2 007 көрілім

22Адамдардың басым көпшілігі дұрыс тыныс алмайды. Бүгінде белең алған стресс, жүрек, қантамыры аурулары дұрыс тыныс алмаудың нәтижесі. Мәселен, сәби күнінде адамдардың бәрі де дұрыс тыныс алады. Жан-жануарлар да дұрыс тыныс алады.
Адамда бұл жүйе неге бұзылған? Оған өмірде үнемі кездесіп отыратын психологиялық ауыртпалықтар себеп болады. Ашулану, қорқыныш пен үрей, мазасыздық сияқты санамызды жиі билеп алатын құбылыстар кезінде тыныс алу жүйесі бұзылады.

Дұрыс тыныс алу дегеніміз не?

Сіз өзіңіздің дұрыс тыныс алатыныңызды немесе алмайтыныңызды қалай білесіз? Дұрыс тыныс алу кезінде иығыңыз қозғалмайды, кеудеңіз болар-болмас көтеріліп, басылады. Негізінен сіз ішіңізбен дем аласыз, яғни демалған кезде ішіңіз көтеріліп, басылып тұрады.

Сондай-ақ, дұрыс тыныс алу кезінде минутына 8-12 рет дем алу және шығару жүзеге асады. Табиғи тыныс алу еш дыбыссыз, терең және жеңіл жүреді. Тыныс алу бұзылған кезде адам көкірегімен тыныс алады, минутына 13-18 рет дем алып, шығарады. Ол мұрнымен насос сияқты демді қатты тартып, тез шығарып отырады. Дем алған кезде көкірегі көтеріліп, басылып және шуылдаған дыбыс шығарады.

Дұрыс тыныс алмаудың қандай зардаптары бар?

Тыныс алу бұзылған кезде ауа тек өкпенің төменгі жағына барады, яғни адам ағзалары толық оттегімен нәрленбейді. Ауаның жетіспеушілігін жою мақсатында адам жиі тыныс алады. Бірақ осылай жиі тыныс алу ағзалардың оттегіге деген мұқтаждығын қанағаттандырмайды, керісінше тыныс алу органдарын шаршатып, әлсіретеді.

Дұрыс тыныс алмайтын адам тез шаршайды, үнемі әлсіздікті сезінеді. Ұйықтаған кездегі қорылдау да тыныс алу жүйесінің бұзылуын көрсетеді. Дұрыс тыныс алу кезінде барлық клеткалар оттегімен ғана емес, өмір қуатымен – жапонша айтқанда ки қуатымен нәрленеді. Ал тыныс алу бұзылған жағдайда көптеген клеткаларамыз оттегіні де, өмір қуатын да ала алмайды. Осының нәтижесінде кейбір клеткаларымыз өледі. Бұл түрлі аурулардың туындауына әсер етеді.

Дұрыс тыныс алуды қалай қалпына келтіруге болады?

Ниши жүйесі табиғи тыныс алуды қалпына келтіруге арналған арнайы жаттығулар ұсынады. Бұл жаттығуларды жасау арқылы сіз терең және бірқалыпты, толық тыныс алуды меңгересіз. Мәселен, адамдардың көбі көкірегімен тыныс алады. Бұл жағдайда жоғарыда айтқанымыздай ауа тек өкпенің төменгі жағына ғана барады.

Тыныс алудың екінші түрі – орта деңгейлі демалу. Бұл жағдайда өкпе кеңіп, ауа біршама дұрыс барғанымен, тыныс алудың бұл түрі де ағзаларамызды оттегімен толық қамтамасыз ете алмайды. Төменгі тыныс алу алдыңғы екі түрлі демалумен салыстырғанда біршама жақсы болғанымен, ол да қажетті ауа және өмір қуатын қамтамасыз етуге қабылетсіз.

Ең дұрыс тыныс алу – толық тыныс алу. Бұндай жағдайда өкпеміз кеңіп, төменгі, орта және жоғарғы бөлігі түгел ауаға толады. Бұл жағдайда қуат өте аз жұмсалады, яғни тыныс алу жеңіл жүреді.
Жаттығу:
Қатты еденге арқаңызбен жатыңыз, аяқтарыңыз біріктірулі, қолыңыз екі жамбасыңыздың жанында. Аяқтарыңызды ақырын еденнен жоғары 10-15 см. деңгейінде көтеріңіз. Бір мезгілде басыңыз бен кеудеңізді де сол деңгейде көтеріңіз. Қолдарыңыз жамбасыңызда. Осылайша қанша тұра алсаңыз, сонша тұрыңыз. Бұл жаттығуды күніне бір рет орындау керек. Келесі күні тағы бір реттен қосып отырыңыз.

Етбетіңізден жатыңыз, аяқтарыңыздың арасы біріктірулі. Жұдырығыңызды түйіп, екі бүйіріңізге қойыңыз. Деміңізді ішіңізге тартып терең тыныс алыңыз, осылайша деміңізді шығармай тұрып жұдырығыңызға сүйене екі аяғыңызды еденнен жоғары көтеріңіз. Егер бұл мүмкін болмаса, бір аяғыңызды, содан кейін екінші аяғыңызды көтеріңіз. Алғашқы күні бір рет, содан кейін күн сайын бір реттен қосып отырыңыз.

Төменгі тыныс алуды қалпына келтіру жаттығуы: шалқаңыздан еденге жатыңыз. Бір қолыңызды ішіңізге, екінші қолыңызды көкірегіңізге қойыңыз. Денеңізді босатыңыз. Ақырын дем шығарыңыз. Көкірегіңіз қимылсыз қалады, ал ішіңіз төмен тартылады. Содан кейін демді ішке тартыңыз. Көкірегіңіз бұрынғыша қимылсыз, ішіңіз жоғары көтеріледі. Бұл жаттығу сізге төменгі тыныс алуды меңгеруге көмектеседі.

Толық тыныс алу жаттығуы: Бойыңызды тік ұстап тұрыңыз, денеңізді босатыңыз. Терең және жеңіл ішіңізге мұрын арқылы дем тартыңыз. Ауа ағынын өкпеңіздің жоғарғы жағына ойша бағыттаңыз. Ішіңіз ақырындап жоғары көтеріледі. Демді ішке тартуды жалғастырып, енді ауаны өкпеңіздің орта бөлігіне бағыттаңыз. Демді онан әрі тарта отырып, содан кейін ауаны өкпеңіздің жоғарғы бөлігіне бағыттаңыз. Осындай тыныс алу кезінде кеуде барынша кеңіп, өкпе ауаға толады, ал ішіңіздің төменгі жағы тартылады. Тыныс алуды аяқтай отырып, деміңізді ішіңізде бірнеше секунд ұстаңыз. Содан кейін ақырындап дем шығарыңыз.

Толық тыныс алу жаттығуын меңгеру арқылы сіз дұрыс және табиғи тыныс алуды әдетке айналдырасыз.
 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика