403 көрілім

ақшаБір жалақыдан екіншісіне қарызданып-қауғаланып әзер жетіп жүретін адамдар көп және олардың бәрі дерлік бұның себебін жалақының аздығымен, бағаның қымбаттығымен түсіндіруге бейім. Шындығында әрдайым ақша тапшылығын сезінудің астарында  имандылықтың аздығы жатыр.

Мен қалай ақша тапшылығынан құтылдым

Кеңес заманында сырттай оқуға түсіп, жұмыс істей жүріп оқып білім алдым. Жалақым да жаман болған жоқ. Тегін жатақхана. Бірақ соған қарамастан, бір жалақым екінші айға әзер жетіп, үнемі ақша тапшылығын сезініп жүретінмін. Кейін оқу бітіріп, қызметке тұрған соң да ақша тапшылығынан құтыла алмадым.

Жазушылыққа бой ұрып, мықты жазушы болу үшін философ болу қажет деген американдық қаламгер Джек Лондонның сөзін жадымда ұстанған мен  пәлсапаға ден қоя бастадым. Оның ақыры Інжіл, Құран, Тәурат, кейінірек Бһагавад Гита сияқты діни кітаптарды оқуға алып келді. Сөйтіп, 1994 жылдан бастап діни пәлсапаға мықтап ден қойдым.

Дін ілімі жүрегіме ұялай бастаған тұста ораза ұстап, мешітке барып қайыр-садақа беруді әдетке айналдырдым. Сол-ақ екен ақша тапшылығы да жойылды. Шынын айтқанда, жалақым аздап өскенмен, баға еселеп көтерілетін, бірақ соған қарамастан, жалақым бәріне еркін жетіп жатты. Міне, содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. Әлі күнге дейін тірі пендеден соқыр тиын қарыз алған емеспін, керісінше айналамдағы адамдардың көбі  меннен қарыз алып жатады.

Байлық  —  адам санасының көрінісі

Байлық деген материалдық байлықпен, ақшамен өлшенетін игілік емес. Рас, имансыз адамдардың арасында да байлары аз емес. Бірақ, ондайлардың малынып киініп, сәулетті сарайларда тұрғаны, ақшаларын түкке тұрғысыз нәрселерге оңды-солды шашатыны болмаса,  жан дүниелері тақыр кедей күйінде қалады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Көкшетау қаласындағы автобус парктерінің бірінің қожайыны маған кітап жазуға тапсырыс берді. Автобус паркінің құрылуының 10 жылыдғына арнап әлгі кісінің атынан кітап жаздым. Содан жазып болған соң ол бағасын сұрады. Мен кітап жазып табыс тауып жүрген бір жігіттің айтуымен, 1 миллион сұрап едім, әлгі «ондай ақшаға кітап жазғызғанша, жазғызбай-ақ қойамаймын ба» деп шалқасынан түсті. Содан ол 350 мың теңге беремін деді, оның өзін бөліп-бөліп төлейтін болда.

Жазған құлда шаршау жоқ дегендей, амалсыз әлгі кәсіпкердің айтқанына келістім. 150 беттей болатын бір айдан астам уақытымды сарып қылып жазған еңбегімнің ақысын бірақ ол толық төлемеді. Небары 50 мың теңге төлеп, «ақшам жоқ, кітапты бастырмайтын болдым» деп жылы жауып қойды. Ат шаптырым котеджі, бірнеше қымбат бағалы жеке көлігі бар, оның үстіне қаладағы іргелі автобус паркінің қожайыны әлгі кәсіпкер «ақша жоқ» деп аузын қу шөппен сүртуге құмар екен. Онымен аздап араласқан  уақытта сырты жылтыр болғанмен, жан дүниесі қайыршыдай кедей екенін анық түсіндім. Әр тиынын есептеп отыратын мұндай пенделерді бай деп айтуға бола ма?

Өзін-өзі жетілдіру ілімінің білгірі саналатын Брайан Трейси бай адам ешқашан өз байлығын жұртқа көрсетіп мақтанбайды, керісінше қарапайым тірлік кешіп, бірақ өзіне, отбасына, туыс-бауырларына қажет үшін ақшаны аямайды дегені – байлыққа берілген дәл баға іспетті. Бай адамның көңілі де бай болуы тиіс. Яғни, қарапайымдылық, кішіпейілділік, жомарттық, қайрымдылық сияқты жақсы қасиеттер оның бойынан молынан табылып жатуы қажет. Міне, сондай адамды бай деуге болады. Ал, қырық күн қусаң қу құмалақ түспейтін, әр тиыны үшін зар қағып, жаны шығып бара жатқандай  сезінетін, өзге түгілі өзіне жұмсауға ақшасын аяйтын пенденің бай деуге бола ма? Жоқ.

Ақшадан тапшылық көрмеймін десеңіз

Ақшадан тапшылық көргіңіз келмесе, ең алдымен ақыл-ойыңызды өзгертіңіз. Мәселе, жалақының аз-көптігінде емес, мәселе ақыл-ойдың тазалығы мен пейілдің кеңдігінде. Ақыл-ойы таза, кеңпейілді жан ешқашан ақшадан тапшылық көрмейді. Бұған ширек ғасыр имандылықты серік еткен мен кәміл сенемін. Өйткені, оны күнделікті өмірімде үнемі бастан кешіріп жүремін. Жалақым аз, тіпті ауыз жарығысыз деңгейде болған кездерім де болды, бірақ Алла әйтеуір бір несібесін беріп, ақшадан ешқашан тапшылық сезбедім. Қазір де тапқаным  қажетіме толық жетеді және артылып қалады. Айналамдағы адамдарға үнемі қарыз беріп, мұқтаждарына көмектесіп тұрамын. Өзіме ұнайтын нәрсенің бәрін өзімді қыспай сатып аламын. Ақшам соның бәріне жетеді. Тапшылық деген баяғы имандылықтан аулақ жүрген күндермен бірге мәңгі келмеске кеткендей.

Ақшадан тапшылық көрмеймін десеңіз, ақыл-ойыңызды өзгертіңіз, имандылықты серік етіп, күнадан аулақ таза жүріңіз және әрдайым қайыр-садақа беріп, сауапты іс жасаңыз. Сонда АҚШАҒА ДЕГЕН ТАПШЛЫЛЫҚТАН МӘҢГІ ҚҰТЫЛАСЫЗ.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика