192 көрілім

сурет1Адамның хайуаннан артықшылығы – қарны тойғанға мәз болып, бүгінгі күннің өлшемімен ғана өмір сүрмей, өткенді еске алып, болашақты бағдарлай білетіндігінде болса керек. Дегенмен, адамдардың бәрінде сондай қасиет бар деп айтуға болмас, көп пенделер хайуанша тірлік кешеді, яғни қарны тойғанға қанағат тұтып, қазіргі жайын ғана ойлап, болашағын қаперден шығарады.

Мамандығыңыздың болашағы бар ма?

Елбасының өткен жылғы халыққа арнаған жолдауында қазіргі қолданыстағы мамандықтардың жартсы енді бес-он жылда жоғалып кетеді деген болжамды ой айтты. Әлем елдерін аралап, дамудың қазіргісі мен өткенін елеп-екшеп, болашағына ой жүгіртіп жүретін саясаткердің бұл сөзінің астарында үлкен шындық бар.

Қазіргі ғарыштық жылдамдықпен дамып бара жатқан заманда бүгін өзіміз қалап, жоғары жалақы төлейді деп жүрген мамандығымыздың ертең бес-он жылдан кейін түкке жаарғысыз болып қалуы әбден мүмкін. Мен 2004 жылы Астанада облыстық басылымда істеп жүрген кезімде республикалық «Заң газетіне» шақырылып, Астанадағы тілші болып орналастым. Ұдайы байланыста болу үшін маған ұялы телефон алу қажет болды. Ол ұялы телефон енді шығып, халық арасына тез таралып келе жатқан шақ еді. Жаңа телефонды қалай пайдалануды білмей, біраз қиналғаным есімде. Ал енді сол кезде қымбат және мықты телефон саналғандар қазір түкке алғысыз болып қалды. Кейінірек шығып жатқан смартфондардың өзі жыл сайын жаңарып, бірер жылда алғаның ескіріп қалып жатады.

Ғылым мен техниканың осылай шапшаң дамуы бүгінгі қолданыстағы мамандықтардың көбінің күні ертең қажетсіз болып қалуын тудыратыны анық. Мәселен, БАҚ саласында істейтін мен енді бес-он жылда баспахана мамандықтарының қажетсіз болып қалатындығын жақсы білемін. Қазіргі интернеттің дамуы болашақта қағаз газет-жорналдарды, кітаптарды ығыстырып шығаратыны сөзсіз. Ал ол кезде баспахана қызметі де мүлдем жоғалмаса да, сұраныс азайып, керексіз мамандықтардың біріне айналмақ.

Сондықтан, әр адам осы бастан, өзінің бүгінгі мамандығының бес-он жылдан кейін қаншалықты қажеттілігі болады деген сауалға жауап іздеп көргені жөн. Ертең далада қалмай, қоғамның толыққанды мүшесі болып жүремін десеңіз, осы мәселеге бүгін жақсылап ақыл тұрғысынан зер салғаныңыз дұрыс болады.

Қандай мамандықтардың болашағы бар?

Ешқашанда жойылмайтын, әр заманда сұраныс болған аспаз, мұғалім, дәрігер, заңгер сияқты мамандықтар ешқашан жойылмайтыны анық. Сонымен бірге, қазіргі күні жаңа пайда болып, еңбек нарығында үлкен сұраныс тудырып отырған IT технология саласындағы мамандықтар, яғни компьютерлік бағдарламашы, сайт жасаушы, смс менеджер, жарнамалық менеджер сияқты мамандықтар да уақыт талабына төтеп беретіні даусыз.

Өткен жылдың соңында Астанада сайт редакторларының форумы өтті. Сонда осы саланың сүйегін шағып, майын ішкен жас мамандар өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Осы басқосудан аңғарғаным, қағаз газет-жорналдардың жойылып, сайт пен әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратылатын уақыт жақын сияқты. Сайт тек ақпарат тарату құралы ғана емес, сайт арқылы түрлі тауарларды сататын интернет-дүкендер ашуға, өз бизнесіңді жүргізуге болады. Бүгінде алдыңғы қатарлы шет елдердегі үлкен компаниялардың бәрі дерлік өз бизнестерін интернетке көшірді. Оның көптеген артықшылықтары бар. Егер сіз бір өнім өндірсеңіз, оны тек сол өзіңіз тұрған аумаққа ғана шығара аласыз. Ал интернетке енгізсеңіз, онда барша әлемге таралады. Интернет осы қарқынмен дами берсе, болашақта телевидениені де ығыстырып, ақпарат кеңістігінің жалғыз қожайынына айналары анық.

Бұдан не түйіндеуге болады? Егер сіз ертеңгі болашағыңызға немқұрайды қарай алмайтын болсаңыз, онда осы бастан болашақта жойылмайтын, еңбек нарығында сұранысын жоғалтпайтын мамандық таңдаңыз. Қажет болса, қазіргі мамандығыңызды өзгертіңіз. Әйтпеген жағдайда, болашақта қажетсіз заттай қоғамнан тыс қаларыңыз анық. Ол кезде сізге бәсекелестік қатты қарқын алған ортада жаңа мамандық алып, оны игеру де қиынға соқпақ. Міне, осы үшін де болашақты бағамдап, заман қайда, қалай дамып барады деген мәселеге жиі ой жүгіртіп отырғаныңыз жөн болады.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика