2 028 көрілім

Бай-бақуатты болудың ең сенімді, қарапайым және қолжетімді жолы – инвестиция екендігін осының алдындағы бір мақаламызда айтып кеттік. Инвестициялау үшін ірі бизнесмен болу немесе жалақыңыздың жоғары болуы шарт емес. Ең бастысы, алдыңызға нақты мақсат қойып, ақшаңызды сенімді жобаларға үзбей инвестициялап отыруды берік дағдыға айналдыру қажет. Міне, сонда табысқа сөзсіз жетеріңіз анық.

«Инвестициялауды қалай үйренуге болады?» деген сауалға жауап бермес бұрын, ең алдымен «Инвестициялау не үшін қажет?» деген сұрақтың жауабын тауып алғанымыз жөн. Инвестициямен айналысқысы келетін адам негізінен екі мақсатты көздейді: №1 мақсат – белгілі бір қажеттілік үшін ақша жинау.

Инвестиция қажетті ақшаны жедел жинауға көмектеседі.

Мәселен, сіз автокөлік сатып алғыңыз келді делік. Әрине, жалақымен жан бағып отырған сізге бағасы миллиондаған теңгемен өлшенетін машинаны бірден сатып алу қиынға түсетіні белгілі. Бұл мәселені шешудің бірден-бір тиімді жолы – ақша жинау. Бұл жағдайда сізге инвестиция ойыңызға алған шаруаңызды неғұрлым жедел орындауға мүмкіндік береді. Ақшаңызды жастыққа тығып сақтағаннан гөрі, банк депозитіне салу немесе акциялар сатып алу арқылы молайту жолымен қажетті соманы қысқа мерзім ішінде жинап алуыңызға болады.

№2 мақсат – сіздің өз капиталыңызды жасап алып, соның өсімі арқылы жан қинап жұмыс істеместен, қалауыңызша еркін өмір сүргіңіз келеді. Капиталдың көлемі бұл жағдайда әртүрлі болуы мүмкін. Біреу 5 миллион теңге, енді біреу 5 миллион доллар жинайды. Әрине, жинаған қаржысының көлеміне байланысты оның алатын өсім мөлшері де әртүрлі болмақ. Алғашқы адамның алатын айлық өсім қаржысы 50 мың теңге болса, екіншісі айына 5 мың доллар тауып тұрады. Алатын өсім қаржысына орай олардың тұрмыс жағдайы да әртүрлі болатыны түсінікті.

Ақша табудың қолжетімді және сенімді құралы

Осылайша инвестиция, сізге белгілі бір уақыттан кейін жинаған қаржыңыздың өсімімен жан қинамастан қалауыңызша өмір сүруге мүмкіндік бермек. Ақпарат құралдарында жиі айтылатын қаржылық бостандық дегенің дәл осы. Сіз жалақым қашан өседі, жұмыстан қысқарып қалсам қалай күн көремін деп басыңызды ауыртпай, ешкімге тәуелсіз емін-еркін өмір сүруге мүмкіндік аласыз. Бүгінде капиталистік қоғамда өмір кешіп жатқан адамдардың басым көпшілігінің арманы да дәл осы.

Енді біз қаржылық бостандық деген қазіргі жағдайымызда алыстағы қол жетпес арман сияқты жайдан, бәріміз үшін дәл бүгінгі күнгі өзекті және маңызды мәселеге ауыссақ. Өйткені қаржылық бостандық дегеннің өзі де дәл осы мәселені дұрыс шешуімізге байланысты. Бұл – ерте ме, кеш пе баршамыздың алдымыздан шығар – зейнетақы жайы. Өмір бойы мемлекетке жұмыс істеп, бар күш-қуаты мен жастық жігерін, қабілет-қарымын берген қарт адамдардың ауыз жарығысыз зейнетақымен қалт-құлт тірлік кешіп жатқанын бәріміз күнделікті өмірде көріп жүрміз.

Әлемдегі ең бақуатты дамыған ел саналатын АҚШ-та әрбір алпыс жастан асқан 100 адамның 5-уі ғана өзін-өзі қамтамасыз ете алады екен. Олардың 4-уі орта дәрежеде қамтамасыз етсе, текі біреуі ғана бақуатты тірлік кешеді дейді статистикалық мәлімет. Ал біздің еліміздегі жағдай онан да ауыр. Сондықтан да, жас, күш-қуатымыз бар кезде қайғы-мұңсыз қарттығымызды қалыптастыруға көңіл бөлген жөн.

Инвестиция – қайғысыз қарттығыңыздың кепілі

Біздің елімізде орташа зейнетақы мөлшері орташа жалақының 40 пайызы деңгейінде. Егер сіз зейнет демалысына шыққан соң қазіргі жалақыңыздың 40 пайызы деңгейіндегі зейнетақымен күн көре аласыз ба? Күн көруге болады, бірақ олай тартсаңыз былай жетпей, шықпа-жаным шықпамен күн кешесіз. Уайымсыз және мұқтажсыз қарттығыңызды қамтамасыз етуді осы бастан ойламасаңыз, ертең қалт-құлт тірлік кешкен қариялардың қатарына қосыларыңыз анық.

Мемлекеттік зейнетақы жинақтау қорына сенуден еш пайда жоқ. Болашақ қайғысыз қарттығыңызды қамтамасыз етуге қажетті қаржыны инвестициялау жолымен өзіңіз жинағаныңыз әлдеқайда тиімді және сенімді болмақ.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика