ұқсамайтын өз тұлғалылығыңызды, бетбейнеңізді сақтау арқылы көрініс береді. Ұлы Абай айтқандай: «көп айтса көнді, жұрт айтса, болды, әдеті надан адамның»  болып, жұрт не істесе, соған еліктеп, қоршаған ортаның ықпалымен ойлап, өмір сүрмеңіз. Олқы болса да, өз ақылыңызбен ойлап жасаңыз. Өзіңізге ұнайтын киімді киіңіз, тіпті ол сәнге жатпаса да. Өзіңізге ұнайтын шаруаны жасаңыз, тіпті ол жұрттың көңілінен шықпаса да.

Мына ақиқатқа назар аударыңыз: Тарихты жасайтын ешкімге ұқсамайтын, өз ақылымен әрекет ететін жеке тұлғалар. Ал тобырлық сананың ықпалында жүргендер ешқашан, ешқандай өзгеріс, прогресс әкелмек емес. Олар хайуанның деңгейінде әрекет етеді және санасы да сол деңгейден көтерілмей мәңгі қалып қояды.  

Қазақ тілінде кез-келген тақырыпта мақала жазуға, мәтінді орыс тілінен қазақшаға аударуға, өз атынан кез-келген тақырыпта кітап жаздыруға тапсырыс беруге болады. Ақысы келісімді. 8-701-3001474 телефонына немесе вадсапқа хабарласыңыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика