79 көрілім

Адамдардың басым көпшілігі алдарына еқандай мақсат қоймай, күнделікті күйбең тірліктің әуенімен өмірлерін өткізеді. Рас, адамдарда мүлдем мақсат болмайды деген сөз емес бұл. «Шіркін, үлкен үйім, қымбат автокөлігім болса, ақшасы көп жұмыс тапсам» деген сияқты нақты жоспарға құрылмаған, бұлыңғыр арманға ұқсас мақсат дегендер болады, бірақ ол нақты жоспар мен соған жеткізетін әрекет арқылы бекітілмегендіктен, оны мақсат деуге келмейді.

Мақсатты қағазға жазу керек

Өзін өзі дамыту ілімінің білгірі Брайан Трейси мақсатқа жетудің тәсілі ретінде қойындәптерге алдыңа қойған 10 мақсатты тізіп жазуды ұсынады. Сол он мақсаттың ішінде егер қол жеткізе қалсаң, саған материалдық игілік қана емес, көңіліңе қанағат, қуаныш сезімін әкелетін біреуін таңдап алып, бар назарды соған аудару қажет дейді ол. Міне, осылайша, ең негізгі басымдық берілген мақсатқа күш –қуатыңды жұмсап, нақты әрекеттер арқылы күн сайын жақындай беру керек. Осылайша, күндердің күнінде әлгі мақсатқа міндетті түрде жетесің дейді Трейси.

Егер сіз бір жеріңіз ауырып, дәрігерге барсаңыз, ол жазып берген дәріні белгіленген шартқа сай күн сайын қабылдап, дәрігер айтқан басқа да кеңестерін орындап отырсаңыз, күндердің күнінде  дертіңізден айығасыз. Сол сияқты Брайан Трейси айтқан тәсілді ол белгілеген шарттарды қатаң сақтай отырып орындаған жағдайда, сіз міндетті түрде мақсатыңызға жететін боласыз. Өйткені, осы тәсілді пайдаланып, мақсаттарына жетіп жатқан адамдар өте көп.

Мақсатты қағазға жазу арқылы сіз оны санаңызға сіңіресіз. Ал жазылған мақсатыңызды күн сайын қайталап оқып отыру, түйсігіңізге оны терең сіңіріп, түйсік арқылы мақсатқа жетудің амал-тәсілдерін қарастыратын боласыз.

Мақсатқа жету қуанышқа бөлейді

Ойыңызға алған мақсатыңызға күндердің күнінде көп қиындықтар мен кедергілерді жеңе отырып, жеткен кезіңізде сіз өзіңізді ерекше бақытты сезініп, қуанышқа бөленесіз. Бұны бастарын қатерге байлап, биік шыңды  көп бейнетпен бағындырған альпинистің әрекетімен салыстыруға болады. Сонша қиындыққа бастарын тігіп, шыңға шығу не береді деген сауалға альпинистердің жалғыз жауабы: «шың басына шыққан соң айналаға қарап, өзіңнің ойыңа алған биігіңе жеткеніңіді сезінуден артық бақыт жоқ дүниеде».

Менің бір досым біраз жыл пәтер жалдап тұрды. Сонда ол маған болашақта жер алып, үй салғысы келетінін айтып, болашақ үйінің қандай болатынын журналдардағы суреттерге қарап айтып отыратын. Бұрын құрылыста істеген ол кейде болашақ үйінің макетін сызып, соны түсіндіріп, осындай үй салсам деген арманын айтып жүрді. Ол үшін ең басты мақсат өз қалауындай үй салып алу еді.

Ақыры ол дегеніне жетті. Қала аумағынан жер алып, үй салды. Ақша жетіспегендіктен,  өз макеті бойынша салынған үйді он жылдай салған шығар. Кейін үйі біткенде барып көрдім, өте тамаша, әдемі болып шыққан екен. Өзінің бұрын айтып жүргеніндей кең террасасы бар, төмендегі асүйі мен қоймасын қосқанда үш деңгейлі сәулетті  котедж болып шығыпты. Осы үйді салу барысында, содан кейін бітіп оны баспана етіп отырған кездерінде бұл оған орасан зор қанағат сезімі мен қуаныш әкелгенінің өз басым куәсі болдым.

Сіз ойыңызға алған мақсатыңызға жеткенде ол сізге тек игілік қана емес, көңіл қуанышын әкелетінін ескеріп, сол мақсатқа жетуге күш-жігеріңізді жұмылдырар болсаңыз, міндетті түрде мақсатыңызға жетесіз. Және мақсат жолында кездескен әр қиындық пен кедергіні жеңу, мақсатыңыздың орындалу бағытында жасалған әрбір қадам сізге үлкен қанағат сезімін әкелетін болады. Ал мақсатыңыз толық орындалған кездегі қуанышыңыз сізді көкке көтеріп, ең бақытты адамдар қатарына қоспақ.

Трейси айтады: алғашқы масқатқа жетумен тоқталуға болмайды, одан кейін қағазға түсірген екінші, үшінші мақсаттарды орындауға кіріскен жөн. Өйткені, өмір дегеніміздің өзі тынымсыз қозғалыс, егер сіз алға жылжымасаңыз, онда кері кетесіз. Сондықтан тоқтаусыз үнемі алға басу қажет.

Түйін: Егер сіздің мақсатыңыз болмаса, өмір ағынымен күнделікті тірліктің әуенімен өмір кешіп жүрген болсаңыз, әлі де кеш емес, Трейсидің тәсілін қолданып, алдыңызға қойған он мақсатты қағазға түсіріп, содан кейін көңіліңіз қалайтын біреуін таңдап алып, соған жетуге құлшыныңыз. Бұл сіздің өміріңізді мағыналы етіп, биіктерге бастайды. Және көңіліңізге қанағат, қуаныш сезімін әкеледі.    

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика