880 көрілім

«Аңсар» кеңес беру, оңалту орталығы қоғамдық бірлестігінің директоры, теолог Асқар Сабдин ислам діні туралы өз ойын ортаға салады.
Сұрақ: ислам діні қандай дін?
Жауап: Бұл сауалға бірер ауыз сөзбен жауап беру мүмкін емес. Дегенмен, қысқаша айтар болсақ, бұл – бес парыз. Ең алдымен, Аллаға иман келтіру, яғни сену. Содан кейін бес уақыт намаз оқу, ораза ұстау, қайыр-садақа беру және хажға бару. Бұлардың бәрі – мұсылман баласы үшін парыз, яғни орындалуы тиіс міндет болып табылады. Егер мұсылманмын деген адам осы бес парызын дұрыс орындап жүрсе, оның бойында барлық адами, ізгі қасиеттер орнықпақ.

Ислам дінінің тән саулығына пайдасы.

Мәселен, намаз оқу үшін сіз жуынып- шәйінасыз. Бұл – тазалық. Әзірбайжандық бір ғалым бес уақыт намаздың дене жаттығуы екендігін, оның түрлі аурулардан сақтайтынын ғылыми негізде дәлелдеп, еңбек жазды.

Дәрет алып жуынып-шәйіну тән тазалығын сақтайды, яки гигиеналық жағынан таза жүруге, сол арқылы денсаулығын бекемдеуге көмектеседі. Ал намаз оқу барысында жасалатын дене қимылдары да адамды түрлі дерттерден сақтайды екен. Бұның бәрі намаздың адамға берер физикалық жағынан пайдалы жақтары. Оған қоса, оның рухани жағынан тазарып, бойымызда ізгі қасиеттердің орнығуына тигізетін ықпалы және бар.

Ал қайыр-садақа, пітір, зекет сияқты шарттарды орындау арқылы мұсылман баласы мұқтаж жандарға материалдық жағынан көмектеседі. Бұл қоғамда кедейшіліктің азаюына игі ықпалын тигізбек.

Ораза ұстау адамның бойындағы жинақталған түрлі улы заттардан тазаруына әсерін тигізетінін ғылым растап отыр. Ашығу арқылы аурулардан емделуге болатыны бүгінде ешкімді күмәндандырмайтын шындыққа айналды. Сондай-ақ, оразаның адамды төзімділікке, сабырлылықа шақыратын игі ықпалы да бар.

Хажға бару, қасиетті Меккеде болып, ибадат жасау – мұсылмандардың арасын жақындатып, оларды бауырластырып, Аллаға деген сенімдерін арттырмақ.

Құл қақысы

Бес парыздың аясында жасалатын бұл игіліктердің бәрі – Құдай қақысы деп аталады. Сонымен бірге, исламда құл қақысы деген де бар. Ол – адамның ата-ана, туған, туыстарының, қоғамның елі мен халқының алдындағы міндеттері.

Пайғамбарымыз ең алдымен жақсылықты көршіңе жаса, содан кейін тағы да көршіңе жаса деп үш рет қайталайды. Көршіге жақсылық жасау, онымен тату тұру – бұл да құл қақысына жатады. Құл қақысын орындамау мұсылман дінінде үлкен күнә болып табылады.
Ал енді осылардың бәріне ой жіберіп көрелік. Құдай қақысы, онан қалды құл қақысы және жасауға болатын, болмайтын, ішіп-жеуге болатын, болмайтын тағамдар жайлы бекітілген шариғат жолы – осылардың бәрі ислам дінінің бағыт-бағдары мен мән-мазмұнын ашық көрсетеді.

Ислам харам санап, тиым салған арақ-шараптың қаншалықты залалды екендігін біз бүгінде көзімізбен көріп отырмыз. Өтірік айту, ұрлық жасау, кісі ақысын жеу, зинақорлық сияқты теріс әрекеттердің бәріне шариғат тиым салады.

Дін арқылы келетін игіліктер.

Енді ислам дінінің парыздарын, оған қоса құл қақысын орындап, шариғат жолымен таза жүретін адамның бойында қандай ізгі қасиеттердің орнығатынын зерделі адам айтпай-ақ аңғаратыны анық.

Яғни, ислам діні адамды жамандықтан тиып, жақсылыққа, салауаттылықты ұстанып, дені сау, қайырымды, сабырлы, бойына барлық ізгі қасиеттерді жинаған өркениетті адам болуға үндейді.
Қысқаша айтқанда исламның бізге берер жақсылықтарын осылай түйіндеуге болады. Бірақ шындығында ислам дінінің адамға екі дүниеде берер игіліктерін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол туралы том-том кітаптар жазуға болады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика