370 көрілім

дінЕртедегі бір ғұламаның «адам уақыттан, уақыт пирамидадан қорқады» деген сөзі бар екен. Мыңдаған жылдардан бері күннің аптап ыстығына, желдің өтіне, жауын-шашынға төтеп беріп, шөл далада қасқайып тұрған пирамида мәңгілік деп ойласа керек, әлгі ғұлама. Бірақ та, Египет пирамидасының қазіргі кейпіне қарап, уақыттың пирамиданы да езіп, мүжіп, шөктіріп бара жатқанын бағамдау  қиын емес. Таулар мүжіліп құмға, теңіздер тартылып батпаққа айналатындығы, мемлекеттер де, адамзаттың түгел бір нәсілдері де жер бетінен құрып жоғалып жататыны тарихтан мағлұм.

Ендеше, осылардың бәріне қарап, мынадай тұжырым жасауға болар еді: мына фәни жалғанда бәрі де өткінші, бәрі ескіреді, тозады, ақырсында құрып жойылады. Бұл – өзіміз ғұмыр кешіп жатқан фәни әлемнің айнымас заңы. Бұл заң тек өлі, тірі табиғатқа ғана қатысты емес, ол сондай-ақ, ғылым-білімге, оның ішінде дінге де қатысты.

Егер қасиетті Құранға ой жүгіртіп қарар болсаңыз, жер бетіндегі көптеген нәсілдердің болғандығын, олардың күнакарлыққа салынуы себепті Алланың қаһарына ұшырап, опат болғандығын оқып, біле аламыз. Нұх пайғамбардың нәсілі, Һұд пайғамбардың, Селих пайғамбардың, Лұт пайғамбардың нәсілдері қайда? Бәрі де опат болып, жойылып кетті. Сондай-ақ, қасиетті Құранда «сендер бәрің бір ғана үмбет едіңдер, кейін араларыңа жік түсті» деп айтылады. Осыған қарап, ертедегі адам баласының әртүрлі нәсілдері өмір кешкенін, оларға Жаратқанның қасиетті кітаптар беріп, пайғамбарларын жібергендігін, бірақ жүре келе адамзат дінді бұрмалап, теріс жолға түскендіктен Алланың қаһарына ұшырап, опат болғандығын ұғыну қиын емес.

Құранда аттары аталған пайғамбарлармен шектелмейді, біреулер 120, біреулер 120 мың пайғамбар болыпты деседі. Мәселен, олардың санында емес, мәселе пайғамбарлардың өте көп болғандығында. Яғни, Алла адамзат баласына атам заманнан бері пайғамбарларын жіберіп, қасиетті кітаптарын түсіріп келеді екен. Айтпақшы, көктен түскен қасиетті кітаптардың саны біз білетін төртпен, яғни, Құран, Інжіл, Тәурат, Забурмен ғана шектелмейді, олардың саны 124, тіпті онан да көп екен деген сөз бар.

Адамдарға жіберілген пайғамбарлардың түгел аты-жөнін, тіпті санын да дұрыс білмейтін біздер, Алладан түскен қасиетті кітаптар жайында да толымды біліміміз жоқ. Иудейлер Тәурат пен Забурды ғана мойындаса, христиандар иудейлердің кітаптарына қоса, Інжілді қасиетті кітап санайды, олардың көбі тіпті, Құранды да мойындамайды. Ал, мұсылмандар Тәурат, Забур және Інжілді Алладан жіберілген ақиқат санағандарымен, олар бұрмаланып, өзгертілген, сондықтан оған сенуге болмайды деген пікірде. Ал, осы арада назардан тыс қалған санскрит тіліндегі Бһагавад Гита, Шримад Бхагаватам, пурандар мен толып жатқан упанишадтар, буддизм іліміне қатысты сол дінді ұстанатын ғұламалар жазған көптеген кітаптарды христиандар да мұсылмандар да мойындамайды, тіпті бар-жоқтығынан да бейхабар.

Шындығында бес дәстүрлі діннің бәрінде қасиетті кітаптары мен пайғамбарлары, осы дінді дамытқан әулие ғұламалары болғандығын тарих айқын дәлелдейді. Енді осы бес дәстүрлі діннің байланысын, өздері бастау алатын қайнардың  бір екендігін дәлелдейтін мына жайға назар аударалық. Мұсылмандар да, христиандар да дұғаларын оқып бітірген кезде оны «Аумин», немесе «Амин» деген сөзбен тұжырымдайды. Осы аумин сөзі қайдан шыққан, ол қай тілдің сөзі және мағынасы қандай? Бұл сауалға өкінішке орай, христиандар да, мұсылмандар да бір ауыз дәлелді тұжырым айта алмайды. Керісінше, мұны буддашылар мен индустардан сұрасаңыз, олар: бұл Жаратқанның сипаты, яғни есімі деп жауап берер еді. Шындығында, Аумин деген  «Аум» немесе  «Ом» болып жазылатын санскрит тіліндегі сөз. Буддашыларда «Ом мани падме хум» деген ең басты мантра, яғни дұға бар. Бұл дұға көптеген храмдардың кіре берісіне жазылып қойылған. Ал, индустарда «Ом, тат, сат» деген мантра бар. Буддашылар да, индустар да Ом немесе Аум сөзінің санскрит тілінде екендігін және ол Жаратқанның дыбыстық сипаты, яғни есімі екендігін жақсы біледі.

Неге мұсылмандар мен христиандар санскрит тіліндегі Аум сөзінің негізінде құралған Аумин деген сөзді дұғаларының түйіні етіп алды? Ол арабтың да, латын немесе иудей, гректің де тіліндегі сөз емес. Осыған қарап мынадай тұжырымға келуге болар еді: ислам, христиан, буддизм және индуизм діндерінің түп негізі бір және олардың бәрі Жаратқаннан бастау алады. Бұл – АҚИҚАТ.

Осы айтқандарымыздан түйеріміз: Алла барша адамзатқа атам заманнан бері пайғамбарларын жіберіп, қасиетті кітаптарын түсіріп, оларды әрдайым түзу жолға бағыттап отырды. Бірақ, уақыт өте келе адамдар сайтанның тіліне еріп, ақиқат ілімді бұрмалап, теріс жолға түсті. Осыған орай, Алла азғындаған үмбеттеріне ескертуші пайғамбарлар жіберіп, оны тыңдамған жағдайда опат жіберіп, жойып отырды. Біз Алла жаратқан бірінші немесе соңғы нәсіл емеспіз, бізге дейін мыңдаған, тіпті миллиардтаған нәсілдер болған, бізден кейін де көптеген нәсілдер бола береді. Тағы бір шындық: алғашынды адамдар Алла жіберген елшіні жақсы қабылдап, ол белгілеген ақиқат жолын сақтап, таза жүрсе, уақыт өте келе теріс жолға түсіп, имандылықтан қол үзе бастайды екен. Міне, біз де қазір сондай имандылықтан аулақтаған қараңғы заманда өмір сүріп жатырмыз. Алла тарапынан жіберілген дәстүрлі діндердің бәрі де бұрмаланып, алғашқы тазалығынан айрылып қалды.

Жанды, жансыз тіршілікті түгел ескіртіп, тоздыратын, ақырсында өшіріп, жоятын УАҚЫТ атты құдірет дәстүрлі діндерге де өзінің ықпалын тигізбей қоймады. Тастан жасалған пирамиданың өзін мүжіп, езіп тастаған уақыт дәстүрлі діндердің құндылықтарын да  бұрмалап, мәнін өзгерту арқылы тоздырып, құртуға жақындап келе жатқандай.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика