Архив рубрики «Білім»

Байлану

Адамды ұдайы қорқыныш құрсауында ұстайтын қорқыныш сезімінің қайнар көздерінің бірі – байлану. Байлану деген не? Адам тірлігінде отбасына, дос-жарандары мен туған туыстарына, өзі мекен еткен жерге, үйі мен мал-мүлкіне, атақ-мансапқа, байлыққа және басқа да осындай нәрселерге әбден бауыр басады. Тіпті, ол өзі бауыр басқан нысандарсыз өмір сүре алмайтындай күйге түседі. Міне, байлану дегеніміз осы. Яғни, бала-шағасына, үй-жайы мен туған туыстарына, ауылы мен туып өскен жеріне, қызметіне, жинаған мал-мүлкіне байланып, оған әбден бауыр басу арқылы ол өзін сол қоршаған осынау рахаттану нысандарынсыз өмір сүре алмайтындай сезінеді. Солардан айрылып қалармын-ау деген ойдан зәре-құты қалмай қорқып, үнемі үрей құшағында жүреді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, дәулетті адамдардың үйлерін биік қоршаумен қоршап, күзетші ұстайтындықтары, лауазымды қызметкерлердің өзінен жоғары адамдарға жағымпазданып, қалай көңілін табамын деп әуреге түсетіндігі, ата-ананың баласы сәл кешіксе-ақ мазасы кетіп, уайымдай бастайтындығы – осылардың бәрі де байлану арқылы келетін үрей мен қорқыныш сезімдері екендігі анық.

Байланудың адамға әкелетін қуаныш-бақыт сезімдеріне қарағанда үрей мен қорқынышы, уайым-қайғысы әлдеқайда көп болатындығын қай-қайссымыз да өмірден көріп, естіп жүреміз. Бірақ, соған онша мән бере қоймаймыз. Өйткені, біз байлану деген адамның кәдімгі табиғи және ажырамас болмысы деп жаңсақ түсінеміз. Тәтті жар, тәтті бала, тәтті дүние-мүлік, тәтті атақ-мансап – бұлардың бәрін біз өмірлік қажеттіліктер, Жаратушының о баста адамның игілігі үшін мәңгілік берген сыйы деп қабылдаймыз. Сондықтан, өмірдің мәні де осындай көп «тәттілерді» мелдектей татып, сондай «тәттілермен» өзімізді айналдыра қоршап қою деп ойлаймыз. Шындығында, әлгіндей «тәттілердің» бізге берер рахатынан гөрі, тартқызар азабы мен тауқыметінің көп екендігін, сол «тәттілерсіз»-ақ өмір сүруге боатындығын  онша сезінбей жататынымыз өкінішті.

Прочитать остальную часть записи »

Қаржылық білім – өмірлік қажеттілік

Кеңес заманында  адамдардың көбі «байлық – мұрат емес, кедейлік – ұят емес» деген қағидамен өмір сүрді. 1990-шы жылдары нарыққа көшкеннен  кейін заман талабы да, адамдардың көзқарасы да күрт өзгерді. Қазір адамдардың көпшілігі байлықты өмірдің  басты мұраты деп санайды. Өйткені қазір кеңес заманында тегін берілетін баспана, білім мен денсаулық қызметі – бәрі де ақылы. Ақшаға қалағаныңның бәрін де сатып алуға болады.  Осыған орай, ақшаның қадірі артып, байлыққа деген адамдардың қызығушылығы да күшейе түсті.

Ғасырлар бойы нарықтық, яғни капиталистік қоғамда өмір кешіп келе жатқан Батыс елдерінің халқы қаржылық білімге үлкен көңіл бөледі және ертеңгі күніне бей-жай қарамайтын әрбір адам  өзінің  табысы мен шығынын қатаң есептеп, бақылап отырады. Яғни, әр  отбасының өз бюджеті болады. Онда жалпы табыс пен шығындар есепке алынып, ертеңгі күні қиын жағдай бола қалғанда қажетті  біздің еліміздегі Ұлттық қор сияқты «қаржылық жастық» жасалады. Батыс елдерінің тұрғындары әрбір тиынын үнемді пайдалануға, басы артық шығынға жол бермеуге, ақшаларын сақтап, көбейтуге, яғни инвестициялауға жете мән береді. Олардың бақуатты өмір сүруінің басты себебі де осы сауатты  қаржылық  әрекеттерді пайдалануында болса керек.

Қазақ көшпенді феодалдық қоғамнан бірден социалистік қоғамға өтіп, ақша санауды, оны үнемдеуді үйренбей өмір кешті. Енді нарыққа көшкеннен кейін де сол  ертеден қанға сіңіп қалған ескі әдетпен ысырапшылдықтан арыла алмай келеміз.  Соңғы кезде тойшылдық көбейіп кетті. Баласы мектепке барса той, мектеп бітірсе той, оқуға түссе той, сүндет той, тұсау кесу тойы, мерейтойлар – әйтеуір той көп. Өзгелерден қалмайық деп жалған намысқа тырысқан қазақ банктен пәлен пайыз өсіммен кредит алып, той жасап жатады. Ондай тойға бес-он адам келмейді, кем дегенде жүз, одан да көп адам шақырады. Сондай ұлан-асыр тойларға қыруар ақша жұмсалады.

Прочитать остальную часть записи »

Өткенді ойлаған адам өшеді, болашақты ойлаған адам өседі

Жасы жерортадан ауған адамдардың басым көпшілігі өткен шақтарын көп ойлап, сол кездер қайта айналып келсе деген арман-қиялмен өмір кешеді.  Әдетте ондай адамдар өмірде биік нәтижелерге қол жеткізбеген, яғни жолы болмаған жандар болып келеді.  Олар үшін бар жақсылық, бақыт – өткен өмірінде қалып қойған. Бұндай көзқарасты ұстанған жанды  өз болашағына өзі балта шапқан адам деп айтсақ, шындықтан алыс кетпейміз.

Өткенді аңсау құрдымға құлатады

Әлсіз адамдар әдетте «баяғыда өйткен едім, бүйткен едім» деп өткен өмірінде қол жеткен жетістіктерін үнемі тамсанып  еске алып отырады. Ондай пенденің қазір айналасынадғы жұртқа көрсететін жақсы істері мен жетістіктері, қабылет-дарыны жоқ. Сондықтан, өзін жұрттан төмен түсірмей, өзгелерге көрсету үшін жасайтын жалғыз айласы – өткен өмірінде қол жеткен жетістіктерін еске алу болып қалады.

Егер сіз осындай адамдар тобына жататын болсаңыз, онда болашағыңызды өз қолыңызбен жойып жатқан болып шығасыз. Оның мәнін ұғыну үшін мынадай мысалға назар аударайық. Екі көрші болды. Олардың есік алдында бақшасы бар еді. Жалқау көрші жерін өңдемеді, ешнәрсе екпеді, жанын бағып ұйқымен уақыт өткізді. Ал екінші көрші бақшасына картоп, көкөніс егіп, ала жаздай суарып, арам шөбін жұлып күтті. Күзде жалқау көрші бақшасынан қаулаған арамшөптен басқа ештеңе таппады, ал еңбекқор көрші қап-қап  картоп қазып алып, көкөніс жинады. Бұны кездейсоқтық, басқа бақыттың қонуы деп айтуға болмайды, бұл таза еңбекпен келген нәтиже.

Прочитать остальную часть записи »

Интернет дүкенді қалай ашуға болады

Product package boxes and shopping bag in cart with laptop computer which web store shop on screen for online shopping and delivery concept

Интернет қолданушылар қатары жыл өткен сайыр көбейіп келеді. Бүгінде интернетті мектеп оқушыларынан бастап, зейнеткерлерге дейін пайдаланады. Осындай барша жұртқа қолжетімді интернетті  ақша табудың құралына айналдырғыңыз келе ме? Қазіргі күні интернет арқылы ақша табуды негізгі өмір сүретін кәсібі етіп алғандар аз емес. Ең бастысы, ынта болса болғаны.

Уақыт көрсеткендей, онлайн-сатылымға барлық кезде, тіпті карантин мен оқшаулану жағдайында да рұқсат етіледі, демек, интернет-дүкен ашудың уақыты келді десек, артық айтқандық болмайды. Ол үшін сізге әдемі дизайны, төлем жүйесі, ұйымдастырылған жеткізу және жылжыту құралдары бар функционалды сайт қажет.

Сіз сайтты осындай іспен айналысатын компанияға, болмаса жеке маманға жасатып алуыңызға болады. Әрине, ол үшін біршама ақша төлеу қажет екені түсінікті және сайт бірер күнде жасалмайды, оны біршама уақыт күтуге тура келеді.  Ең бастысы, сіз сондай толыққанды жұмыс істеп тұрған интернет-дүкендерді қарап, олардың жұмысымен жан-жақты танысып алғаныңыз жөн және бәсекелестердің қалай жұмыс істейтініне назар аударыңыз. Сайтқа тапсырыс бергенде солардың бәрін ескерген дұрыс.

Енді сіздің интернет-дүкеніңізді ашу үшін арнайы техникалық білім қажет емес, сізге тек іскерлік шеберлік пен табысқа деген ерік қажет, сондықтан жаңа іспен айналысудан қорықпаңыз. Оны бастау үшін бірнеше қадам жасау қажет болады.

Бірінші қадам – өтімді  және үлкен сұранысқа ие тауарларды анықтаңыз

Бәсекелестердің жұмысына көңіл бөліңіз.  Бұл сіздің болашақ жұмыс бағдарыңызды, жұмыс істеу тәсілін анықтауыңызға көмектеседі. Егер сізде бизнес, сатуға арналған тауарлар, жылжыту стратегиясы болса, мұның бәрін желіге көшіру ғана қалады. Егер жоқ болса-интернет-дүкен ашылғанға дейін келесі ойларды қарастырыңыз:

Прочитать остальную часть записи »

Жоғалу қаупі төніп тұрған мамандықтар

Технологияның дамуы барлық уақытта адамдардың қызмет салаларындағы өзгерістеріне әсерін тигізеді. Егер тарихымызға көз жүгіртсек, 20 ғасырдың ортасында автоматтандыру енгізіле бастаған кездегі ғылыми-техникалық революция, электроникаға негізделген құрылғылар мен өндіріске арналған жаңа материалдар өмірімізге елеулі өзгерістер әкелгенін бағамдар едік. Мұның бәрі жаппай жұмыссыздыққа әкеліп соқтырды, өйткені машиналар өндірісте мыңдаған адамды алмастырды. Ал жаңа ақпарат ғасырында жаңа технологиялардың өмірімізге одан әрі тереңдей енуі жасанды интеллектілерді алға шығарып, жұмыссыздықты одан әрі көбейте түсуде. Қазіргі жағдайға зер сала отырып, таяу болашақта қандай мамандықтардың жоғалып кету қаупі барлығын болжамдауға болады. Енді соған назар аударып көрелік.

Таяу болашақта қандай мамандықтарға қауіп төніп тұр және неге бүгінгі күннің басты себебі интернет пен жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы болып отыр. Жасанды интелектілер әзірге саналы адамның деңгейіне жете қоймаса да, көптеген істерді, оның ішінде, тіпті күрделі шаруаларды да оңай атқарады.  21 ғасырдың алдағы онжылдықтарында жоғалып кетуі мүмкін мамандықтар туралы не айтуға болады?

Жоғалып кету қаупі бар мамандықтардың алдыңғы легінде бухгалтер мамандығы тұр. Қазір бухгалтерлік операцияларды тез және қатесіз өңдейтін және есеп жүргізетін мамандандырылған бағдарламалық жасақтама бар. Осыған орай қазіргі күні бірқатар кәсіпкерлер бухгалтердің қызметіне сүйенбей-ақ, осы шаруаларды интернет-сервистердің көмегімен атқаруда.  Бухгалтерлік есепті автоматтандырудың бірдей даму тенденциясымен бухгалтер мамандығы қазіргі түрінде жоғалады деп айтуға толық негіз бар.

Прочитать остальную часть записи »

Кітап оқу не үшін қажет?

Бүгінгідей интернетке қосылған смартфоны жоқ, тіпті телевизордың өзі екінің бірінде болмайтын кеңес заманында үлкендер де, кішілер де жаппай кітап оқитын. Туған күнге немесе басқа да мерекелерге кітап сыйлау дәстүрі болды және өзін сыйлайтын әрбір отбасында  жақсы кітапханасы болатын. Ал бүгінде  адамдар барлық ақпаратты интернеттен алады және кітап оқу қажетсіз шаруа болып қалды.

Адамды биіктерге жетелейтін күш – қиял

Біз қазіргі қол жеткен ғылыми жетістіктеріміз үшін ең алдымен қиялгер жазушылар мен өнер адамдарына, жалпы қиялшыл жандарға қарыздармыз десек, шындықтан алыс кетпейміз. Екі ғасыр бұрын ғұмыр кешкен қиялгер жазушы Жюль Верн өзінің айға саяхат туралы кітабында зеңбіректің снарядымен айға ұшып барған адам туралы айтады. Ал капитан Немо жайындағы романында ол кезде аты да, заты да жоқ су асты қайығы туралы әңгімелейді. Жюль Верннің өзі өмір сүрген кезеңде қиял-ғажайып саналған Айға саяхаты да, сүңгуір қайық та қазір бар.

Үй салу үшін адам алдымен оның бейнесін көз алдына қиялмен елестетіп, қанадй болуы керектігін ақылында пісіріп алады.  Яғни, болашаққа бастайтын қуат – қиял. Қиял көкжиегі кең адамда ғана ертеңгі болашақта биіктерге жетсем деген ынта-ықылас болады және сол құлшыныс оны биіктерге жетелейді. Ал қиялы жоқ, бар ақыл-ойы ішіп-жемі мен ұйқы, нәпсісін қанағаттандыру төңірегінен шықпайтын пенде бауырымен жорғалаған құрт сияқты ешқашан биіктерге жетпей, бар өмірін жер бауырлап өткізеді.

Прочитать остальную часть записи »

Қашықтан жұмыс істеу

Қыркүйек айының соңында елімізге ресейден әскерге шақырудан қашқан жас жігіттер мен қыз-келіншектер ағылып келді. Сол тұста пәтерды жалға беру, такис бағасы шарықтап өсіп, жұртшылықтың біраз абыржушылығын туғызған еді. Әскерге шақырудан қашып, елімізге келген ресейліктердің бәрі дерлік жақсы мамандық алған, жоғары табыс табатын жастар болды.

Интернет мамандықтың артықшылығы

Бір қаладан екінші қалаға, бір өңірден екінші өңірге қоныс аудару қазіргі заманда біраз ауыртпалық әкелетіні ешкімге құпия емес. Ал бір мемлекеттен екінші мемлекетке қоныс аударуға екінің бірінің шамасы жетпейтіні түсінікті. Бұндай қадамға біраз ақша қорын жасаған және нарықта сұранысқа ие мамандық алған адамдар ғана бара алады. Еліміздегі бағаның шарықтап өсуіне келген ресейліктердің қалталы болуының әсері тигені анық.

Қазіргі жұмыссыздық белең алған заманда шетелден келген адамдардың бөтен елде жұмысқа орналасуы өте қиын болатыны белгілі. Дегенмен, қоныс аударған ресейліктердің көбі жаңа ортаға бірден сіңісіп кетті. Неге? Өйткені, олар сирек кездесетін еңбек нарығында сұранысқа ие интернет мамандық иелері еді.

Прочитать остальную часть записи »

Варнашрама дхарма

Веда ілімінде варнашрама дхарма деген жүйе бар. Төрт сатыдан тұратын бұл жүйе адамның табиғи болмысын ескере отырып жасалған. Баланы 6-16 жасында түрлі ғылым-білімге баулып, оқытады. Бұл кезең – брахмачари деп аталады, яғни шәкірттік кезең. 16-50 жас аралығында грихастха деп аталатын екінші кезең келеді. Бұл кезеңде жас жігіт отбасы құрып, балалы-шағалы болып тірлік кешеді. 50 жастан асқан уақытта ванапрастха деп аталатын үшінші кезең келеді. Ол кезеңде адам ақырындап белсенді жұмыстан қол үзіп, жүзін Жаратқанға қарай бұра бастайды. 60 жастан асқан соң ең соңғы төртінші кезең – санняса кезеңі басталады. Бұл кезеңде адам отбасын, жалпы дүниенің бар игілігін тәркі қылып, жүзін түгелдей Құдайға қарай бұрады, яғни бақи дүниеге көшуге дайындалады.

Бһагавад Гита кітабында Тәңірі Кришна бұл жүйені Өзі адамдарға арнап жасағанын айтады, яғни бұл жүйені адам емес, Алланың Өзі ойлап тауып, адамға міндет етіп берген. Егер варнашрама дхарма жүйесіне ақыл көзімен қарайтын болсақ, оның адамның табиғатына толықтай сай келетінін бағамдауға болады. Қазіргі ғылымның өзі адам 15 жасына дейін өмір бойы алатын барлық ақпаратының 80 пайызын игеретінін дәлелдеген. Бұл – адамның ілім-білім үйренетін кезі. Ал одан кейін бозбала жыныстық жағынан жетіліп, күш-қуаты толысады. Бұл кезеңде ол үйленіп, отбасы құрады. Белсенді жұмыс істеп, өмірдің қызық-шыжығын тататын шақ та осы болмақ. Ал елуден асқаннан кейін адамның қуаты ақырындап қайтып, осыған сай енді ол белсенді еңбектен қол үзе бастамақ. Алпыстан асқаннан кейін кәрілікке бой алдырған пенденің еркектік қуаты қалмайды және түрлі ауру-сырқау тәнін меңдеп алғандықтан, мына өмірдің қызығы да азая бастайды. Бұл шақта адам дүниені тәркі етіп, жүзін түгелдей Аллаға қарай бұруы керек.

Прочитать остальную часть записи »

Өлген адамға дұға бағыштаудың қаншалықты пайдасы бар?

Ислам, христиан, иудеизм  сияқты дәстүрлі діндермен бірге буддизм және индуизм діндерінде де өлген адамға дұға бағыштау рәсімі бар. Буддизм дінінде кісі өлген соң оның үйіне келіп, өлікті шығару рәсімін жасаған монах өлген адамның келесі өмірінде  тән алауы үшін қажетті дұғаларды 49 күн оқиды. Буддизм дінінде «Өлілер кітабы» деген кітап бар, міне, сол кітапты монах белгілі бір күндерде дауыстап оқып отырады. Бұның өзін мұсылмандардың өлген адамның әруағына Құран бағыштауына ұқсатуға болады. Буддашылардың түсінігінше, өлген адамның жаны 49 күндік «бардо» деп аталатын кезеңнен өтеді. Онда сан түрлі кедергілер мен қиындықтар ұшырасады. «Өлілер кітабын» дауыстап оқыған монахтың үнін жаны қысылған кезде өлген адамның әруағы естіп, соған сай әрекет жасайды екен.

Индуизм дінінде өлгеннен кейін 9, 40,100 күннен кейін орындалатын «шрадха» деп аталатын рәсім бар. Өлген адамның балалары сол күні әкелеріне арнап тамақ дайындап, арнайы дұғаны оқып, дастархан басында тамақты қалдырады. Индустардың түсінігінше, өлген адамның жаны алыс сапарға шығады, жолда түрлі кедергілер көп кездеседі. Арып-ашып шаршайды. Ал «шрадха» рәсімі бойынша ұсынылған тағамды жеген өлген адамның рухы қуат алып, ары қарай қиналмай жүруіне мүмкіндік туады.

Ислам дінінде де өлген адамға арнап Құран бағыштау және жетісі, қырқы, жылы өткен кезде дұға бағыштау рәсімдері жасалады. Бұның бәрі өлген адамның рухына көмектеседі деген түсінік бар.

Прочитать остальную часть записи »

Бақыттың қайнар көзі

Адамды мына дүниеге байлап, фәни жалғанды пендеге қызықты және тартымды етіп көрсететін құдыретті күш – бақыт. Иә, есі дұрыс әрбір адам бақытты болсам деп армандайды және іштей бақытты болатынына сеніп, ертеңгі күнге үмітпен қарайды. Дегенмен де, бақыт құсы мыңның біріне ғана қонатын аса сирек кездесетін игілік. Көп пенделер бақыт дегенді армандап қана, оны ешқашан сезіне алмай өмірден өтіп жатады.

Фәни игіліктер адамға қанша бақыт әкеледі?

Адамдардың 99 пайызы байлық, мансап, атақ-даңқ, сұлу қыз-келіншек, арақ-шарап сияқты фәни игіліктер адамға бақыт әкеледі деп санайды және бар өмірі мен күш-қуатын, қарым-қабылетін сондай игіліктер табуға жұмсайды. Өкініштісі сол, ондай фәни игіліктерге қол жеткізгенімен, пенде ешуақытта өзін шынайы бақытты сезіне алмайды. Осы қате түсінікті санасына сіңірген адамдар шөлдегі сағымды су деп өкпесі өшкенше жүгіріп, ақырсында шөлден қаталап өлетін киік сияқты күн кешеді.

Айналаңызға ақыл көзімен байыптап қарап көріңіз, фәни игіліктерге қол жеткен пенделер бақытты ма? Осы арада мысал ретінде жұртшылыққа жақсы танымал тұлға – Бекболат Тілеухан туралы айта кеткім келеді. Бұл адамға Алла байлықты да, атақ пен мансапты, қабылетті де аямай берген. Ол біраз жыл министрдің орынбасары қызметін атқарды, Мәжіліс депутаты болды, әнші, сазгер, талантты актер. Қазақ хандығы туралы кинода Қазтуған жыраудың рөлін тамаша сомдап шықты. Бір сөзбен айтқанда, өмірге өкпесі жоқ адам.

Прочитать остальную часть записи »
Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика