Еліктеушіліктің астарында не бар?

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Алла тағала адамзатты барлық жаратылыстан абзал етіп жаратып, бір ата бір анадан өрбітіп, ұлттарға бөлуі ұлы бір хикмет. Әр ұлтқа өзіне тән тіл мен ерекешеліктер берді. Әр халықтың өзіне лайықты салт-дәстүрі, түр-түсі бар. Адамдар басқа бір ұлттың тілін үйреніп,  дәстүрі мен тұрған жерінің ерекшеліктері қызығады. Адамзатты махаббатпен жаратқан Раббымыздың өміріміздің бір қалыпты болмай сан қырлы болуы үшін қажетті бір хикметі. Алайда, адамның түр-түсі мен тілі, дәстүрі мен мекені әртүрлі болғанымен, бүкіләлемнің және барша адамзаттың жаратушысы бір Құдай.

Аллаға сансыз шүкір біз, қазақ халқы ежелден мұсылман үмбетіненбіз. Біздің елге қарай VIII-ғасырларда жорығын бастаған мұсылман әскерлерінің келуінен бастау алған Ислам діні қазақ халқы үшін 12 ғасырдың ішінде ата дініне айналды. Біздің өзіміздің кеңпейілдікке баулитын салт-дәстүріміз бен бай тіліміз, кең байтақ жеріміз бар. Шүкіршілік.

Бірақ, соңғы уақытта, жаһанданудың әсері ме, әлде халқымыздың еліктеушілік әдетінен бе, салт-санамызға да ата дінімзге де кереғар неше түрлі әрекеттер көрініс таба бастады. Көрініс тапқаны былай тұрсын, санамызға сіңіп, төрімізден орын беретін жағдайға жетіп қалдық па деп ойлайсың кейде.

Төрімізе сол күйінде шығармасақ та былыққан аяқ киімін өз қолымызбен тазалап, атын өзгертіп қабылдай беретін болып барамыз. Мұнымен айтпағымыз, қазіргі жастардың бойына дендеп кіріп, орта жасқа жақын үлкендердің өзін арбап әкетіп жатқан әртүрлі тексіз мерекелерді атап өтудің рухани зияны.

Атын өзгертіп, аяғын тазалап төрлету дегендегі сөзіміздің мәні мынада: кейінгі кезде сорымызға пайда болған «Әулие Валинтин» күнін әумесер белсенділердің «Қозы Көрпеш, Баян сұлу күні деп тойлау керек» немесе «Махаббат күні деп атау керек» деген сияқты ойларын қолдап, оны іске асырып  жүрген, қалай атап өтуін үйрететін «данышпандар» мен қазақшалау керек дейтін «ұлт жанашырлары»  шықты. Бұл жағдайда не өзгереді? Не түзеледі? Сонда Валентин деген атасы басқа, діні бөлек біреуді асырап алып мұның аты бүгіннен бастап Қозы Көрпеш болады деп атын ауыстырса, ол қазақ болып кете ме сонда?

Ал оның рухани жағынан кереғарлығын сөз етер болсақ, ата дінімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Тіпті қайшылығы орасан. Ардақты Пайғамбарамыз саллаллаһу аләйһис-сәләм 
 «Кім қандай да бір қауымға ұқсаса, ол солардан» деген сөзін ескерсек, атасы басқаларға еліктеу кесірінен, қазақ боламыз деп жүргенде, Қозы көрпештеріміз намысынан, Баян сұлуларымыз арынан айрылып, мазақ болып қалмаймыз ба?

«Ауру батпандап кіреді, мысқылдап шығады» демекші, есіктен кеше кіріп, бүгін төрімізден орын алған мұндай кеселді ертең қайта шығару қиынға соғары анық. Ол аз болғандай, жастар арасында мұхиттың арғы жағынан келген «хэлуин» деп аталатын жындар мерекесі дендеп барады. Бір Құдайды пана тұтып, Оған ғана бас иген қазақтың қазіргі ұрпағы, жын-шайтанға бас иіп, солардың кейіпіне еніп, киімін киіп, қиқулағанына мәз.

«Мыналарың не?» деп ақыл айтып, тоқтау салып жатқан үлкендерді байқай алмайдық. Кейбір «үлкендеріміз»:«жастар ғой, ештеңе етпес» дегеннен аса алмай жатыр. Наурызда көшеге ұл-қаздарына ұлттық киімді кигізе алмаса да, жындар күніне қорқынышты әлпет пен киімдерін киінуге ақша жұмсаған ата-аналардың да жауапкершілігі болуы керек-ау.

Ата-бабасынан мұсылман болып келген ұрпақтарыдың сырттан келген біреулерге еліктеп, есіріп жүргені Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уә сәлләм айтқан заманға жеттік пе деп қаласың, еріксіз.

Әбу Саъид әл-Худри Аллаһтың Елшісінің (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізген:

 «Сендер міндетті түрде өздеріңнен бұрын өмір сүргендердің әдет-ғұрыптарына ізбе-із ілесесіңдер. Тіпті, олар кесірткенің ініне кірсе де, сендер міндетті түрде олардың соңынан ересіңдер». Кейін Абу Са‟ид: «Біз одан: «Уа, Аллаһтың елшісі, сіз яһудилер мен насранилерді меңзеп тұрсыз ба?» — деп сұрадық. Ал ол: «Басқа кімді», — деді», — деп айтқан. [Бухари; Муслим; Ахмад]

Тирмизидің хадис жинағындағы бір хадисте: Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Бізден болмағандарға (мұсылман еместерге) еліктеп-ұқсайтындар бізден емес. Яһудилерге де, Насранилерге де  еліктеп-ұқсамаңдар», — дегенін баяндаған

 

Валентинді пір тұтқан жастар, өз қазақғымыздан шыққан әулие мен абыздарын танымайды. Хэлуин келді деп беттерін әлем-жәлем бояған бауырларымыз өзінің ұлттық киімін жылына бір рет наурызда не айтта киіп шыға ала ма? Егер мерекелегіш болса, бірінші өзінің барыңды бағалап, ар намысын сақтауға тиісті емес пе еді?!

Дәл осы бағытпен балаларымыз өсе берсе, олардың санасы осылай улана берсе не болмақ? Бұлар келешек біздің үміт күткен ұрпақатарымыз емес пе? «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, осындай бағытпен өскен бұлардан біреуі ертең ел басына шықса, әкім не министр болса, валентин мен хэлуинді күнтізбеге кіргізіп, қызылға бояп, мемлекеттік дәрежеге жеткізіп қоймасына кім кепіл. Өйткені жыл сайын тойланып өте бергесін, халықтың санасына сіңісіп, еті үйреніп кетсе бұған да көне салатын болармыз соңында.

Осындай сорақылыққа жеткізбей тұрғанда баршамыз, соның ішінде жоғарыдан бастап барлық жастар тәрбиесіне жауапты қоғамдық орталар мен барлық білім мекемелері дін мен ұлт жанашырларымен бірлесіп, блогер мырзалар да атсалыса отырып, бұл дендеп бара жатқан дерттің түбіне балта шабуымыз керек.

Бүгіннен бастамасақ ертең кеш болады. Пайғамбарамыз бір сөзінде: «Бір жамандықты көрсең қолыңмен тоқтат, оған шамаң жетпесе сөзіңмен тоқтат, оған да шамаң келмесе жүрегіңмен жек көр, бұл иманның ең әлсіз түрі» деген екен. Ең болмағанда бұл кесір күндерге байланысты шараларға қолдау көрсетуден алыс болайық.

Жамандық пен күнәні өзіміз жасамасақ та оның орын алуына себеп болудың өзі соны жасағанмен бірдей күнә екенін естен шығармайық.

Дінінен, тілінен және салт дәстүрінен ажыраған елден береке қашады. Ал мына аталып өтілген жағдайлар салт-санамыздан да, иманымыздан да алыстатары сөзсіз.

Еліміздің ертеңіне алаңдасақ, жастарымыздың болашағын ойлауымыз керек. Ол үшін жастарға имандылықты, салт-дәстүрді, дәстүрлі ата дініміз бен қастерлі ана тілімізді осы бастан сіңіре білуге тиіспіз.

Алла тағала қазақ еліне жар болсын! Кең байтақ жерімізге береке, халықымызға ауызбіршілік пен бейбітішілігін нәсіп етіп, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

 

Нұрлан ӘБЕНҰЛЫ,

«Ғалым» мешітінің Бас имамы.

Көкшетау қаласы.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика