625 көрілім

арақБелгілі мекен-жайы жоқ БОМЖ деп аталатын адамдар сонау кеңес заманында да болатын. Дегенмен, ол кезде ондайлар онша көп емес-ті. Ал соңғы жылдарда қаңғыбастыққа салынғандардың қатары қалыңдап, жыл өткен сайын көбейіп бара жатқаны байқалады. Облыс орталықтарын былай қойғанда, іргелі елді мекендердің бәрінде БОМЖ дегендер жетіп артылады.

Адам БОМЖ болып тумайды, дегенмен өмірдің түрлі соқпақ-сүрлеулері пенделерді еріксіз әр тарапқа бастап, шарықтатып шыңға  шығарады немесе құлдыратып құрдымға  құлатады. Әрине, шыңға шығатындар аз, керісінше құрдымға құлайтындар баршылық. Адамның үй-күйі жоқ қаңғыбастыққа салынуының себебі әртүрлі десек те, ең басты және негізгі себебі – маскүнемдік екендігі кім-кімге де белгілі. Бет-ауыздары көлкілдеп ісінген, аузы-басы арақ сасыған, шоқпыт киінген мұндайлардан өзін сыйлайтын адамдар аулақ жүруге тырысады. Санда бар, санатта жоқ, қоғам үшін пайдалы еңбек етпейтін, салық төлемейтін, құлқынның құлына айналса да, олар да адам және еліміздің азаматтары. Осыған орай, мемлекет адам бейнесінен айрылыңқырап қалған осы топты да естен шығармай, қолдан келгенше көмек қолын созып отырады.

Жылу құбырын мекен еткен Сергей

Таяуда Ақмола облыстық ішкі істер департаменті журналистермен баспасөз саяхат ұйымдастырды. Бұл жолғы баспасөз саяхатының нысаны – БОМЖ деп аталатын әлеуметтік топтың жай-жағдайымен танысу болды. Полиция қызметкерлерінің жол көрсетуімен жолға шыққан журналистер үшін анда-санда көшеде кездескені болмаса, жан дүниелеріне үңіліп көрмеген қаңғыбастыққа салынған пенделердің тірлік-тынысы мүлдем бейтаныс десе болғандай.

БОМЖ-ды табу еш қиындыққа түспеді. Жолбастаушы полиция қызметкері орталықтағы көп қабатты үйдің сыртында жылу құбырының үстінде күн әлдеқашан шығып, уақыт түске таяп қалғанына қарамастан тәтті ұйқыға берілген елуді еңсерген жүдеу өңді еуропалық нәсілді ер адамды оятты. Бет-аузы көлкілдеп ісініп кеткен ол өзіне жан-жақтан қадалған көздерден еш қымсынбай, басын көтеріп отырды. Қыстың қытымыр аязында жылу құбырының үстінде ескі қызыл көрпе жамылып ұйықтаған оның үйі де, жайы да осы жер тәрізді. Айналасында босаған бірнеше бөтелке жатыр. Салафан қалтада қатып қалған нан көрінеді.

Өзін Сергей деп таныстырған ол журналистердің сауалдарына еш қысылып-қымтырылмай ақтарыла жауап берді. Туып-өскен жері – осы Көкше өңірі екен. Айрылысып кеткен алғашқы әйелі қазір Шағалалы селосында тұрады. Бұл кеткенде алты жастағы ұлы ендігі ержетіп, үлкен азамат болған сияқты. Сергей олармен мүлдем араласпайды. Ал екінші әйелі Германияға кеткен. Бұның кете алмауына құжаттарының дұрыс болмауы себеп болыпты. Сергей еңбек еткен КДА зауыты әлдеқашан жабылған. Жұмыссыз қалған ол Бестөбеге барып, шахтаға түсіп те көріпті. Дегенмен, тұрақты жұмыс табылмаған. Содан кейін келе араққа салынып, оның ақыры жылу құбырындағы тірлікке жеткізген.

Қаңғыбастардың ордасы

54 жастағы Марат есімді азаматтың жағдайы басқа әріптестерінен сәл бөлектеу болып шықты. Оның жақсы-жаман болсын бір бөлмелі пәтері бар. Бірақ пәтер деген аты болмаса, үйдің ішінде кіргенде қолқаны атқан жаман иіс пен темекі түтініне ысталған, түсі әлдеқашан оңып кектен жапсырма қағаз, ескі орындық пен үстел, темір керуеттен басқа көзге ілінер жиһаз жоқ. Марат есімді азамат жас кезінен бастап араққа салынып, қылмысқа ден қойыпты. Содан сотталып, біраз жылын тар қапаста өткізген.  Өзін-өзі күтпеуден, арақтан түрлі ауруға шалдығып, ақырсында аяғынан айрылыпты. Қазір екінші топтағы мүгедек. Өздігінен жүріп-тұра алмайды. Бұл азаматтың баспанасы барлығы – басқаларға пәле болып жабысқан сияқты. Оның пәтері БОМЖ-дардың бас қосатын ордасына айналған. Күндіз-түні арақ ішіп, улап-шулап, кейде жаға жыртысып төбелесіп жататын қаңғыбастардың әрекетінен мезі болған көршілері талай рет полицияға да шағымданыпты. Бірақ  одан еш нәтиже болмаған. Күтусіз үйден шыққан жаман иіс бүкіл подьезге жайылып, осында өсіп-өнген тарақан мен көртышқандар көршілерді де жайлап алған. Қазір көршілер қаңғыбастардан құтылу үшін сыртқы есікке домофон орнатыпты. Бірақ сонда да мұнда ағылған қаңғыбастар легі азаймай отырғанға ұқсайды.

Марат есімді азаматтың пәтерінде бет-ауыздары көлкілдеген арақ ішкен екі еркек пен бір әйел отыр. Олар полициядан да, журналистерден де айылдарын жимады. Үйдің іші темекінің көк түтініне толған.  Мүгедектер арбасына таңылған үй иесінің сөздерінен өмірін өзгертуге еш ниетінің жоқтығы аңғарылады.

БОМЖ-ға баспана болған қабылдау-тарату мекемесі

Көкшетаудың қабылдау-тарату мекемесі қаладағы қаңғыбастардың баспаналар жалғыз мекені десе болады. Қыстың қақаған аяздарында жандары қысылған БОМЖ-дар осында келіп паналайды екен. 54 орындық мекемеде қыста 90-100-ге дейін адам болады. Олардың отызға жуығы әйелдер. Бүгінгі күні мұнда тұрғылықты мекен-жайы жоқ 37 адам тұрып жатыр. Мекеменің бастығы Қайыргелді Баймағамбетовтың айтуынша, қалада 90-100-дің мөлшерінде қаңғыбас бар. Бұл мекеме оларды қыстың қытымыр аязынан қорғап, ашыққанда тамақ, баспана беретін жалғыз орын. Мекемеде тұрақты мекен-жайы, құжаты жоқ адамдардың 30 тәулік тұруына болады. Осы кезең ішінде мекеме қызметкерлері қаңғыбастыққа салынғандардың аш қарынын тойдырып, жылы баспана беріп қана қоймай, құжаттарын дайындап, жұмысқа орналасуларына да жағдай жасайды. Мамандығы жоқ адамдарды әлеуеметтік бағдарлама аясында оқытуға  насихаттайды. Обалы не, еңбекпен қамту орталығы бұлардың ұсынысын жерге тастамай, әрдайым қолдан келгенше көмек қолын созады.

Бірақ, өкінішке орай, қаңғыбастыққа салынғандардың өз кінәларынан бұлардың жасаған жұмыстарының бәрі зая кетіп жатады. Бұлар жіберген адамдардың көбі тауып берген жұмысын бірер апта істеген соң арақ ішіп, қайта қаңғыбастыққа салынады. Адал еңбек етіп, арағын тастауға тырысатындар аз екен. Қаңғыбастықты кәсіп еткендердің арасында кімдер жоқ дейсіз. Жоғарғы білімді мамандар, он саусағынан өнер тамған шеберлер, тіпті кәсіби ұшқыш та бар болып шықты. Ресейде туып-өскен Владислав есімді қырықтың қырқасындағы азамат жоғары әскери училищені бітіріп, әскери бөлімде ұшқыш болып қызмет атқарыпты. Бірақ араққа шектен тыс құмарлығының кесірінен қызметінен айрылған. Содан тағдыр тәлкегімен Қазақстанға келіп, күнкөрістік жұмыс жасаған. Дегенмен араққа салынған ол  құжаттарынан айрылып, қаңғыбас атанған. Әйелі бүгінде Санкт-Петербіргте тұрады. Мекеме бастығы оның туыстарына хат жазғандарын, көп ұзамай оны алып кететінін айтты.

-Өткен жылы бізге түскен бір адамның туыстарын табуға жәрдемдестік, -дейді Қайыргелді Сілетұлы. –Он сегіз жыл бойы іздестірген ұлын анасы Новосібірден келіп, алып кетті.

Қабылдау-тарату мекемесін паналағандардың көпшілігі мүгедектер. Жастарына жетпей мүгедек болуына да сол қу арақтың әсері тигендігі байқалады. Өмір бойы арақ ішіп, көп жыл өмірін түзеу мекемесінде өткізген Анна есімді 71 жастағы кемпір жүріп-тұрудан қалып, төсекке таңылған. Оның құжаттары қазір дайындалып жатқан көрінеді. Құжаттары дайындалған соң әлеуметтік мекемеге, яғни қарттар үйіне орналастырылатын болады.

Көкшетауды мекен еткен БОМЖ-дардың орташа жасы 40-45 мөлшерінде. Яғни, жұмыс істеп, қоғам үшін пайдалы еңбек ететін жастағылар. Бірақ, қаңғыбастыққа салынып, пайдалы еңбектен қол үзген олардың арасында қателерін ұғынып, түзу жолға түсетіндері некен-саяқ сияқты. Көпшілігі денсаулықтарын мүлдем күтпейтіндіктен, жастарына жетпей қартайып, түрлі дерттерге шалдығады, ақырсында жертөледе немесе жылу құбырының жанында дүниеден өтіп жатады.

Қаңғыбастарға баспана болатын – қабылдау тарату мекемесін ұстауға мемлекет қоржынынан жылына 45 миллион теңге қаржы бөлінеді екен. Мұнда БОМЖ үш мезгіл ыстық тамақ ішіп, тегін жайлы төсек алады. Бір ай уақыты бітіп, құжат алып немесе мекеме басшылығының көмегімен жұмысқа орналасқандары  көп ұзамай бәрін тастап, қайтадан қаңғыбастыққа салынады…

«Жақсы болмақ мың күнде, жаман болмақ бір күнде» дейді қазақ. Қаңғыбастардың арасында бір кезде жақсы жұмыс жасап, отбасылы болғандары аз емес, дегенмен, өмір жолында кездескен қиындықтарға шыдамай, жұбанышты арақтан іздеп, осындай күйге жеткен. «Өмір – күрес» дегенді қандай ғұламаның айтқаны есімде жоқ, бірақ сол күресте ерік-жігері мол мықтылар ғана жеңіске жетіп, әлжуаздар құрдымға құлап жататынын қай-қайсымыз да көріп, естіп жүреміз. Өміріңнің соңына дейін еңсеңді түсірмей, бойыңды тік ұстап өткенге не жетсін, шіркін…

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика