105 көрілім

Адамның эмоциясы, яғни көңіл күйі – бұл жәй психологиялық ахуал емес, ол ең алдымен – қуат. Эмоция – бұл өте күшті және қатерлі қуат. Жақсы, жағымды эмоция адамдарға үлкен игілік әкелсе, теріс, жағымсыз эмоция айналасындағыларға зор зардабын тигізеді. Сондықтан да, эмоция қуатын дұрыс пайдаланып, оны қатерлі деңгейге жеткізбей алдын ала залалсыздандырудың маңызы зор.

Теріс эмоция көбейіп келеді

Қазір әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде біздің елімізде де теріс залалды эмоция көлемі еселеп артып келеді. Оған адамдардың тұрмыс жағдайының нашарлауы, қоғамдағы әділетсіздіктер, қылмыстың көбеюі, алаяқтық, яғни жалғандықтың белең алуы сияқты жайлар себеп болуда.

Қазір әлеуметтік желілерге кіріп бір сағат отырсаңыз, халықтың көңіл күйін бес саусақтай біліп шығасыз. Бұрын саясатты ауыздарына алмайтын жандар қазір үкімет, президент, парламент туралы, елді жайлаған жемқорлық пен кедейшілік жайында үзбей жазып, бір-бірімен қызылкеңірдек болып дауласып жатады.

Әлеуметтік желілерге қарап, адамдардың көңіл күйін бағамдауға болады. Лас эмоция қазір күн санап еселеп өсіп барады. Ал эмоция дегеннің қуат, жәй қуат емес өте қатерлі қуат екендігін ескерсек, күн санап молайып бара жатқан лас энергияның қоғам, ел үшін қаншалықты қатерлі екендігін бағамдау қиын емес. Біз қазір қатерлі шекке жақындап келеміз.

Қазіргі қалыптасып отырған жағдайларға қарап, бізді болашақта не күтіп тұрғанын 100 пайыз болмаса да, 70-80 пайыз деңгейінде болжамдауға болады.  Жинақталған теріс эмоция өздігінен жоқ болып кетпейді. Ол міндетті түрде бір жарық тауып сыртқа шығады. Ол адамдардың билікке наразылығы түріндегі бейбіт митингі бола ма, әлеуметтік желілердегі жанайқай сөзі түрінде ме, жұрттың назарын аудару үшін жекелеген жандардың аштық жариялауы, тіпті өзін өзі өртеуі сияқты әрекеттері түрінде көріне ме – әйтеуір жарық тауып міндетті түрде сыртқа шығады.

Егер тарихқа назар аударып қарайтын болсақ, адамдардың бойында жинақталған теріс эмоциялары үнемі  түрлі әрекеттер арқылы сыртқа шығып отырғанын көреміз. Зомбылыққа күйінген жалшының қожайынын сабауы, өлтіруі, үйін өртеп жіберуі, мал-мүлкін ұрлауы түрінде көрініс беретін теріс эмоция жинақтала келе жаппай көтерілістерге соқтырған.

Бізді не күтіп тұр?

Орыс патшасына қарсы шыққан Степан Разин, Емельян Пугачев көтерілстері, қазақтардың арасында болған Исатай-Махамбет, Сырым Датов, Кенесары көтерілістері – осындай теріс эмоцияның ықпалымен болған оқиғалар. Мыңдаған адамның қанын төккен Ұлы француз революциясы, Ресейдегі ақпан, одан кейінгі қазан төңкерістері – бәрі сол адамдардың жан дүниесінде жинақталған лас энергияның жанартау болып атқылаған бейнесі.

Осыған орай, бүгінде психолог мамандар лас эмоциядан құтылудың жолы ретінде бар даусыңмен айқайлап ән салуды, есіріп билеуді, тіпті ызаланған адамыңды сыртынан жақсылап балағаттауды ұсынады. Сонда іште жиналған лас энергия сыртқа шығып, бойың жеңілдейді екен. Ал, қоғамда  жинақталған теріс эмоцияны қалай шығарасың?

Біздің елімізде соңғы отыз жылдықта жинақталған теріс эмоцияны шығаратын ешқандай жағдайлар болған жоқ. Митингі жасап, адамдар іштегі шерін ақтарайын десе, билік оған рұқсат бермейді. Әділетсіздікке ашынған жеке адамдар аштық жариялап, немесе басқа сондай әрекет жасай қалса, құқық қорғаушылар дереу жолын кеседі. Осылайша, қазіргі билік адамдардың бойында жинақталған лас қуатын – эмоциясын шығаруға еш мүмкіндік бермей отыр. Осының салдарынан теріс эмоция көбейген үстіне көбейіп барады. Белгілі бір шекке жеткенде ол міндетті түрде жарылады. Құдай оның бетін аулақ қылсын.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика