1 190 көрілім

діни бұрмалаушылықтарЖер шарында бүгінде 7 миллиардтай адам болса, соның 5 миллиардтайы бес дәстүрлі дінді ұстанады екен. Олар: ислам, христиан, иудей, буддизм және индуизм. Бұл діндердің бәрінің мыңдаған жылдық тарихы бар және қасиетті кітаптары, қалыптасқан діни шарттары бар. Яғни, бұл діндердің бәрін Алладан келген ақиқат жол деп айтуға болады.

Діндегі сабақтастық неден көрінеді?

Веда ілімі бойынша, кез-келген қоғамда дамудың үш сатылы жүйесі болады. Олар: 1 – карма канда, яғни тәни әрекеттер арқылы келетін даму, 2 – гьяна канда, яки философиялық ой-толғаулар негізінде даму, 3 – упасана канда, немесе бһакти – бұл Аллаға махаббатпен құлшылық ету арқылы қол жеткізетін даму сатысы.

Бұл үш даму сатысы жоғарыда аталған бес дәстүрлі діннің бәрінде бар. Енді соған кеңірек тоқталып көрелік. Карма канда деген тән немесе тән арқылы әрекет ету арқылы адамның дамуына мүмкіндік жасалатын тәсіл. Бұл – жалпы халыққа арналады.

Ислам дінінде ол шариғат жолы болып белгіленген. Өзін мұсылманмын деген адам бес уақыт намаз оқып, ораза ұстайды, қайыр-садақа береді, қажыға барады, шариғат тиым салған нәрселерден аулақ болып, рұқсат етілген әрекеттерді жасайды және адал тағамдарды тұтынады.

Карма канданың мәні мынада: сіз өзіңіз ұстанатын дін белгілеген шариғат заңдарын сақтау арқылы күнәлі әрекеттерден аулақ боласыз. Сөйтіп, соның нәтижесінде бұл дүниеде игілікке кенелесіз, тәніңізді тастаған соң жасаған сауаптарыңыз үшін жұмаққа кіріп және рахат табасыз. Ал шариғат жолымен жүрмеген пенде күнәға белшеден батады да, сол үшін осы дүниеде біраз азап тартады, өлген соң тозаққа түсіп және тауқыметке ұшырайды.

Карма канда жалпы халыққа арналған. Шариғат заңдары христиан, иудей, буддизм және индуизм діндерінде де бар. Ол діндерде де атқарылуы тиіс парыздар мен тиым салынған әрекеттер, жеуге болмайтын тағамдар белгіленген.

Гьяна канда, яғни философиялық ой толғамдар арқылы ақиқатты тануға ұмтылу жолы исламда — суфизм, христианда — исахизм, иудейде – каббала, буддизмде – медитация, индуизмде – иога болып аталады. Оның карма кандадан ерешкелігі – бұл жол жалпы халыққа арналмаған. Оны таңдаулы адамдар ғана игере алады.

Мәселен, суфизм ағымын ұстанатын тақуа пірге қол тапсырып, бойындағы тәкаппарлық, өзімшілдік сияқты жаман қасиеттерден арылу үшін ерікті түрде қайыршы болып ел кезеді, күн сайын 4-6 сағат зікір айтады, бес уақыт намазын, барлық парыздарын қаза жібермейді. Осындай әрекеттер арқылы ол біраз уақыт өткен соң әулиелік мақамға қол жеткізіп, дін ілімін игереді. Иудей, христиан діндеріндегі жағдай да осыған ұқсайды.

Үшінші саты – упасана канда немесе бһакти иога – бұл ең таңдаулы жандардың ғана маңдайына жазылған жол. Бұл жолды ұстағандар бар дүниені тәркі етіп, құдай жолына түседі және жүректерінде Аллаға деген махаббат оянып, дамиды.

Діндегі астамшылық

Алла барша тіршілікті жаратушы. Соған орай Ол Өзі жаратқан барша тіршілік иелерін жақсы көреді және бір-бірінен алаламайды. Өйткені қандай әке өз балаларын алаламақ? Алла барша тіршіліктің жаратушысы, яғни әкесі. Ендеше Ол өзі жаратқан пенделерін алаламауы тиіс.

Ал әлем халқы ұстанып отырған дәстүрлі діндердегі «біздікі ғана дұрыс, басқалар адасушылар» деген түсінік – астамдықтан басқа ештеңе емес. Өз басым «христиан да, иудей діні де бұрмаланған, олардың кітаптары өзгертіліп кеткен, сондықтан бұл діндер дұрыс емес, тек тазалығын сақтап қалған ислам діні ғана түзу» дегенді айтушыларды көп естідім.

Ондайлардың пікірінше, жалғыз ислам діні ғана таза, басқа діндердің бәрі бұрмаланып, бұзылған, сондықтан оны ұстанушылардың жолы толықтай теріс. Ислам дінін 1,5 млрд. адам ұстанады екен, христиандардың саны 2,5 млрд.-тай, 1 млрд. буддашылар мен 1 млрд-қа жуық индустар бар. Енді жоғарыда аталған әсіре мұсылмандардың сөзіне сенсек, 1,5 млрд мұсылман ғана дұрыс жолда да, басқа млрдт-таған халықтар адасып жүр және олардың барар орны тозақ.

Бұл пікірден өткен ғасырда «біз арилердің ішіндегі ең таза ұлтпыз, сондықтан барша халық бізге құл болуы тиіс» деген фашистердің түсінігінің исі шығады. Мейлі, нәсілшілдік, ұлтшылдық, діншілдік болсын, қайсы да астамшылықтан басқа түк емес. Ал астамшылық сайтанның қасиеті.

Дәстүрлі діндердің қайнар көзі бір

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, дәстүрлі діндердегі ұқсастықтар мен сабақтастықтар егер зер сала қарасаң өте көп. Исламда, христианда, индуизм дінін ұстанушыларда тәсбих бар. Мұсылман да, христиан да «аумин» (Амин) деп бата жасайды. Буддашыларда «ом мани падме хум», индустарда «ом тат сат» деген мантралар бар. Оумин, аумин немесе ом деген сөздердің түбі бір. Бұл санскрит тілінен шыққан «ом», яғни құдайдың дыбыс фомасындағы есімі немесе сипаты дегенді білдіреді. Яғни, Алланың бір есімі – Ом немесе Аум.

Дәстүрлі діндердің бәрінде ораза ұстау бар. Мұсылмандар 30 күн, христиандар 40 күн ораза ұстайды. Ал индустар ай толған кезде күні бойы тамақ ішпей ауыз бекітеді.
Осыларға қарап, дәстүрлі діндердегі сабақтастықты анық байқауға болады. Ал діндегі бұрмалаушылық дегенге келсек, оның бәрі ойдан шығарылған ертегіден басқа ештеңе емес.

Дәстүрлі діндерді Алла жаратты. Ендеше діннің тазалығын сақтауды да Алла мойнына алған.
Әсіре мұсылмандардың пікіріне сенсек, Алла тек ислам дінінің тазалығын сқатаған да, басқа діндерді тағдырдың тәлкегіне, сайтанның табанына салып қоя берген. Бұның астарында Алла тек мұсылманды жақсы көріп, христиандар мен иудейлерді, буддашылар мен индустарды жек көреді-міс деген арамза пиғыл жатқаны анық.

Бала кезімде көрші тұратын бір неміс кемпірдің дұғасымен бетіме шыққан теміреткіден жазылғаным бар. Ол еш дәрі қолданбастан, тек Інжілден алынған дұға арқылы бетімдегі теміреткіні оқып, жазды. Шәйпіл әже деп атайтын католик дінін ұстанушы әжеміз көп ауруларды жазды. Егер христиан діні бұрмаланған болса, онда Інжілден алынған дұғамен ауруды қалай жазуға болады?

Бүгінгі Сирия мен Ирактағы қанды қырғын соғыстардың астарында «ислам дінінен басқалардың бәрі теріс, сондықтан ислам дінін барша әлемге орнату қажет» деген өткен ғасырдағы барша дүниені жаулап алғысы келген гитлершіл фашистердің сандырағына ұқсас арам пиғылдың жатқаны даусыз шындық.

Өкінішке орай, басқа діндерге шекесінен жеккөре қарайтын әсіре діндарлар арамызда қаптап жүр. Қазақ «адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» дейді. Зер сала қараған жанға дәстүрлі діндердегі сабақтастықтар мен ол діндердегі игіліктер анық көрінеді. Көздеріне шел қаптаған шерменделер ғана оны көре алмайды.
 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика