1 297 көрілім

«Бірінші байлық – денсаулық» дейді қазақ. Сол басты байлық – денсаулықты сақтау әрбір адамның өз қолында екендігін өкінішке орай көпшілігіміз түйсіне бермейміз. 20 жас адамның ең күш-қуаты толысып шарықтаған сәті. Біз ол кезде денсаулық жайын мүлдем қаперімізге алмаймыз.
Өмір осылай бола беретіндей көріп, нәпсіміз қалаған нәрсені жасап жататынымыз жасырын емес. Дәл сол кезеңде қыз-жігіттер арақ ішіп, темекі тартып, сезімнің ырқына емін-еркін берілмек. Мұның бәрі де өз кезегінде денсаулығымызды нашарлатып, бойымыздағы қуатымызды азайтатынын қаперімізге ала қоймаймыз.

Қартаю 35 жастан басталады

Уақыт зымырып тез өтеді. Көзді ашып-жұмғанша орда бұзар 30-дан асқанымызды сезбей қаламыз. Ғалымдардың пікірінше 35 жастан кейін адам ағзалары әлсіреп, күш-қуаты ақырындап кеми бермек. Түрлі ауру-сырқаудың бой көтеретін сәті де сол тұс.

Ал 40-тан асқаннан кейін жастайынан денсаулық жайын ойламаған пенделер түрлі дерттерге шалдығып, енді ауру оның айнымас серігіне айналып алады. 50-ден кейін адам тәні онан сайын әлсіреп, шашқа ақ түсу, бетке әжім түсу түріндегі қарттықтың алғашқы белгілері біліне бастамақ.

Денсаулығым мықты болсын десеңіз, онда денсаулықты сақтауға ерте бастан көңіл бөлгеніңіз жөн. Ауру меңдеп, денсаулықтан бір айрылған соң оны қалпына келтіру қиын болады. Сондықтан, жастайыңыздан салауаттылықты ұстанып, денсаулығыңызға көңіл бөлсеңіз, аурадан аулақ боласыз.

Денсаулық кепілі

Денсаулық кепілі – салауатты өмір салтын ұстану. Адам тәні айналамызды қоршаған табиғатпен тығыз байланысты. Сондықтан табиғатқа жақын болуға тырысқан жөн. Күніне құрығанда бір сағаттай таза ауада серуендеу сіздің денсаулығыңызды нығайтуға үлкен ықпалын тигізеді.

Маркстің «өмір дегеніміз – қозғалыс» деген сөзі бар. Шындығында, зер салып қарасаңыз өмірдің қозғалыстан тұратындығын бағамдауға болады. Жер де, Күн мен Ай, жұлдыздар – бәрі де үнемі тоқтамайтын қозғалыста. Адам ағзасы да тынымсыз жұмыс істейді. Жүрек күндіз-түні соғып, өкпе тәулік бойы ауамен тыныстайды. Аз қозғалатын, отырып жұмыс істейтін адамдардың жүрек, өкпе сияқты тіршілік нәрі саналатын ағзаларының жұмысы баяулайды.

Бұл жағдайда тамырға қан мен ауа еркін бармайды және ол өз кезегінде түрлі ауруларға ұшыратпақ. Ол аз десеңіз, қан, ауа айналымы дұрыс болмағандықтан, күш-қуатыңыз азайып, бойыңызды әлсіздік билейді. Бұл қиындықтан шығудың бірден бір және сенімді жолы – күн сайын дене жаттығуын жасау. Дене жаттығуын жасау барысында жүрек пен өкпенің жұмысы күшейіп, қан тамырлары кеңейеді және бойыңызға қан толық таралады. Бұл тәніңізді қажетті қуаттармен қамтамасыз етуді жақсартады.

Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтаудың тағы бір қарапайым және сенімді амалы – тамақтану тәртібін сақтау. Бүгінде адамдардың көбі артық салмақ деген аурадан азап шегуде. Артық салмақтан арылу – қазір көп адамның ең басты бас ауруына айналып отыр.

Егер артық салмақтан азап шегіп жүрсеңіз, тамақтану тәртібін сақтауға көңіл бөліңіз. Тамақтану тәртібі деген белгілі бір уақытта тамақ ішу деген сөз емес, ең алдымен қандай тамақ ішу қажеттігін ескеру керек. Ет, жұмыртқа, балық тағамдарынан бас тартып, көкөніс пен жемісті, сүт өнімдерін көбірек тұтыныңыз. Таңертең ұйқыдан оянған соң жасайтын ең бірінші шаруаңыз, бір стақан мұздай су ішу болуы керек. Өйткені ұйқыда жатқанда бойыңыздағы улы заттар ауыз қуысы мен ішекке жиналады дейді ғалымдар.

Майлы, етті тағам артық салмақ қосады

Мұздай су ішкенде сол улы заттар шайылып кетпек. Күніне екі рет, таңертең және кешкілік тісіңізді тазартып отырыңыз. Тамақтанған соң да міндетті түрде ауызыңызды шайғаныңыз жөн. Сондай-ақ, салмағыңызды әрдайым қадағалап отырыңыз. Артық салмақ қосыла бастаған жағдайда майлы және тәтті тамақтар қабылдауды доғарғаныңыз дұрыс.

Міне, осындай қарапайым денсаулық сақтау ережелерін пайдаланып жүрсеңіз, аурудан аман болып, толыққанды өмір сүретін боласыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөзді есіңізден шығармаңыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика