84 көрілім

Егер тарихқа назар аударып қарасаңыз, діни түсініктер адамзат баласымен бірге жасасып келе жатқанын бағамдауға болады. Бүгінде археологтар анықтағандай, ежелгі адамдарда да діни түсініктер болған. Адамзат баласы ұстанатын бес дәстүрлі діннің ішіндегі ең ежелгісі – индуизмге 5 мың жыл болса, иудайзм бастауын 3 мың жылдан алады, ал буддизм — 2,5 мың, христиан — 2 мың, ислам діні – 1,5 мың жыл бұрын пайда болған.

Адамзат қоғамындағы діннің орны

Жоғарыда айтылған жайлардан ұғарымыз – бүгінде ұстанып жүрген дәстүрлі діндеріміздің пайда болып, өмірімізге енгеніне тарихи тұрғыдан алғанда көп уақыт өтпеген.  Яғни, бұл діндердің бәрі бертініректе пайда болған.

Орыстарда «каждый лягушка хвалит свои болота» — қазақшасы – әр бақа өз батпағын мақтайды – деген мақал бар. Осы мақалды қазіргі діни ұстанымға қарата қолдануға болатындай. Мәселен, христиан дінін ұстанушыдан «қай дін жақсы?» деп сұрасаңыз «әлбетте, христиан дінінен таза дін жоқ» деп жауап береді және өзге діндерде бұрмалаушылықтарға жол берілген деп санайды.

Ал, ислам дінін ұстанушыдан «қай дін жақсы?» деп сұрасаңыз, «исламнан артық дін жоқ» деген жауап аласыз. Иудейлер барлық дін бізден таралған, ең таза және діндердің қайнар көзі – біздің дін деп санайды. Индустар мұсылманмен қол алысып амандаспайды, тіпті мұсылманды көшеде көріп қалса, дереу дәрет алып, тазарады.

Дәстүрлі діндердің ұстанымдары мен түсініктеріне назар аударатын болсаңыз, кез-келген діннің адамдардың бойында имани, жақсы қасиеттерді орнықтыруға үндейтінін бағамдауға болады. Діни шарттарды орындау, сол шарт талабымен өмір сүру – адамның бойында қайрымдылық, жомарттық, кешірімшілік, кішіпейілдік сияқты имани жақсы қасиеттерді орнықтырады. Сондай имани қасиеттерді бойына орнықтырған адам ғана жұмаққа кіріп, тамұқ азабынан құтылмақ.

Дәстүрлі діндердің бәрінің ұстанымы  ұқсас. Ол  — Жаратқанның барлығына, бірлігіне сену және Оған шын ниетпен беріліп құлшылық жасау. Дәстүрлі бес діннің бесеуі де – осыны үйретеді. Яғни, діннің қоғамдағы орны – адамдардың бойына имани қасиеттерді орнықтыру арқылы оны нағыз АДАМҒА айналдыру.

Бүгінгі діндер неге өз миссиясын орындай алмауда

Осы айтылған жайлардан түйеріміз: дәстүрлі діндердің бірін ұстаған адам міндетті түрде күнәсінен тазарып, жаман әдеттерден арылып, бойына жақсы қасиеттерді сіңіруі тиіс. Ал қазіргі күні өкінішке орай дәстүрлі дінді ұстанып жүргендердің арасында бойларында имани жақсы қасиеттерді сіңіргендері өте аз, керісінше өзге дінді ұстанушыларға жеккөрінішпен қарау, тәкаппарлық, нәпсіқұмарлық, мансапқорлық, мақтаншылық, сараңдық сияқты жаман қасиеттер олардың бойынан анық байқалады.

Дәстүрлі діндерді ұстану арқылы адамдар неге күнәларынан тазарып, имани қасиеттерді бойларына сіңіре алмай отыр? Бұның себебін ұғыну үшін адамзат адам ғана емес, барша тіршілік үшін теологиялық ілімнің қайнар көзі саналатын — ведалық ілім  түсінігінде дін дегеніміз – бұл кемтар адамдардың сүйенетін құралы сияқты нәрсе деген ұғынымға назар аударуымыз қажет.

Мәселен, сіздің аяғыңыз сынды делік. Сынған жерді  салған дәрігер оны гипстеп қатырып тастайды. Енді сіз сынған аяғыңызбен жер басып жүре алмайтындықтан, қолыңызға балдақ ұстайсыз. Балдақ сіздің жүріп-тұруыңызды жеңілдетеді. Біраз уақыт өткен соң аяқ сүйегіңіз қатып, қалпына келген кезде гипс алынады. Енді сіз өз аяғыңызбен жүре алатын боласыз. Сондықтан балдақты тастау қажет болады. Ал балдағыңызды тастамасаңыз, күні кеше жүріп-тұруыңызға көмектескен балдақ, енді  залалын тигізетін болады.

Дін де сол сияқты. Адамзат баласы дамудың алғашқы сатысында тұрғанда оларға әруаққа, күн, ай, от сияқты стихияға сеніп, табыну міндеттелген. Одан кейін адамзат баласы дамып, белгілі бір сатыға жеткенде барша әлемді жаратушы және билеуші – бір Құдайға құлшылық жасау міндеттелді. Ал қазіргі күні адамзат баласы дамып, одан да жоғары сатыға көтерілген сәтте – енді бұл діни түсінік пен құлшылық жасау шарттары аяғы біткен адамның балдағы сияқты қажетсіз болып қалды. Ендігі уақытта дін адамдарды жоғары көтеріп, дамытпайды, керісінше діни тар түсінік шеңберінде ұстап, адамдардың Алла жаратқан әлемді танып, білуіне кері әсерін тигізеді.

Діни түсінік адам санасын шектейді

Ислам дінін ұстанушы адамға діни түсінігіне сәл сыйыспайтын жай туралы айтсаң, оны қабылдамайды және солай жасап қана қоймай, сені дінсіз, кәпір деп айыптайды. Мәселен, ислам дінінің түсінігі бойынша Алла әлемді осыдан белгілі бір уақыт бұрын жаратқан. Адамды топырақтан жаратып, ол ұйықтап жатқанда қабырғасын алып одан әйел жаратқан.

Христиан дінінде Құдай сақалы желбіреген қарт адам түрінде бейнеленеді және  Оған адамға тән ашулану, ызалану, кектену сияқты педелік қасиеттер тән. Ал мұсылмандар үшін керісінше, Алла түр-тұрпаты жоқ, газ немесе нұр іспетті, тіпті адамның ақылына сыймайтын жаратылыс иесі. Оның формасы да, сезімі де, мекені де жоқ. Осындай Жаратушыны енді қалай түсінуге болады?

Мұсылмандар мен христиандардың түсінігінше адам бір-ақ рет жаратылып, өлген соң қиямет қайымда қайта тіріледі. Одан кейін жасаған күнә-сауаптарына сай сотталып, не мәңгі бақи жұмаққа енеді, болмаса мәңгі тозаққа құлайды. Егер сіз осы түсініктерге сенбеуішілік танытсаңыз, онда кәпір атанасыз.

Осы жайлардан байқалғандай, қазіргі дәстүрлі діндер аяғы бітіп кеткен адамның балдағы сияқты ендігі уақытта адамзаттың алға жылжып, даму биіктеріне көтерілуіне кедергісін тигізуде. Неге дейсіз ғой? Енді осыған аздап тоқтала кетейік.

Веда іліміне сай тіршілік күн мен түн сияқты ұдайы жаратылып, содан кейін жойылып отырады. Бұның бәрін Алла Өзі жасамайды. Бұны Алланың қуаты жасайды. Қуат – Алланың бақылауында жұмыс істейді. Адам жаны – мәңгілік. Ол ешқашан жаратылған жоқ, жаратылмайды да. Ол әуел бастан бар және мәңгі бола береді. Ал тән деген уақытша сыртқы қабық қана. Жан иесі тәнін үнемі ауыстырып отырады. Өлім деген бұл ұйқы сияқты. Ұйықтадың, таңертең оянасың да ары қарай тірлігіңді жалғастырасың. Осылай мәңгіге жалғаса береді.

Өкінішке орай, бұндай түсінік қазіргі дәстүрлі діндерге жат. Сондықтан дәстүрлі діндер ондай мәңгілік туралы және шегі де, шеті де жоқ Жаратқан жайындағы түсінікті қабылдай алмайды. Оны қабылдау үшін қазіргі дәстүрлі діндердің тар түсінік ауқымынан шығу қажет болады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика