1 102 көрілім

102Дін туралы түрлі пікірлер, түсініктер бар. Материалистік ғылым дін атаулыны түгел адамның табиғаттың алдындағы дәрменсіздігінен туған ойдан шығарылған түсінік деп санайды. Тіпті, дін жолымен жүретін адамдардың өздерінің арасында дін дегеніміз не, оның мәні, мақсаты қандай деген мәселелерге көңіл бөлмейтіндер көп.

Ойдан шығарылған секталар мен діни ағымдарды былай қойғанда, бүгінде адамзат баласы ұстанып жүрген бес дәстүрлі діннің мән-мақсатына назар аударып қарайтын болсақ, адамның бойындағы ізгі қасиеттерді дамытып, жамандықтан жеріндіру екендігін бағамдаймыз.  Жалпы дін атаулы ешқашан жаман бол деп айтпайды.

Ислам діні – имандылықтың негізі

Ислам дінінің тарата айтар болсақ қырық парызы бар екен, соның бірі – ілім-білім үйрену. Ілім-білім болғанда кәдімгі дүниәуи ғылымдар емес, дін ілімін үйрену. Ерте заманда Қожа Ахмед Яссауи бабамыз сияқты дін ілімінің шыңына көтерілген әулиелер көп болған. Атеистік түсінік белең алған кеңестік қоғам адамдардың санасын өзгертті. Соның салдарынан әлі күнге дейін арыла алмай келе жатқан жайымыз бар. Әсіресе, аға ұрпақ өкілдері арасында құдайсыздық түсінік көп кездесіп жатады. Жасына қарамай арақ-шарап ішетін қарияларымыз аз емес.

Діннің масқаты не? Ислам дінін ұстанатын адам күнәлі істерден тиылып, діни парыздарын орындауға міндетті. Күнәлі істерден аулақ болу  дегеніміз арақ-шарап ішпеу, зина жасамау, ұрлық, өтірік-өсектен тиылу, харам тамақ жемеу. Сондай-ақ мұсылман баласы бойына   кішіпейілділік, қайрымдылық, қарапайымдылық, кешірімділік, сабырлылық сияқты имандылық қасиеттерді жинауы қажет. Сонымен бірге, ол бес уақыт намаз оқу, ораза ұстау, хажыға бару, қайыр-садақа беру сияқты діни парыздарын орындауы тиіс. Ал, енді шариғат жолымен жүріп, яғни күнәлі істерден аулақ болып, діни парыздарын орындаған мұсылман баласының бойында жоғарыда айтқанымыздай имандылық қасиеттер орнығып, жаман әдеттерден арыла бастамақ. Исламның басты мақсаты да адамды осындай имандылықты бойына сіңірген тақуалық деңгейге көтеру.

Өкінішке орай, бүгінде исламның мақсаты мен мәнін түсінбейтіндер діни парызымызды орындап жүрсек жетеді деп ойлайтындар көп. Егер сіздің бойыңызда имандылық жақсы қасиеттер ақырындап орнығып, жаман әдеттерден арыла бастасаңыз, онда сіздің жасаған тағат-ибадаттарыңыз қабыл болып, рухани өсу жолына түскеніңіз даусыз. Ал егер бес уақыт намазыңызды оқып, ораза ұстағаныңызға қарамастан, бойыңызда тәкәппарлық мақтаншақтық, ашушаңдық, дүние, байлық, мансапқа құмарлық сияқты жаман әдеттер болса, онда сіздің намазыңыз да, оразаңыз да далаға кетіп жатыр деген сөз.

Ілімсіз дін қураған ағаш сияқты

Бүгінде дін атын жамылып жазықсыз адамдарды қырып-жоюмен айналысатын лаңкестер көбейді. Әлемдегі есірткінің 90 пайызын Ауғанстан өндіреді екен. Ал сол жазықсыз жандардың қанын төгіп жүрген діни экстремистер мен адамзаттың жауы – есірткіні өсіріп, таратумен айналысатындардың бәрі өздерін «мұсылманбыз» дейді. Олар бес уақыт намаздарын қаза жібермейді, ораза да ұстайды.  Бірақ жасап жүрген істері дін түгілі, қарапайым адами қасиеттерге қайшы.

Ілім-білімсіз дін фанатизм деп аталатын жазылмайтын қатерлі «ауруға» ұрындырады. Өздерін мұсылманбыз деп арабша сөздерді араластыра сөйлейтін, бірақ сөзі мені ісінен тәкаппарлықтың, мақтаншылықтың, өркөкіректіктің, басқа да сондай жаман қасиеттердің исі аңқып шығып тұрған адамдардың бойында шындығында ешқандай діни ілім-білім жоқ. Олардың жасап жатқан тағат ибадаттарының бәрі құмға құйған су сияқты із-түзсіз жоғалып жатыр. Өкінішті-ақ…

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика