81 көрілім

Кеңес заманында құдай жоқ, адам маймылдан жаратылды деген атеистік түсінікті мектептен бастап санасына берік сіңірген дінсіз ұрпақ қалыптасқан еді. Ол кезде дін жолын надан, білімсіз қарт адамдар ғана ұстанады деген түсінік бар болатын. Ал қазір жағдайдың бәрі керісінше болып тұр. Ендігі күні дінді ұстану мақтаныш, тіпті сәнге айналып бара жатқандай.

Діндар болу міндет емес, иманды болу парызың

Дін дегеніміздің өзі Жаратқан тарапынан пайғамбарлары арқылы адамзатқа берілген Құдайға құлшылық ету тәсілі. Қандай діннің болмасын ең басты МАҚСАТЫ – АДАМНЫҢ БОЙЫНА ИМАНДЫЛЫҚ ҰЯЛАТУ. Имандылық дегеніміз – бұл қайрымдылық, сабырлылық, жомарттық, кішіпейілділік, кешірімшілдік, нәпсіні тыюшылық, қанағатшылық, т.б. осындай игі қасиеттер. Соның бәрі жиналып имандылық деген Жаратқанға адамды жақындататын қасиетті құрайды.

Егер сіз діни шарттарды орындай жүріп, бойыңызға жоғарыда аталған кішіпейілділік, қайрымдылық, сабырлылық сияқты жақсы қасиеттерді орнықтыра алмасаңыз, мақтаншақ, тәкаппар, қызба, дөрекі, нәпсіқұмар болсаңыз, онда сіздің ДІНДАРЛЫҒЫҢЫЗДЫҢ ҚҰНЫ КӨК ТИЫН. Яғни, сіз түбі тесік шелекпен су тасыған әпенді сияқты ӨНБЕЙТІН ІСПЕН АЙНАЛЫСЫП ЖҮРСІЗ.

Мына нәрсеге назар аударыңыз: кез-келген іспен айналысқанда оның белгілі бір нәтижесі болады. Мәселен, сіз күнде арақ ішіп жүрсеңіз, оның нәтижесі сізді маскүнем деген дертке ұшыратады. Егер сіз күнде дене жаттығуын жасап, салауаттылықты ұстансаңыз, онда денсаулығыңыз жақсарып, ауру-сырқаудан аулақ боласыз. Ал егер сіз спорттың белгілі бір түрімен шындап айналысып, көп уақытыңыз бен күш-қуатыңызды жұмсайтын босаңыз, онда спорттың сол түрі бойынша кәсіпқой спортшы деңгейіне жетесіз. Бұл – АҚИҚАТ.

Бұндай жағдайда басқаша болуы мүмкін емес. Мәселен, сіз күнде арақ ішіп жүріп маскүнемдікке салынбасаңыз,  салауаттылықты ұстана жүріп, денсаулығыңыз жақсармаса, спортпен айналыса жүріп еш нәтижеге жетпесеңіз – онда сіз бұл шаруаларды ДҰРЫС АТҚАРЫП ЖҮРГЕН ЖОҚСЫЗ. Яғни, сіз бұл істерді шала-шарпы, немқұрайды атқарасыз, сондықтан күтілген нәтижеге жете алмайсыз.

Көтере алмас шоқпарды қарыңа ілме

Дін де сол сияқты. Егер сіз діни шарттарды орындай жүріп, бойыңызда жоғарыда аталғандай ешқандай имандылық қасиеттер орнықпаса, керісінше тәкаппар, дөрекі, ашуланшақ, сараң және нәпсіқұмар болып қалсаңыз, онда бұл сіздің ДІНИ ШАРТТАРДЫ ДҰРЫС ОРЫНДАМАЙ ЖҮРГЕНДІГІҢІЗДІ КӨРСЕТЕДІ.

Ислам, христиан сияқты дәстүрлі діннің бірін ұстанып, діни шарттарды орындасаңыз, онда сіздің жүрегіңізде  МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ИМАНДЫЛЫҚ ҰЯЛАЙДЫ. Ал олай болмаса, онда бұл сіздің діни шарттарды теріс орындағаныңыздың салдарын көрсетеді.

Қазір екінің бірі мұсылман болып алды. Қаршадай жас балалар мектептегі сабағын тастап, мешітке намазға барады. Сырт қарағанда бұл өте тамаша нәрсе. Жас баланың Аллаға құлшылық етуге құлшынуы мақтауға тұрарлық-ақ іс. Десе де, оның екінші жағы бар. Әлгі бала Аллаға шын жүрегімен құлшылық етіп, діни шарттарын бар ықыласымен беріле орындай ма, діни шарттарды 100 пайыз сақтай ма? Мәселе сонда. Егер ол ата-анасының айтуымен, айналасындағы құрбыларының әсерімен жәй еліктеушілікпен жасап жүрсе, оның бойында мың жылда да ИМАНДЫЛЫҚ БОЛМАЙДЫ. Мейлі ол күніне бес, тіпті елу рет намаз оқысын, таңертеңнен кешке дейін мешіттен шықпасын, жыл сайын қажыға барсын, бәрібір ИМАНСЫЗ КҮЙІНДЕ ҚАЛАДЫ.

Дін деген – БҰЛ МОДА ЕМЕС. Оны мақтаншылықпен, жұртқа көрсетіп, міне көрдіңдер ме, мен қандай мұсылманмын, намаз оқимын, қажыға бардым, ораза ұстаймын, жұмақтың кілті қалтамда деген менмен пейілмен, тәкаппар көңіл күймен жасасаңыз, онда  оқыған намазыңыз бойыңызға имандылық ұялатпайды, керісінше бойыңызға нәпсі-сайтан ұялап, НӘПСІНІҢ ҚҰЛЫНА АЙНАЛАСЫЗ. Оған дәлел – сәлафи, уахаби деген жат ағымдардың өкілдерінің дін өкілдері түгілі, қарапайым пенделерді шошытатын теріс әрекеттеріі. Оған дәлел, бүгінде намаз оқып, «мұсылман» болып жүргендердің бойындағы мақтаншылық, тәкаппарлық, нәпсіқұмарлық сияқты жаман әдеттерінің болуы.

«Көтере алмайтын шоқпарды қарыңа ілме» деген сөз бар. Егер сіз ДІНИ ШАРТТАРДЫ   100 ПАЙЫЗ САҚТАУҒА ШАМАҢЫЗ ЖЕТПЕСЕ, онда діннен 100 шақырым аулақ жүріңіз. Тіпті, қарапайым аң-құста да кие деген болады. Ал ДІННІҢ КИЕСІ ӨТЕ АУЫР БОЛАДЫ. Егер сіз діни шарттарды дұрыс сақтамай, дін жолын ұстасаңыз ДІННІҢ КИЕСІ ҰРАДЫ. Бұл – АҚИҚАТ!!!!!!!!!

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика