796 көрілім

Адам данышпан болып тумайды, мұндай қасиет жүре келе оқудың, еңбектенудің, ізденудің арқасында ақырындап келеді. Данышпандыққа жеткен адам ойлаған арман-мақсаттарына оңай жетіп, өз өмірінің мәнін түйсінеді және екі дүние үшін де қажетті іспен айналысып, бақыт ауылының тұрақты тұрғыны болады.
Өкінішке орай, адамдардың көпшілігі интелелктуалдық жағынан дамуға, яғни данышпандыққа жетсем деп ұмтылмайды. Олар күнделікті тірліктің күйбеңімен бар уақыттарын өткізеді де, соның нәтижесінде екі дүниеде де тауқымет тартады.

Данышпан қиындықтан қашпайды.

Біз күн сайын өмір жолымызда түрлі қиындықтар мен кедергілерге кездесіп жатамыз. Қарапайым адам мұндайда «бұл мәселені мен шеше алмаймын, сондықтан одан бас тартуым керек» деп ойына алған мақсатынан бастамай жатып бас тартып жатады.

Данышпан «бұл мәселені шешу үшін мен ізденіп, оқуым, соның амал-тәсілдерін меңгеруім керек» деп ойлайды. Сөйтіп, ол ойына алған мақсатына жететін жолға түсіп, соған жеткізетін амалдарды үйренеді. Қандай қиындықтан да қайтпайтын, оны жеңетін жолдарды іздестіруден, оқып, үйренуден жалықпайтын адам данышпандыққа жетеді және өмірдің алға тартқан кедергілерінен қиналмай өтудің амалдарын меңгереді.

Осылай жасау арқылы дана адам ойына алған мақсаттарына жетпей тоқтамайды. Сондықтан ол барлық салада да жетістіктерге жетіп, биіктерге көтеріледі. Мұның бәрі басқалар ойлайтындай, кездейсоқ қонған бақ құсының әкелген игілігі емес, данышпандыққа ұмтылған адамның төккен терінің жемісі.

Өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ.

Индияның белгілі теологы Прабхупаданың «мүмкін емес деген ақымақтардың сөзі» дегені бар. «Бұл менің қолымнан келмейді, бұны істеу мүмкін емес, оған менің шамам жетпейді» деген желеуді алға тартатын көп адамдар ойларына алған мақсаттарынан немесе өмір алдарына тартқан түрлі мүмкіндіктерден оңай бас тартып жатады.

Данышпанның сөз қорында жоғарыда аталған сөздер жоқ. Ол «мүмкін емес, деудің орнына «мұны қалай мүмкін етіп, іске асыруға болады?» деген мәселе төңірегінде ойлайды және оның жолын тауып, нәтижеге жетеді.

Ұшақты ойлап тапқан ағайынды Райтерлер өздеріне дейін еш пенде жасамаған ұшатын құрылғыны жасау үшін біраз жыл тер төгеді. Олардың еңбектері түгел зая кетеді. Бірақ ағайынды өнертапқыш ойға алған мақсаттарынан бас тартпайды. Осылайша, 364 рет сәтсіздікке ұшыраған ағайындылар 365-ші рет жасаған әрекеттері сәтті болып, құрылғылары көкке көтеріледі.

Ағайынды Райтерлер сәтсіздіктерінен кейін ойға алған мақсаттарынан бас тартса, бәлкім бүгінде біз ұшақ дегенді білмейтін де болар ма едік, кім білсін? Адамзаттың прогресін жасайтын сондай өлермен данышпандар.

Ұлы Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз, ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген сөзі бар. Сондықтан, мен данышпан емеспін, ондай болу маңдайыма жазылмаған, ол қолымнан келмейді деп алдын ала өзіңізге өлім үкімін шығармай, биіктерге ұмтылыңыз. Адам данышпан болып тумайды, ол іздену, оқу, еңбектенудің арқасында келеді.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика