98 көрілім


Күнә жасамайтын пенде жоқ. Біз күн сайын ерікті-еріксіз, саналы-санасыз түрде болсын үнемі басқаларға залалын тигізетін әрекеттер жасап жатамыз. Біреуге залал тигізетін әрекет – дін тілімен айтқанда күнә болып саналады. Ал сондай теріс әоһрекеттердің салдары жинала келе адам санасын өзгертіп, оның бойындағы ызақорлық, ашкөздік, нәпсіқұмарлық, мақтаншақтық, тәкаппарлық, кекшілдік, сараңдық сияқты жаман қасиеттердің берік орнығуына ықпалын тигізеді.

Кез-келген дін күнәдан тазару үшін жасалған

Егер дәстүрлі діндердің бәріне ақыл таразысына салып қарайтын болсаңыз, олардың бәрі адамды күнәдан, яғни теріс әрекет жасаудан тыюға бағытталғанын бағамдаймыз. Дегенмен де, дәстүрлі діндерді ұстаған адамдардың бәрі бірдей жаман әрекеттерден бірден тыйылып кете қоймайды. Бұның себебі неде?

Тағы да діндердің шарттарына назар аударып көрейік. Мәселен, ислам дінінде әрбір мұсылман күн сайын бес рет намаз оқып, қасиетті рамазан айында отыз күн ауыз бекітіп ораза ұстауы керек және мүмкіндігі болса Меккеге қажылыққа баруы тиіс. Оған қоса, шариғатта белгіленген қайыр-садақа, зекет, пітір деген құрбандықтарды беріп отыруға міндетті. Мұсылман үшін ең басты парыз – Алланың барлығына және бірлігіне сеніп, иман келтіру. Міне, осы бес міндетті әрбір мұсылманның қалтқысыз орындауы талап етіледі.

Егер сіз сол діни парыздарыңызды өз дәрежесінде дұрыс орындай алмасаңыз, онда дін сіздің жүрегіңізді тазартып, бойыңыздағы имандылық жақсы қасиеттерді орнықтыра алмайды. Бұның дәлелі ретінде бес намазын оқып, оразасын ұстап, тіпті қажзыға барған адамдардың қарапайым пенделердің өзі ұят деп санайтын жаман әрекеттер жасап жататындығы. Ондайлар қай жерде де кездеседі және уақыт өткен сайын көбейіп бара жатқаны байқалады.

Күнакар заманның басты дұғасы

Осыдан бес ғасыр бұрын Оңтүстік Индияда – Навадвип деген қалада брахманның отбасында келбетті ұл бала дүниеге келді. Оның есімін әкесі Нимай деп қойды. Жастайынан оқуға зерек Нимай ержете келе сол тұста брахмандар оқитын дін оқуын жақсы тәмамдап, ұстаз болады. Оны осыған орай, Нимай пандит деп атады.

25 жасқа толған Нимай пандит жесір қалған анасы мен жас сұлу келіншегін тастап, дүниені тәркі етіп саннясилікті қабылдады. Санняси деген – бұл бар дүниені тәркі етіп, Құдай жолына түсу. Бұндай тәркі етушілік христиандарда бар, ислам дінінде де ертеректе бірлі-жарым болған. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауи 63 жасында бар дүниені тәркі етіп, жер астындағы қылуетке түсіп, бар өмірін Аллаға құлшылық етуге бағыштаған.

Нимай пандит небары 25 жасында дүниені тәркі етіп Құдай жолына түседі. Аса білімді және дін жолын өте қатаң ұстайтын жігіттің даңқы тез таралып, оның жолын қуушылар қатары көбейеді. Нимай пандиттің ұсынған жолы өте қарапайым және кез-келген адам қабылдай алатын жеңіл жол еді. Және оның құдыреттілігі сонда — бұл жолды ұстанған күнаға белшеден батқан пенденің өзі аз уақытта күнәсінен тазарып, бойында жақсы имани қасиеттер орнығатын.

Бұл жол Санкиртан ягья деп аталады және бүгінгі күнге дейін бар. Санкиртан ягья – қазіргі күнаға белшеден батқан күнакар заманда адамдарды күнадан тазартатын ең жеңіл, ең сенімді және қарапайым жол. Оны ұстанған адам маха мантра деп аталатын қысқа дұғаны күнде қайталап жүрсе жеткілікті.

Ол дұға, яғни мантра мына сөздерден тұрады – ХАРЕ КРИШНА ХАРЕ КРИШНА КРИШНА КРИШНА ХАРЕ ХАРЕ, ХАРЕ РАМА ХАРЕ РАМА РАМА РАМА ХАРЕ ХАРЕ. Осы сөзді қайталау арқылы кез-келген адам күнәсінен тез тазарып, бойында қайрымдылық, қарапайымдылық, сабырлылық, мейрімділік сияқты жақсы имани қасиеттер орныға бастайды.

Түйін: Санкиртан ягья жолы соншалықты қиын емес және көп уақытты қажет етпейді. Сіз күн сайын таңертең ертерек тұрып мүмкіндігіңізше 10, 20 немесе 30 минут ішіңізден қайталап көріңіз. Екі-үш күннен кейін-ақ бойыңызда сабырлылық, қайрымдылық, қарапайымдылық, жомарттық, төзімділік сияқты жақсы имани қасиеттердің орныға бастағанын аңғарасыз. Айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасыңыз бірден жақсара бастайды. Өміріңіз күрт өзгереді. Сенбейсіз бе? Онда қайталап байқаңыз. Бұл тас қашағандай оншалықты ауыр жұмыс емес. Бәлкім бұл сіздің өміріңізді өзгертер…

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика