1 260 көрілім

рухани білімҚазақ тілінде өзін өзі жетілдіру (самосовершенсвование) деген сөз көп қолданылмайды. Неге десеңіз, бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде кең таралған ғылымның бұл түрі бізде кенжелеп қалған. Өзін өзі жетілдіру дегеннің не екенін естімеген, одан мүлдем бейхабар адамдар көп.
Алланың адамға берген ең үлкен сыйы – тән. Адам тәні әлемдегі ең күрделі машина. Адам миының өзі үш миллиардтан астам клеткадан тұрады екен. Адам миымен салыстырғанда ең керемет компьютер дегенің таудың жанындағы қиыршық тастай түкке тұрғысыз болып қалады. Ал осындай керемет машинаға ие адам соны қалай пайдаланып жүр?

Оқымаса ой тоқырайды.

ҚазМУ-де оқып жүрген кезімде бізге Бақтажар Мекішев деген кісі сабақ берді. Ол «30 жасқа дейін мың кітап оқымаған адам адам емес» дегенді жиі айтатын. Бүгінгі жастардың арасынды мың түгілі, бір кітап та оқымағандары кездеседі. Әрине, жастардың білімді теледидардан, интернеттен алатыны рас, дегенмен, одан кітаптағы сияқты егжей-тегжейлі түсінік ала алмайсың.

Ең қайтарымы мол инвестиция – білім. Білім болғанда бүгінгі оқу орындарындағыдай жалаң теорияға негізделген ақпарат емес, нақты іске асыруға және сол арқылы нәтижеге жетуге болатын білім қажет.

Білім дегеніміздің өзі тәжірибеде қолдану арқылы нәтижеге жеткізеті ақпарат. Ал олай болмаған жағдайда, ол жәй ақпарат қана болып қалады. Бүгінгі бірнеше жоғары оқу орнын бітірген «білімдардан» өткен ғасырларда тірлік кешкен сауатсыз қарапайым адамның білімі әлдеқайда артық болған. Неге десеңіз, бірнеше оқу орнын бітірген бүгінгінің адамы сол білімін нақты іске жаратып, жемісін көріп жатқан жоқ. Оның басындағы пайдалы ақпараттар өлі дүние іспетті.

Ал өткен ғасырдың қазағы малды қалай бағып, қалай өсіру, оның өнімін тиімді пайдалану, далада картасыз, компассыз жолды жаңылмай табу, ауа райын түрлі белгілерге қарап болжау сияқты өмірге аса қажетті жайлардың бәрін де бес саусақтай білген және оны нақты тәжірибе жүзінде қолданған. Білім дегеніміз – осы.

Заманды өзгерту қолыңнан келмесе – соған бейімдел.

«Заманына қарай адамы» деген сөз бар. Заман ағымы адамдардың дүниетанымын, ұстанымын, өмір сүру дәстүрін үнемі өзгертіп отырады. Тоқтаусыз ағатын өзен суы сияқты бұл құбылысты ешкім, ешқашан өзгерте алмайды. Зерделі адам заман ағымын дұрыс бағамдап, соған ерте бастан бейімделмек.

ХХІ ғасырды «ақпарат ғасыры» деп атап жүр. Интернет жүйесі әлем елдерінің арасындағы шекара атаулыны түгел жойды. Интернет арқылы кез келген ақпаратты ала аласың. Егер ақылға салып, болашаққа болжам жасағымыз келсе, болашақтың интернет ғасыры болатынын аңғару қиын емес. Осыған орай, зерделі жан компьютер тілін меңгеріп, интернетпен жұмыс істеуге ден қоймақ.
Бүгінде үлкен қызметтің тізгінен ұстап жүрген бір кісі журналистерге «компьютермен емес, қолмен жазыңдар» деп қатаң талап қоятын. Өзі компьютерді меңгере алмай кетті. Ал жоғары қызметке барған соң әлгі амалсыз басқалар сияқты наутбук сатып алып, соны үйрене бастады.

Интернет ғасыры.

«Мәскеу көз жасына сенбейді» деп аталатын фильмнің кейіпкері сонау 1960-шы жылдарда «енді 20 жылдан кейін театр да, кино да болмайды, бәрі телевидениеге айналады» дегенді айтады. Қазір соның айтқаны айнымай келді. Театрға, кинотеатрға бүгінде ешкім бармайды. Бәрін де үйде теледидардан көруге болады.

Сол сияқты енді он жылдан кейін газет те, жорнал да, тіпті қағаз кітап та болмайды, түгел интернетке айналады десек, шындықтан алыс кетпеспіз. Қазіргі даму бағдары осыған қарай келе жатқаны көрініп тұр. Ендеше, осы бастан интернет ғасырына бейімделіңіз, ағайын.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика