546 көрілім

28Ұлы Абайдың «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» деген сөзінің ақиқаттығын дәлелдейтін жайларды қай-қайсымыз да күн сайын көріп, куәсі болып жүреміз. Тіпті, өзіміз де сол топтың санатына еніп, көп айтса көндімен тірлік кешеміз. Шындығында, мұндай әдет өзімізге де өзгелерге де ешқандай пайда әкелмейтінін сезбейтініміз өкінішті.

Той жасау кімге қажет?

Осыдан екі-үш жыл бұрын әлемдік дағдарыс бастлып, біздің елімізге де кері әсерін тигізе бастаған тұста адамдарыдң дүкеннен түрлі заттарды сатып алу қабілетінің төмендегені жайында баспасөз айтып, жазды. Киім-кешек, тіпті азық-түліктен үнемедуге көшкен қазақтар дегенмен, той жасауда алдына жан салмай бұрынғыша кредит алып, жүздеген адамды шақырып, аста-төк той өткізуіне онан әрі жалғастырып жатқаны жайында БАҚ айтып, жазып жатыр.

Ал, енді сонша адамды шақырып, мейроамханада аста-төк той жасау кімге қажет? Күйеу балаға ма, қалыңдыққа ма, әлде олардың ата-аналарына ма? Ешқайссына. Екінің бірінің шамасы жетпейтін сонша шығынға батуға қай ата-ана, не балалары ынталы дейсіз. Бірақ, оларыд еріксіз осылай жасауға мәжбүрлейтін күш бар. Ол – жұрттың бәрі солай жасайды, егер біз солай жасамасақ, онда мазаққа қаламыз деген қорқыныш.

Ұлы Абайдың қара сөзіндегі жұрт «бай десін, мырза десін, жомарт десін» деген мадақтауларды есту үшін қазақ қарызға батып, той жасайды. Ал, енді іс жүзінде солардың шашылып той жасағанына таңдай қағып, керемет екен десіп жатқан ешкім жоқ. Өйткені бәсекеге белсене кіріскен пенделер бірінен бірі асыруға жанталасады. Сондықтан қазір тойдағы аста-төк жайларға онша таңырқай қоймайды.

Той жасамаса не болады?

Егер сіз Абай айтқандай «көп айтса көнді» деп надандыққа бармай, той жасаудан бас тарттыңыз делік. Сол тойға кететін ақшаға жас жұбайларға баспана немесе басқа да қажеттіліктер алып бердіңіз дейік. Бұған айналаңыздағы туыстарыңыз, таныстарыңыз қарсы шығып, сізді күлкі-мазақ ете ме? Жоқ. Керісінше, қазір осындай жақсы бастаманы қуана құптайтындар көп.

Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын еліміздің белгілі бір тұлғасы баласының үйлену тойын дүрылдетіп жасады. Батыстың бір супер-жұлдыз әншісін шақырып, оған бір ән салғаны үшін 3 миллион доллар беріпті деп жазды сол тұста интернетте. Ал, осылайша асып-тасқан той жасаған әлгі биік мансап пен атақ иесін әлеуметтік желіде жұрт ит терісін басына қаптап жамандады. Оның тойдан тапқан бар «пайдасы» осы болды.

Дәл сол жылы Шымкентте үйленген жас жұбайлар тойға дайындалған дастарханды жетімдер үйінің балаларына жасап, елде жоқ әрекет жасады. Бұған оның туыстары, жақындары неге той жасамадыңдар деп ренжіді ме, жоқ па білмеймін, бірақ, әлгі жас жұбайларды әлеуметтік желілерде мыңдаған адамдар мақтап, мадақтап көкке көтерді және ол тойды «жылдың ең үздік тойы» деп атады. 150 миллион доллар жұмсаған шенеуніктің баласының тойын емес, жетімдерге дастархан жайып берген жас жұбайлардың тойы сол жылғы «ең үздік той» болды.

Мерейтой жасамадың деп ешкім ренжімеді

Менің жасым елуге толғанда өзім еңбек демалысында едім. Таныстар телефон шалып, арзан мейрамхана тауып беруге жәрдемдесеміз, той жасайсың ба деп сұраған. Бірақ мен той жасамаймын дедім. Сөйтіп, елу жастағы мерейтойымды атаусыз өткіздім, яғни жұрттар сияқтанып дүрілдетіп той жасағаным жоқ. Оның есесіне еш шығынданбадым, әуреге түспедім және жұрттың өтірік мақтауларын естігенім жоқ.

Менің мерейтой жасамағаныма ешкім ренжіген жоқ және неге жасамадың дегендер де болмады. Ал, елу жасын дүрілдетіп аста-төк той жасап өткізгендердің таалйын көрдім. Тойда өтірік мақтағандары болмаса, оның сыртынан тойын тамаша жасады, азамат екен деп жатқан тірі пендені естімедім. Яғни, сіз той жасайсыз ба, жоқ па онда ешкімнің шаруасы жоқ.

Түйін: Ұлы Абай айтқандай, «көп айтса көнді» деп надандыққа барып, кредит алып шығынға белшеден батып той жасайсыз ба, жоқ, жұрттың өсек-аяңына қарамай, қарызға батпай, әуреге түспей ысырабы көп тойдан бас тартасыз ба – ол әркімнің өз еркіндегі шаруа. Десе де, мына жайды есіңізде мықтап ұстағаныңыз жөн болады: ұлы Абай жұрттың жасағанын ойсыз қайталауды надандық десе, қасиетті Құранда ысырапшылдықты тозаққа түсіретін күнә деп бағалайды. Той жасау ысырапшылдық екені кім кімге де аян. Той жасаудан мүлдем бас тартуға болмас, дегенмен «көрпеге қарап көсілген» жөн. Кредит алып бар таныстарды шақыру міндет емес, жақын деген 15-20 адамды шақырып, шағын дастархан жасап (мен әскери қызмет еткен Белорусьте солай болатын), жастардың қуанышын атап өтсе сол дұрыс болады. Бұндай жағдайда жас жұбайлар өмірін кредитпен бастамайды, ет жақын туыстарының ақ тілегі мен батасын алып, отбасылық өмірді қарызсыз бастайды.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика