1 162 көрілім

тәубеБолашаққа деген ынта, құлшыныс болмаса, сіз алға қарай бір қадам да жасай алмайсыз. Бұндай адамдардың бойын бойкүйездік пен жалқаулық билеп, ештеңеге құлқы болмайды. Қазір, тіпті жап жас қыз-жігіттердің арасында өмірге деген құштарлығы мен болашаққа деген құлшыныстарын жоғалтып алған, құлықсыз жандар көп кездеседі. Жастар арасында белең алған суицид деген дерттің негізгі себебі де осында болса керек.

Ынта болса, бәрі болады

Бір ғұламаның айтқан «егер ынта болса, ойыңа алған мақсатыңды жүзеге асыратын жүз түрлі жол табылады, ал ынта болмаса, ойыңа алған мақсатыңнан бас тартқызатын жүз түрлі сылтау табылады» деген сөзі бар. Яғни, мақсатқа жеткізер басты кілт – ынта-ықыласта десек, артық айтқандық емес.

Бірақ ынта-ықылас, ынталану деген өздігінен келе салатын қасиет емес. Мұның бәрі Алланың қуаттары. Бүгінгі ғарыштық шапшаңдықпен дамып бара жатқан ғылымнан өкінішке орай, ынта-ықылас деген не, ол қалай пайда болады деген сауалға жауап таба алмайсыз.
Мен таяуда Василий Тушкин деген орыстың теолог ғалымының лекциялар жинағын оқыдым.

Кітаптан бұрын ұшыраспаған көптеген құнды мәліметтер таптым. Соның бірі – адамның бойындағы ынталану қасиетін арттыру жайы. Оның айтуынша, ынталануды арттыратын бірқатар факторлар бар. Солардың ең бастысы — діни шарттарды мүлтіксіз орындау. Шариғат жолымен жүретін адамның бойында құлшыныс пен ынта қуаты пайда болып, көбейе бермек.

Қарапайым адам қалай ынталанады

Бүгінгідей дін мен мемлекетті бөлек қарастыратын зайырлы қоғамда өмір кешкен қарапайым пенделердің бәрін таяқтап отырып шариғат жолына салуға болмайды. Демократиялық қоғамның талаптары бұған рұқсат етпейді және Жаратқанның өзі де адамдарға таңдау еркін берген. Сондықтан әр пенде өз қалауымен өмір сүруге құқылы.

Осы арада қарапайым адамдар үшін болашаққа ынталандыратын қолжетімді негізгі 5 фактор туралы айта кеткіміз келеді. Оны пайдалану арқылы сіздің бойыңызда ертеңгі күнге деген ынта-ықылас пен құлшыныс пайда болып, сол арқылы ойлаған мақсаттарыңызға жол ашылмақ.

1 негіз – мансап баспалдағымен алға жылжу

Қазіргі қоғамда өмір сүретін адамдардың көбі лауазымды қызметке қол жеткізуді армандайды. Бұрын қатардағы жәй қызметкердің бірі болған және басшылардан үнемі ұрыс естіп жүретін, міндетін нашар орындайтын бір танысым басшы болып еді, қоқырайып шыға келді. Ол жұмысқа ерте келіп, кеш қайтады, қарамағындағыларға ұрсып, ақыл айтуға құмар. Бір сөзбен айтқанда, кресло әлгінің мінез-құлқын түгел өзгертті. Ол енді өте белсенді, қызба, өзіне сенімді адамға айналды. Бұл әдіс – өте жақсы жұмыс істейді.

2 негіз – ақша

Жалақысы жоғары қызмет істейтіндер өздерін өте жақсы сезініп, жұмыстан бар күш-жігерін аямайды. Өйткені, ақша адамның ертеңгі күнге деген сенімін арттырады, ақшаң болса қалағаныңды ала аласың. Ақша үшін қыстың қақаған суығында базарда далада күнұзақ тұратындарды көріп жүреміз. Оларды бұндай бейнетке итермелейтін, яғни ынталандыратын күш – ақша екені анық.
Болашаққа ынталандыратын бұл екі тәсілдің екеуі де өте жақсы жұмыс жасайды және адам санасына қатты әсерін тигізеді. Дегенмен, мына жайды естен шығармау қажет: мансапқа, ақшаға бар ақыл-ойыңызбен беріліп, басқаны (отбасын, туыстар мен дос-жаранды) естен шығаруға болмайды. Бұндай жағдайда сіз бәрінен айрылып, түптің түбінде үлкен өкініште қалатын боласыз.

3 негіз – өзін өзі дамыту

Өзіндік даму деген қазір жеке бір ғылымның саласына айналып барады. Онымен айналысатындар қатары жыл санап өсе түсуде. Өйткені, өзін өзі дамыту арқылы адам үлкен жетістіктерге жете алады. Болашаққа ынталанудың тамаша бір тәсілі – өзіңіз сүйетін, яғни хобби деп санайтын істі кәсіби мамандығыңызға айналдыру. Мәселен, сіз автокөлікпен жүргенді жақсы көрсеңіз, жүргізуші немесе таксист болыңыз, ал ас пісіргенді ұнатсаңыз – аспазшы болуыңыз қажет. Бұндай іспен айналысу сізді еш қажытпайды да, жалықтырмайды, керісінше қанағат сезімін аласыз.

4 негіз – өзіңізге жоғары баға беру арқылы қиындықтарды жеңу

Егер сізге жұмысыңыз ұнамаса, алатын жалақыңыз көңіліңізден шықпаса, тұрмысыңызға көңіліңіз толмаса, онда болашаққа ынталанып, толыққанды өмір сүру үшін өзіңізді пайдалы істермен анйалысуға еріксіз мәжбүрлеу қажет болады. Ол үшін ерік-жігер күші керек. Ондай күш – ынталану арқылы келетіні белгілі. Ал ынталану үшін сіз өзіңізге адам ретінде жоғары баға беріп, өзіңізді көтеруіге тиіссіз. Мысалы былайша: менің қолымнан бәрі келеді, бойымда қабілет, білім бар, соны пайдаланып кез келген мақсатыма жете аламын деген сияқты. Жалқаулыққа, бойкүйездікке бой алдырған адамдардың бәрі өкінішке орай, өздерін сыйламайтын, қолымнан түк келмейді деп қатардан шығарып тастағандар.

5 негіз – болашақтың қамын ойлау

Болашақта қаржылық жағынан тәуелсіз болып, бақуатты өмір сүру үшін ақшаңыздың бір бөлігін үнемі инвестициялап отырсаңыз, бұл сіздің ертеңгі күнге деген құлшынысыңызды арттырады.
Міне, осы аталған болашаққа ынталанудың 5 қарапайым тәсілінің қалағанын, қолыңыздан келетінін, мүмкіндігіңіз жететінін таңдап алып, іске асырып көріңіз. Пайдаңызға жарап, өміріңіз өзгеріп жатса, бұған біз де қуанамыз.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика