1 392 көрілім

инвестицияАмериканың ұлы ойшылы Бенджамин Франклин «ақшаның көбеюшілік қасиет бар» дейді. Ақшаның осындай қасиетін жақсы білетін және соны нақты іс жүзінде пайдаланатын адам ақшасына ақша қосып, белгілі уақыттан кейін мол байлыққа міндетті түрде қолы жетпек.
Бұрын инвестиция, яғни ақшаны көбейтуге ықпал ететін нысандарға қаржы салу тек бай-бақуатты адамдардың ғана ісі саналса, қазір оған кез келген адам қатыса алады. Ал интернеттің дамуы ақшаны инвестициялауға кең жол ашып берді.

Құнды қағаз дегеніміз не?

Инвестицияның қарапайым жұртшылық арасында ең кең таралған түрі – банк депозиті, сақтандыру және зейнетақы қорлары болып табылады. Олардың бәрі де тәуекелі аз, қауіпсіз инвестиция болғанымен, түсім көрсеткіші онша жоғары емес. Инвестициямен шындап айналысқысы келетін адам ақшасы құнды қағазға салады. Неге десеңіз, мұнда табыс пайызы жоғары.

Құнды қағаздардың ішінде акциялар,әсіресе кең таралған. Акция – бұл кәсіпорынның барлық жиынтық капиталының пайлық өлшемі. Акцияны сатып алған адам сол компанияның мүлкі мен табысына қолындағы құнды қағаз мөлшеріне сай иелік етуші болып табылады. Ол компанияның табысынан үлес алып отырады және оны басқаруға да қатысады.

Акция иесінің табысы мынадай екі түрлі жолмен жасалады: дивиденд түріндегі компанияның табысынан алатын үлес және кәсіпорынның табысты, не табыссыз жұмыс істеуіне байланысты құнды қағаз бағасының өсу немесе кемуіне байланысты оны сатудан түсетін пайда.

Әрине, акция ұстау банк депозиті немесе сақтандыру қорларымен салыстырғанда тәуекелі жоғары инвестициялық жоба болып табылады. Дегенмен, егер құнды қағаз нарығындағы жағдайларды дұрыс талдап, болжамдай білсеңіз, одан мол табыс табуға мүмкіндігіңіз бар.

Облигация.

Кәсіпорындар өндірісті кеңейту, жаңа құрылғылар сатып алу мақсатында қажетті қаржыны облигация түріндегі құнды қағаз шығару арқылы таба алады. Облигацияның акциядан айырмашылығы сол, оны сатып алған адам дивидент алмайды және сата да алмайды.

Облигация – бұл жеке адамдардың кәсіпорынға берген қарызы. Кәсіпорын өз кезегінде құнды қағазды белгілі уақыттан кейін сатып алуға және үстіне қосымша пайыздық сыйақы төлеуге міндеттенеді. Осы орайда, облигация акцияға қарағанда тәуекелсіз, қауіпсіз инвестиция болып саналады.

Облигацияның бірнеше түрлері бар: қысқа мерзімді (бір жылға дейінгі); орта мерзімді (1-5 жылға дейінгі); ұзақ мерзімді (5 жылдан артық).
Кірісті алу тәсіліне қарай облигациялар былайша жіктеледі: өзінің нақты бағасынан төменге шығарылып, айналыста болатын, нақты баға бойынша өтелетін дисконттық облигациялар; нақты бағаға есептелетін купоны болатын купондық облигациялар.

Құнды қағаз нарығына қатысушылар.

Құнды қағаз нарығына қатысушылар негізінен төрт топтан тұрады. Олар: инвесторлар, кәсіби қатысушылар, сауданы ұйымдастырушылар және құнды қағаз эмитенттері.
Инвесторлар табыс табу мақсатында жинаған ақшаларына құнды қағаздар сатып алады. Кәсіби қатысушылар құнды қағаз рыногында қызмет көрсетеді. Сауданы ұйымдастырушылар, немесе қор биржалары құнды қағаздарды сатуға арналған орынды береді.

Ал эмитенттер қаржыны тарту мақсатында нарықта айналыста болатын құнды қағаздарды шығаруды жүзеге асырады.

Инвестицияны қалай табыс көзіне айналдырға болады.

Инвестицияға сіз ешуақытта банктен несие алып немесе күнделікті қажеттіліктеріңізге жұмсалатын қаржыны салуыңызға болмайды. Оған тек қажеттіктеріңізден тыс қалған артық ақшаны ғана салу қажет.

Инвестициялық тәуекел мөлшерін азайту үшін оны әртараптандыруға көңіл бөлген жөн. Ақшаңыздың бір бөлігін депозитке, енді бір бөлігін сақтандыру қорына салып, содан қалғанын құнды қағаз алуға жұмсаңыз. Осылайша әртараптандыру тәуекел көлемін азайтып қана қоймай, сізге қосымша табыс табуға игі жағдай туғызады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика