1 024 көрілім

табандылықОйдан шығарылған түрлі діни ағымдарды былай қойғанда, әлем халықтары ұстанатын негізгі бес дәстүрлі дін бар. Олар: христиан, ислам, иудей, индуизм және буддизм діндері. Егер осы дәстүрлі діндерге назар аударып қарайтын болсақ, олардың бәрінде ұстанушыларына арналған реттеуші принциптер болатынын аңғарамыз. Индуизм мен буддизм діндері ет жеуге мүлдем тиым салса, ислам діні шошқаның етін жеу және арақ-шарап ішу харам деп санайды. Мұндай тиымдар христиан және иудей діндерінде де бар. Дәстүрлі діндерде неге мұндай шектеулер қойылған?

Күн тәртібінің құдыреті

18 жасымда ел қатарлы мен де әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышымды өтеуге бардым. Бұрын ұйқым келгенде ұйықтап, тамақ ішкім келген кезде тамақтанып еркін жүруге үйреніп қалған маған әскердегі кешкі сағат 10.30-да жатып, таңертең 06.20-да ояну, белгілі уақытта тамақтану сияқты қатаң тәртіп алғашында қиындау тиген.

Бұрын қанша тамақ ішсем де бойыма сіңбейтін тыриған арық болсам, әскерге келген алғашқы күннен бастап тамаққа ерекше тәбет ашылып, солдат ботқасын соншалық сүйсіне жейтін болдым және екі-үш айдан кейін бетім табақтай болып семіріп алдым. Қызығы сол, темір керуетке жатқан сәт бірден көзім ілініп, содан еш түс көрмей таң атқанша тұяқ серіппей ұйықтайтын болдым.

Таңертең старшинаның «подьем» деген айқайымен оянамын. Ал тамаққа деген тәбет, тіпті күшті еді. Кейде кухня нарядқа барған кездерде, күнделікті солдаттарға өлшеп берілетіндей емес, ботқаны қалағаныңша жейтін болғандықтан қарның шеңбірек атып, сыздағанша еркін сілтейтінбіз. Сол кезде «шіркін, әскерден босағасын, тамаққа сылқия тойып, ұйқыны жақсылап қандырармын-ау» деп армандайтынмын.

Ал әскерден босаған соң күзде бірден Алматыға дайындық курсына барып, оқуға құжат тапсырдым. Неге екені белгісіз ұйықтайын десем дөңбекшіп ұйықтай алмаймын, ал тамаққа деген тәбет мүлдем жоғалды. Ұйқымның қашып, тамаққа тәбетімнің жоғалуының себебі реттеуші принципті, яғни әскердегі ұйқы мен тамақтану тәртібін бұзудың салдарынан екендігін кейін түсіндім.

Реттеушіліктің берері көп

Адамды хайуаннан ерекшелейтін нәрсе де осы реттеуші принциптерін ұстану екен. Реттеуші принциптер, яғни тамақтану, ұйықтау, түрлі әрекеттер жасауды реттеп, белгілі шектеулерді негізге ала жүзеге асыру адамның денсаулығын нығайтады және ең бастысы, ақыл-ой, сезімдерін бақылауда ұстауға игі ықпалын тигізеді. Ұйқы мен тамақтанудың тәртібін сақтай бастасаңыз болғаны ұйқыңыз жақсарып, тәбетіңіз ашылатынын байқар едіңіз.

Мұның өзі реттеуші принциптердің адамның денсаулығын нығайтуға және ақыл-ой, сезімдерін бақылауда ұстап, нәпсіге еріп кетпеуге оң әсерін тигізетінін дәлелдейді. Дәстүрлі діндерде не себепті реттеуші принциптердің басты қағида ретінде ұсталуының мәнін осы жай анық байқататындай.

Мен 1996 жылы алғаш рет рамазан айында ораза ұстадым. Алғашында отыз күн бойы күнұзақ тамақ пен судан тиылу қиын соғар деп қорқақтасам, 15-20 күн өткен соң оған әбден үйреніп алдым. Таңғаларлығы сол, ораза адамның ағзаларын тазартып қана қоймай, бойыңда байыптылық, сабырлылық, төзімділік, кішіпейілдік сияқты жақсы қасиеттердің күшейіп, дамуына да игі әсерін тигізеді екен.

Әсіресе, ораза айының соңғы кезінде ақыл-санаң өзгеріп, айналаңдағы жандармен қарым-қатынасың өте жақсарғанын бағамдайсың. Бұл дәстүрлі діндерде басты қағида ретінде ұсынылатын реттеуші принциптердің адамның бойындағы имандылық қасиеттерін күшейтіп, дамытуға игі ықпалын тигізетінін анық дәлелдейді. Дін имандылықтың басты тірегі десек, имандылықтың өзі реттеуші принциптерден бастау алатын болса керек.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика