824 көрілім

дінОсыдан мың жарым жылдан астам бұрын Мұхаммед пайғамбар арқылы әуелі пышырап жүрген араб тайпаларының арасына таралып, кейін дін арқылы бастары қосылған жауынгер бәдәуилер арқылы жарты әлемге жайылған ислам діні  мәңгілік дін бе? Жалпы, мына фәни жалғанда мәңгілік не бар? Айналаңызға ақылмен ой сала қаарсаңыз, бәрінің өткінші жалған екендігін түйсінесіз. Бір кезде рим тарихшылары мен ақындары «Мәңгілік қала» деп атаған көне Рим қирандысы бүгінгі  батыстық сәулетпен салынған Римнің табанының астында көміліп жатыр. Оның қандай қала болғандығын біз білмейміз. Сол сияқты енді мың, он мың, миллион жылдан кейін ислам діні бола ма?

КСРО-ны қиратқан кімдер?

«Мызғымас елдердің мәңгілік одағы» деп елұранында шырқаған КСРО бүгінде келмеске кетті. Ал бір кезде бәріміз ол мәңгі өмір сүретіндей, мәңгі тұра беретіндей көретін едік. КСРО неге қирады?

Социализм, онан кейінгі сатысы саналатын коммунизм идеясы егер зер сала оқысаңыз, өте тамаша идея. Онда адамдардың теңдігі, туысқандығы, азаттығы нақты айтылған. Коммунимзмде «әркімнің керегінше, әркімнің қабілетінше» деген принцип бар. Қауым болып бірлесіп тірлік кешу, ортақ байлықты бірлесе пайдалану, әділ бөлісу – мыңдаған жылдар адамзат армандаған алтын қоғам емес пе?

Өкінішке орай, қағаз жүзінде жазылған осындай коммунизмнің тамаша идеялары іс жүзіне келгенде бұрмаланып, адамдар теріс жолға түсті. Халыққа қызмет етуі тиіс партия көсемдері мансап үшін тартысып, бірін бірі құртты. Ат төбеліндей аз ғана топ «коммунизм» жағдайында күн кешсе, қалған қалың халық ашқұрсақ өмір сүрді.

Өз басым коммунизм идеясына құдайдай сенетін бірлі-жарым коммунистерді көрдім. Олар ленинизм ілімінде көсретілгендей барлық шарттарды орындап, барынша адал өмір сүретін. Бірақ, қалған көп коммунистердің сөзі бір жақта, ісі екінші жақта болып, қарақан бастарын күйттеп кетті. Солардың кесірінен коммунизм идеясы бұрмаланып, адам танымастай өзгерді, оның жылтыраған сырты ғана қалды, ішкі мазмұнын нәпсінің құлына айналған жемқор коммунистер өз қалауларынша өзгертіп алды.

Оның ақыры халықтың тұрмыс жағдайының ауырлауына,  тапшылыққа, кез-келген нәрсені тамыр-таныстықпен шешетін жемқорлыққа, бюрократтыққа ұласты. Бірлі-жарым адал коммунистердің коммунизм идеясын жанын салып қорғаған әрекеттерін  жалған коммунистердің нөпірі жойып жіберді. Сөйтіп, соның нәтижесінде халық алдындағы беделінен жұрдай болған партия биліктен кетуге мәжбүр болды.

Ислам дінінің тағдыры қандай болмақ?

Бүгінгі ислам дінінің жайы да КСРО-ның соңғы кезіндегі коммунистердің жайына ұқсап бара жатқандай. Бір жақта ислам дініне шық жұқтырмай, оны әлемдегі ең таза, әділ, қайрымды дін деп атап, ислам құндылықтарын жанын сала қорғайтын  ат төбеліндей аз адал мұсылмандар тұр да, екінші жақта сөздері бір жақта, істері басқа жақта жүрген, қауғитып сақал қойып, әйел-қыздарын қара матамен бүркеп қойған, «иншаллах, аллах» деп екі сөзінде діни тіркестерді айтып, өздерін дін-исламның ұстындары сияқты сезінетін әсіре діндарлар тобы жүр.

Алғашқы топтың қатары уақыт өткен сайын азайып бара жатса, кейінгілердің саны көбейіп, қатары толығып барады. Анда-санда мешітке барып тұрамын. Сонда өздерін мұсылманбыз деп жүретіндердің көптеген теріс істерін көргенде олардың исламның ақ жолынан қаншалықты алыстап кеткенін түйсініп, күйінесің.

Мешітте ұзақ жылдар қызмет істеп келе жатқан, бүгінде жасы жетпістен асқан ақсақалды қария  мешіт қызметкерлері отыратын бөлімге (кілем төселген) аяқ киімін шешпей кірген қарт адамның сөзін тыңдамастан «аяқ киіміңді шешіп кел» деп шұқшиды. Жә, қарт адам ондай ережені білмеген шығар және қазір қасиетті Рамазан айы, дауыс көтеріп қатты айтуға болмайды ғой. Әлгі қария келген шаруасын айта бастаса, мешіт қызметкері оны тыңдаудың орнына «аяқ киіміңді шешіп кел» деп қайта-қайта сөзін бөліп, ақыры қуып шықты. Өкінішке орай, мұндай жайлар мешітте күнде және өте жиі болып тұрады.

Мәңгілік дін жоқ

Ислам діні осыдан мың жарым жыл бұрын пайда болған екен. Оған дейін де адамдар өмір сүрді ғой. Ал бүгінгі әсіре діндарлардың пайымынша, барлық діндердің ішіндегі ең тазасы және құдыреттісі – ислам діні. Ол қиямет қайымға дейін мәңгі өмір сүреді. Мұхамед пайғамбардан кейін ешқандай пайғамбар болмайды дейді. Мен Құранды әлденеше рет оқып шықтым. Хадистерді де оқыдым. Бірақ бір де бір жерінен ислам діні мәңгі дін дегенді кезедстірмедім. Жалпы, дін деген адамдардың өмір сүру дәстүрі мен салт-санасына, ақыл-ой деңгейіне қарай әр заманда Алла тарапынан  пайғамбарлар арқылы беріліп тұратын діни шарттардың ережесі ғой. Ондай ережелер заман талабына сай кейде өзгеріп тұрады.

Мұса пайғамбарға Тәурат арқылы түсірілген ереже Иса пайғамбар арқылы берілген «Жаңа шартта» біраз өзгертіліп, Батыс халықтарына таратылды. Ал енді бұл діни шарттар мәңгі өзгермей, сол күйінде мәңгі сақталады деу қандай қисынға сияды?

Веда ілімінде жалғыз ғана мәңгілік дхарма, яғни дін бар – ол ЖАРАТҚАНҒА МАХАББАТПЕН БЕРІЛІП ҚҰЛШЫЛЫҚ ЕТУ –деп түсіндіріледі. Ислам дінінде де махаббатпен беріліп құлшылық ету жайы айтылады, бірақ ол барша мұсылмандар үшін міндетті шарт емес. Ондай мәңгілік және тылсым шартты орындау екінің бірінің қолынан келмейді.

Сондықтан, Бақара сүресінде Алла сендерге ауыртпалықты емес, жеңілдікті қалайды деп айтылған. Ең алдымен, Пайғамбарымызға  мұсылман қауымы күніне 50 рет намаз оқу шарт етілген дейді. Бірақ бұндай шартты орындау қиын болатындықтан, кемітіліп, 5-ке түсірілген. Осыдан-ақ,  ислам дінінің шарттары қатып қалған мәңгілік емес екенін бағамдауға болады емес пе.

Уақыт өткен сайын қатары қалыңдап бара жатқан әсіре діндарлар ислам дінін басқаларға жеккөрінішті, құбыжық етіп көрсетіп, КСРО құлар тұстағы коммунистер сияқты  «медвежий услуга» көсретіп жүр. Яғни, олар ислам дінін құртып, түбіне жету үшін жанталасып әрекет жасауда.

Күні кеше Ақтөбеде болған қанды оқиғадан кейін қарапайым халықтың сақал қойған мұсылман еркектер мен пәренжі жамылған әйелдерге үрейлене, кейде ашықтан ашық жеккөрінішпен қарай басағаны байқалуда. Құқық қорғаушылар сақалдыларды міндетті түрде тоқтатып, құжаттарын сұрайтын болды.

Бұл жайдан не түйіндеуге болады?  Мың жарым жыл бұрын пайда болған ислам діні бәлкім заман талабына сай жаңа мазмұнға ие болар немесе уақыт талабына жауап берер жаңа діни ағым пайда болар?.. Дегенмен, бәрі Жаратқанның еркінде.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика