49 көрілім

Кез-келген заттың немесе құбылыстың жағымды-жағымсыз, жақсы-жаман жақтары болады. Өйткені, мына фәниде барлығы екіжақты болып жаратылған. Осы тұрғыдан алғанда, дін, оның ішінде адамзат баласының негізгі бөлігі қолданып жүрген дәстүрлі діндердің де, жағымды және жағымсыз жақтары бар.

Дін адам санасын шектейді

Егер сіз кез-келген христиан дінін ұстанушыға Исус Христос құдай емес, біз сияқты адамнан жаралған пайғамбар ғана десеңіз, онда сізді кәпір атандырады. Сол сияқты сіз ислам дінін ұстанушы адамға Мұхамед пайғамбар ең соңғы пайғамбар емес, одан кейін де мыңдаған, миллиондаған пайғамбарлар болады десеңіз, ол үшін діннен шыққан кәпір болып саналасыз.

Ал, енді осы екі жайға ой қисыны негізінде назар аударып қаралықшы. Иса пайғамбар қаншалықты ғажайыптар көрсетіп, тіпті өлген адамды тірілтсе де, ол өзін ешқашан Құдаймын деп атаған жоқ. Мен христиандардың қасиетті кітабы – Інжілді ондаған рет қайталап оқыдым, сонда бір де бір жерінде Иса пайғамбардың өзін Құдаймын дегенін көрмедім. Оны қолдан Құдай жасап алған адамдардың өздері. Яғни,  бұл әлдекімдерге тиімді болған сияқты.

Мұсылмандардың қасиетті кітабы саналатын Құранды да ондаған мәрте қайталап оқып шықтым. Бірақ кітаптан Мұхамед пайғамбардан кейін ешқандай пайғамбар болмайды дегенді кездестірмеппін. Рас, Құранда Мұхамед пайғамбарды ақырдың пайғамбары дейді. Бірақ, ақыр деген бұл – ақыр заман деген ұғым, ал ақыр заман бірер күнмен, аймен, жылмен, тіпті ғасырмен шектелмейді. Ақыр заман деп атауы айтып тұрғандай, ол мыңдаған жылдарға созылатын адамзат тарихының бір кезеңі. Осы тұрғыдан алғанда, Иса пайғамбарды да, Мұса пайғамбарды да ақырдың пайғамбарлары деп атауға болады.

Керісінше, Інжілде де, Құранда да Құдайды мәңгілік және шексіз деп түсіндіреді. Егер Жаратқан мәңгілік және шексіз болса, онда неге оның жаратқан тіршілігі шектеулі болуы тиіс? Құран мен Інжілде Алла ең алдымен Адам атаны, содан кейін Хауа ананы жаратты, барша адамзат осы екеуінен таралды дейді. Ал Адам ата жаратылмай тұрған кезде адамзат немесе тіршілік мүлдем болмаған ба? Егер солай деп санасақ, онда Алланың мәңгіліктігі мен шексіздігі қайда? Егер Алла мәңгілік және шексіз болса, онда Адам ата жаралмай тұрып та тіршілік болған және ақырзаманнан кейін де тіршілік қайта жаратылып, осылай мәңгілікке жалғаса беруі тиіс. Бұл жайында веда ілімінің даналықтарын түгел жинақтаған Бһагавад Гитада ашық және ұғынықты түрде айтылған.

Дін – апиын

Кеңес заманында атейстер «Дін –апиын» деп діннен безуге үндейтін. Өкініштісі сол, бұл сөздің астарында ащы шындық бар. Иә, жоғарыда айтқанымыздай, діннің жақсы, жағымды жақтарымен бірге жаман жақтары да бар. Оны қазіргі қоғамда баршамыз көріп, куәсі болып жүрміз.

Орта ғасырларда Парижде бір түнде 20 мыңнан астам протестант өлтірілген екен. Оларды басқа емес, өздері сияқты ұлты француз, діні христиан — католиктер өлтірген. Иә, бұл христиан дінінің екі ағымының өкілдері еді. Бір дінді ұстайтындықтарына қарамастан, олар бірін-бірі қойша қырды.

Ал, бүгінде Сирияда, Ауғанстанда, Иракта болып жатқан оқиғалардың астарында да діни ұстаным жатқаны барша әлемге белгілі. Өліп жатқандар да, өлтіріп жатқандар да мұсылмандар. Неге мұсылмандар бірін-бірі өлтіреді? Құранда мұсылмандар бірін-бірі өлтіруі тиіс деп жазылған ба? Жоқ. Бұның бәрін Құран мен Інжілді дұрыс түсінбеген дін қызметкерлерінің жаңсақ және тар ұғымдарын саналарына сіңіріп, сана көкжиегі тарылған, сөйтіп фанатизм деген дертпен ауырған пенделер жасауда.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, дінді адам санасын улайтын апиынға теңеу соншалықты құбыжық болып көрінбейді. Есірткі қабылдап, есінен айрылған пенде айналасындағыларға да, өздеріне де залал келтіреді. Олар тіпті, өз туыстарына да қол көтеруге дейін барады. Қазіргі діндар-фанатиктердің әрекеттеріне қарап, оның адам санасын қаншалықты улайтынын бағамдау қиын емес.

Діндар адаммен сөйлесе қалсаңыз, ол бәрін діни ұстаным шеңберінде ұғынып түсінеді және соған өздерін әбден сендіріп алғанын көресіз. Ол қалыптасып қалған осы ұстанымға сәл-пәл қайшы келетін нәрсені естісе, бұны күпірлік санап, бірден теріс пікір білдіреді. Ол, тіпті ойланып, ақыл таразысына салып, әлгі адамның айтқаны қаншалықты дұрыс немесе теріс деп басын ауыртпайды. Жаттанды алдын ала белгіленген формула бар, соған салады да, мын,ау дұрыс, мынау теріс деп бір-ақ кеседі. Әрине, бұның бәрін өз ақыл-ойымен емес, қатып қалған қалыптасқан ұстаным шеңберінде жасайды. Яғни, бұндай адамның санасы сол қалыптасқан тар шеңбердің ішінде мәңгі қалады. Ол сол шеңберден шығуды ешқашан ойламайды және оның ар жағында не бар дегенге басын ауыртпайды.

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика