1 069 көрілім

арманБүгінгі күні бір пайдалы іс істесеңіз, ол ертеңгі күні алдыңыздан игілік түрінде шығады. Яғни, сіз болашағыңызды бүгін жасайсыз. Егер уақытыңызды пайдалы іс жасамай бос өткізсеңіз, ертеңгі күніңізде алдыңыздан түрлі қиындықтар ұшыраспақ.
Сондықтан әр күніңізді пайдалы шаруаларды жүзеге асыруға арнаңыз. Осылайша сіз өзіңіздің жарқын болашағыңызды өз қолыңызбен жасайсыз.

Уақытын босқа өткізетіндердің жайы.

Адамдардың көбінің алтын уақыттарын өздеріне еш пайда әкелмейтін бостекі істермен өткізіп жататыны шындық. Жасы жетпістен асқан ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-шөбере көріп отырған зейнеткер ақсақалдың күнұзақ аулада карта ойнайтынын көремін.
Жұмыс істемейтін ақсақалдың таза ауада уақыт өткізіп карта ойнайтындығында тұрған не бар деуге болады.

Бірақ төрінен көрі жуық дейтін жасқа келген қарияның о дүние туралы ойламай, уақытын босқа өткізуі ақылды адамның ісі деуге болмас. «Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла» деген нақыл бар. Бес уақыт намазын оқып, жасаған күнәлары үшін Алладан кешірім тілеп, сауап жинаудың орнынан карта ойнап, уақыт өткізетін ақсақалдың Құранда жазылғандай, қияметтің сотына тартылғанда «маған қайта қайтатын жағдай болса, имандылардан болар едім» деп өкінушілердің қатарында болары анық.

О дүние түгілі, осы дүниенің жайын ойлап, бас ауыртпай, уақыттарын пайдасыз іспен текке өткізетіндер де жетерлік. Мен тұратын үйдің жанында жекешелендірілген жатақхана бар. Сонда тұратын қол-аяқтары балғадай ер азаматтар қысы-жазы есік алдында темекі тартып, арақ ішіп отыратынын көремін. Олар қасынан өткендерден темекі сұрап, мезі қылады. Әлгілердің бас жазуға ұсақ бер деп талай алақан жайғанын көрдім.

Ал енді арақтан ауыздары құрғамайтын, жұмыс істемейтін бұл азаматтар отбастарын қалай асырайды? Ондайлардан қоғамға, елге қандай пайда? Ешқандай. Олар жұмыс жасамайтындықтан, салық төлемейді, әйелдеріне масыл болып, айналасындағылардың да тынышын алады.

Күнде өзіңе есеп беруді әдетке айналдыр.

Болашағым жарқын, өмір жолым ашық болсын десеңіз, күн сайын ертеңгі күніңіз үшін пайдалы іс жасауды әдетке айналдырыңыз. Ол үшін блогымызда бағдар етіп ұстанған төрт бағыт бойынша мақсатты істер атқаруға тырысыңыз.

Ол төрт бағыт: физикалық жағынан, яғни салауаттылықты ұстанып, дене шынықтырумен айналысу, денсаулықты нығайту; эмоциялық бағдар – жаныңыз сүйген іспен айналысып, тұрмыс жағдайыңызды түзеу, айналаңыздағы адамдармен жақсы қарым-қатынас жасау; интеллектуалдық бағдар – біліміңізді әрдайым жетілдіруге көңіл бөле отырып, түрлі мамандықтарды игеру; рухани даму – имандылыққа жүзіңізді бұрып, діни парыздарыңызды орындау, сауапты істер жасау.

Бұл аталған шаруаларды жасау үшін күн сайын кешкілік «бүгін қандай пайдалы іс атқардым» деп өзіңізге өзіңіз есеп беруді әдетке айналдырыңыз. Сонда сіз аталмыш төрт бағытпен алға басуға, өмір жолыңызды ашып, мақсат биіктеріне көтерілуге мүмкіндік аласыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика