50 көрілім

Бастарына сәлде тағып, шапан киіп, өздерін нағыз мұсылманбыз деп жүретін кейбіреулермен тілдесе қалсаңыз, тек ислам діні ғана таза, басқа діндердің бәрі бұзылған және оны ұстаған адамдар кәпір болып, тозаққа түседі деген пікірді естисіз. Әлем халықтары негізінен 5 дәстүрлі дінді ұстанса, ислам дінін ұстанатындар саны 1,5 миллиард қана екен.

Пікір айтпас бұрын, алдымен сол мәселені дұрыс түсініп ал

Ислам діні ғана таза, басқа діндердің бәрі бұрмаланып, теріс жолға түсіп кеткен дейтіндердің бәрі дерлік сол діндер туралы мүлдем ештеңе білмейді және ол діндердің қасиетті кітаптарын да оқымаған. Бір нәрсе туралы пікір айту үшін алдымен сол мәселе жайында жан-жақты оқып, зерделеп алған жөн болады.

Қазір әлем халықтарының  2 миллиардтан астамы христиан дінін, 1 миллиардтайы буддашы, 1 миллиардқа жуығы индуизм дінін ұстанады екен. Фанатизм деген дертпен ауыратын мұсылманның пікірінше, сол өзге діндерді ұстанып жүрген милиардтаған адамдардың бәрі кәпір және тозақтың отыны сияқты. Бұны енді қазақтың «білмеген у ішеді» деген сөзінің нақты айғағы демеске лажың жоқ.

Индустардың киноларын көретін ағайын олардың қаншалықты дінге берік екендігін және өз діндерін өте қатты сыйлайтындықтарын жақсы біледі. Жексембі болса бала-шағасымен шіркеуге баратын христиандар да баршылық. Ал дүниені тәркі қылып, тау ішіндегі үңгірлерде жылдар бойы шөппен қоректеніп, ақиқатты іздейтін буддашы монахтар қазір де аз емес.

Миларепа – ақиқатты таныған әулие

11-ші ғасырда Тибетте өмір кешкен Миларепа деген буддашы әулие жайында сақталып қалған жазба деректер өте көп. Миларепаның өмірбаянынан бастап, ол жазған афоризмдер мен өзі ұстанған діни бағыт туралы еңбектері әлі күнге дейін жақсы сақталған. Бұл елде ежелден жазба әдебиеті қалыптасқандықтан, қазақтардағы сияқты ауызша айтылатын аңыз әңгімелер емес, жазба деректер сақталған.

Тибеттегі бір княздықтың аумағында бақуатты саудагердің отбасында туған Миларепа 7 жасқа келгенде әкесі қайтыс болады. Әкесі бар мүлкін ұлына мұра етіп қалдырып, әйелінің ағасы мен апасына байлығына бас-көз болуды тапсырады. Дүниеқоңыз бұл туыстары жетім бала мен жесір әйелдің бар мүлкін арсыздықпен өздері иемденіп алып, оларды жалшылыққа жегеді.

Осылайша, жастайынан қиындық көріп өскен Миларепа анасының айтуымен туыстарынан кек алу үшін сыйқыршылық оқуға барады. Сөйтіп, сыйқыршылықты меңгерген ол байлықтарын иемденіп алған туыстарын бала-шағаларымен бір түнде өлтіреді. Бірақ, кейін осы ісіне өкініп, енді бостандық әперетін, күнадан тазартатын нағыз ақиқи ілімді іздейді.

Сөйтіп, бозбала шағында Марпа есімді ғұлама ұстазға шәкірт болады. Оның күнәсін тазарту үшін Марпа ұстазы түрлі ауыр сынақтардан өткізеді. Ақырсында  көп қиындықтар көре жүріп, күнәсінен тазарған Миларепа дүниені тәркі етіп, ақиқатты іздейді. Ол таудағы үңгірде шөппен, бұлақ суымен қоректене жүріп, күндіз-түні медитациямен, яғни ақыл-ойын шоғырлаумен айналысады.

Ұзақ жылдар осылай медитациямен айналыса жүріп, ол ақырсында әулиелік деңгейге жетеді, ақиқатты таныйды. Оның бойында көкке көтеріліп, ұшатын, түрлі тылсым таңғажайыптар жасайтын әулиелік қасиет пайда болады. Ол сол қасиеттерін пайдаланып, адамдарды ақиқат жолына салады. Өле-өлгенше дүние, байлыққа, мансапқа қызықпай, дін жолымен жүріп өтеді.

Миларепаның соңында біраз кітаптары, ақиқатқа жетуге арналған қысқа сөздерден құралан афоризмдері және ол туралы шәкірттері жазған таңғажайып жайлар жөніндегі кітаптар қалған. Будда діні пұтқа табынушылық дейтіндер осы дінді ұстана жүріп, сондай әулиелік тылсым қасиетке ие болған Миларепа сияқты ғұламалар туралы біле ме екен?…

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика