923 көрілім

исламРесей рублінің, Қытай юанының және қазақ теңгесінің құнсыздануы әлем елдерін шарпыған үлкен дағдарыстың келгенін анық көрсетіп берді. Бүгінгі ғылым мен техника шарықтап дамыған заманда адамзат әрбір төрт-бес жылда ұстамалы ауру сияқты жағадан алып, титықтатып кететін дағдарыс атты кесапаттан құтылудың амалын таппай дал болып отыр.

Бәрі Алланың еркінде

Биыл көктемде Ұлттық банктің төрағасы Келімбетов мырза теңге құнсызданып, 150-ден 180-ге шыққанда, бұл бағам біраз уақыт тұрақты сақталады деп сендірген еді. Дегенмен, арада үш-төрт ай өтпей жатып, теңге бағамының ауытқу дәлізін 198-ге дейін көтерген төраға бұл бағам сақталады деп және уәде етті.

Ал араға екі апта салып, Ұлттық банк төрағасы теңге бағамы еркін ағымға көшкенін айтып, ендігі бағамды нарық белгілейді дегенді мәлім етті. Еліміздегі үлкен мекеме саналатын Ұлттық банк төрағасының сөзінде тұрмай, қайта-қайта уәдесінен айнуына не себеп?
Бұның астарында «бәрі Алланың еркінде, адам, мейлі ол қолында билігі бар қандай биік лауазым иесі болмасын, ешқашан, ешқандай жағдайда уәдесін орындай алмайды және өмірді өзгерту қолынан келмейді» деген АҚИҚАТ жатыр. Сондай-ақ, бұл дүниеде тұрақтылықтың жоқтығын, бәрі үнемі өзгеріп отыратындығын осы оқиға тағы да дәлелдеп берді.

Бұйырса, байың боламын

Бір күні кешкілік Қожанасыр ұйықтауға жатар алдында әйеліне «ертең күн ашық болса, соқамен егіс жыртамын, ал жаңбыр жауса, есекпен отынға барамын» дейді. Әйелі оған «бұйырса деп айт» дейді. Бұған ашуланған Қожекең «бұйырсын, бұйырмасын, ертең осы екі шаруаның бірін істеймін, оған қандай бұйыру керек» депті.

Содан таңертең ұйқысынан тұрған Қожекең далаға шығып қараса, сібірлеп жаңбыр жауып тұр екен. Жаңбыр жауды, онда отынға баратын болдым дейді Қожекең. Бірақ ол үйіне кіріп, таңғы асын алдына ала бергені сол екен, үш-төрт адам сау ете қалады. Пәленше байдың ауылына баратын жолды білесің бе деп сұрайды олар әй-шәй жоқ.
Қожекеңе жолаушылардың мына тұрпайылығы ұнамай қалса керек «білемін, ал оны не қыласың» дейді қырсығып. Сол-пақ екен әлгілердің бірі «онда бізбен бірге жүріп, жол көрсетесің» дейді.

Жоқ бармаймын, шаруам бар дейді Қожекең. Соны естіген сәт әлгі қамшысымен Қожекеңнің иығынан екі-үш рет сыдыртып өтеді. Жан дауысы шыққан ол қорыққанынан әлгілерге жолбасшы болады. Ол жаяу-жалпылап, жаңбырдың астында күні бойы жүріп жол көрсетеді. Содан шаршап-шалдығып қас қарая үйіне оралады. Келсе, әйелі есікті ішінен бекітіп алыпты. Есік қаққан оған әйелі «кімсің?» дейді іштен «мен, бұйырса, байың боламын» депті сонда Қожекең. Сөйтіп, осы істен Қожеңең сабақ алыпты деседі.

Саясаткерлер неге қателіктерінен сабақ алмайды?

Өкінішке орай, бүгінгі саясаткерлер Қожекең сияқты бір рет маңдайына тиген соң сол қателігінен сабақ алмайды. Олар бәрін өз қолдарымен жасайтындай, бар дүниенің билігі қолдарында тұрғандай нық сеніммен үйіп-төгіп уәде береді. Ал кейін жағдайға байланысты уәдесі бұзылып жатса, одан қысылмайды және онысынан сабақ та алмайды. Тағы да жалған уәде беріп, жұртты ұйытуға тырысады.

Фәни жалғандағы адамның ең үлкен қателігі – өзін мына дүниенің иесіндей және рахат алушыдай сезінуінде. Шын мәнінде барша әлемнің иесі – АЛЛА. Жалғыз рахаттанушы да – АЛЛА. Құранда Жаратқан «Мен жын мен адамдарды Өзіме құлшылық етулері үшін жараттым» дейді. Яғни, барша адам Алланың — ҚҰЛЫ. Ал құлдың қолында не бар? Ештеңе. Бәрі қожайындікі. Сондықтан, қожайынды есімізден шығарып, өзіміз осы дүниенің иесіндей өзгелерге үйіп-төгіп уәде берсек, ертең уәде үдесінен шыға алмай ұятта қалуымыз мүмкін.

Сол себепті, әрдайым қателігінен сабақ алған Қожанасыр сияқты қандай нәрсені айтқанда да нық сеніммен уәде беруден аулақ болған жөн. Әйтпеген жағдайда, әрдайым ұятқа қалып, жұрттың сенімінен айрыламыз. Бұл – АҚИҚАТ.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика