1 049 көрілім

32Тарихқа зер салып қарайтын болсақ, ол өзара қырқыс соғыстар мен көтерілістердің тізбесі сияқты әсер қалдырады. Спартак бастаған құлдар көтерілісінен бастап, біздің заманымызда революция деп аталып жүрген қанды төңкерістердің бәрінің шығу себебі бір. Ол – мемлекетті басқарып отырған және олар сүйенген топ пен қара халықтың арасындағы қатынастың шиеленісуінен туындайды. Мұны тарих көзге шұқығандай үнемі дәлелдеп келеді. Өкініштісі сол, одан сабақ алып жатқан пенде жоқ.

Наразылықтың себебі жерді жалға беру ме?

Елімізде соңғы айларда саяси шиеленісті жағдай орын алуда. Жерге қатысты заңдарға өзгерістер енгізілуіне байланысты, ауыл шаруашылығы жерлерін шет елдік компаниялар мен жеке тұлғаларға 25 жылға дейінгі мерзімге жалға беруге рұқсат етілмек. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей-ақ, Атырау, Ақтөбе, Семей қалаларындағы рұқсат етілмеген шерулердің шығуына осы түрткі болғандай.

Елбасының тапсырмасына орай  атқарушы билік жер туралы заңда шет ел азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлерінің ешқашан сатылмайтындығын, тек 25 жылға дейінгі мерзімге жалға берілетіндігін айтып, түсіндіруге білек сыбана кірісіп кетті. Кейбір сайттарда, әлеуметтік желілерде елімізде орын алған наразылық шерулерінің астарында шет елдік арам ниеттілердің іштей ірткі салуға жасаған арам пиғылды әрекеттері жатыр деген мазмұндағы мақалалары жариялануда.

Араб елдеріне үлкен азап әкелген «араб көктемі» атанған халық толқуларының астарында да сондай арам пиғылдар жатқаны белгілі. Мұны теріске шығаруға болмайды. Дегенмен, халық наразылықтарының, ертедегі қара  халықтың қарулы көтеріліске шығуларының астарындағы негізгі және ең басты себеп – ұзақ жылдар бойы жинақталған билік пен оны қолдаушы өктем тап өкілдеріне деген ашу-ыза, өкпе-реніш сияқты теріс эмоциялар жатқаны АҚИҚАТ.

Теледидар үшін кісі өлтірген адам

Өткен жылдың соңында Көкшетауда оқыс оқиға болды. Өгей әкесін отыздарға келіп қалған жігіт пышақтап өлтірген. Мұндай қадамға барудың бар себебі – теледидар пултіне талас екен. Жалақы алған өгей әке осы қуанышын жуайын деген ниетпен бір жарты арақ алады. Соны өгей ұлы екеуі қылдай бөліп ішеді.

Содан екеуі отырып теледидар көреді. Жігіт хоккейді тамашалаймын десе, үй иесі концерт көргісі келеді. Содан екеуі пультке таласып, сөзге келіп қалады. Осыған ыза болған жігіт асүйден пышақ алып, теледидар көріп отырған өгей әкесінің ту сыртынан әлденеше рет пышақ салады. Оқиғаның ұзын-ырғасы осындай.

Бір қарағанда бұны арақ ішіп мас болған адамның есуас әрекеті деп санауға болатындай. Дегенмен, мән бере қарасаң, жағдайдың мүлдем басқаша болғанын бағамдайсың. Мен осы қылмыстық іске қатысты сотқа қатыстым. Сонда түйсінгенім: жұмыс істейтін өгей әке жұмыссыз арамтамақ күй кешкен өгей ұлды жеккөріп, содан өзара қарым-қатынасы нашарлайды. Қит етсе арамтамақсың деп кіналайтын өгей әкеге ыза болған жігіттің ішіне теріс эмоция жинала берген. Сол күні ішкен бір жарты екеуінің де жұмырына жұқ болмапты. Ақыл-естері дұрыс. Тек пультке таласу іште ұзақ уақыт жинақталған теріс эмоцияның жанартаудай  жарылуына әсер еткен.

Мәселе жердің сатылуында емес

Біздің елімізде орын алған қазіргі саяси ахуалдың себебі – жердің шет елдіктерге сатылуы немесе жалға берілуінде емес. Бұның ең басты және негізгі себебі – халықтың кеудесінде жинақталған теріс эмоцияның әсерінде. Ол біраз жылдар бойы ақырындап жинақталып келген.

Ол – тәуелсіздігімізді алғанымызға 25 жыл өтсе де әлі күнге дейін өз елімізде өгей баланың күйін кешіп екінші (енді тіпті үшінші сортты) болып қалған қазақ тілінің жайы, ол – қолдарындағы билікті пайдаланып «прихватизация» жасап байыған және сол байлығын күндерін әзер көріп жүрген қара халыққа мақтанышпен көрсетіп (700 мыңға кәстөм алып, соны әлеуметтік желіге салып сүйінші сұраған жігіт сияқтылар) жар салғандардың теріс әрекетінің салдары; ол – билікті жайлап алған жеморлық, ол – жақсы қызметке тек жақындары мен ақша берген қалталыларды тарту сияқты сыйбайластық, т.б.

Өткен жылы астаналық Жамалиев деген шылқыған бай бинесменнің ашынама барды деп қарапайым жігітті көкала қойдай сабауына байланысты әлеуметтік желіде қаншалықты шу көтерілгенін жұрт жақсы біледі. Бір қарағанда онша мән беруге тұрмайтын ұсақ  оқиға сияқтанғанмен, оның астарында әлеуметтік текетірес жатқан еді. Ішіне теріс эмоция жинақталған қара халық соны әлеуметтік желі арқылы ақтарды кеп. Содан шошынған билік бейбақ бизнесменді 13 жылға соттап, бар мүлкі мен байлығын тартып алып, қайрышы күйге түсірді.

Бірақ бұндай ұсақ-түйек құрбандықтармен халықтың ішіне жиналып қалған мол теріс қуатты басу мүмкін емес еді. Өйткені, билік пен ол сүйенген алпауыт топтың теріс әрекеттері онан әрі жалғасып жатқан. Соған орай халықтың ішіндегі теріс қуат  қоры да молая берген. Міне, енді сол теріс қуат жанартаудай атқылауға бет алғандай.  Ал жерге қатысты заң бұл  жоғарыда мысал ретінде келтірген өгей әке мен баланың арасындағы теледидар пультіне таласу сияқты жәй «сыныққа сылтау» ғана.

Не істеу керек?

Тарихқа зер салып қарайтын болсақ, бірде бір төңкеріс, халық көтерілісі халыққа да, билікке де ешқандай пайда әкелмейтінін бағамдаймыз. Мәселен, ұлы француз революциясы атанған 18 ғасырдағы Франциядағы төңкеріс кезінде қара халық корольдің басын шапты, ұнамаған жандардың қанын суша ағызды. Жағдайдың ушығып кеткені сонша, Францияның бүтін ел болып қалу-қалмауы екіталай жағдай қалыптасты. Осы кезде бар билікті диктатор Напалеон тартып алды.

Ал Германиядағы бірінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі қалыптасқан жағдайға байланысты билікке тағы бір қандықол диктатор Гитлер келді. Теріс эмоцияның ықпалымен билікті түптамырымен құртқысы келген іргелес елдердің жайына назар аударып қарайық. Екі бірдей президентін қуып шыққан көрші қырғыз елі шекелері шылқып отыр ма? Януковичті ит қосып қуған Украйнаның майданы халыққа не жақсылық әкелді?  Қос бірдей президентін тақтан тайдырып, сотқа берген Египеттің жағдайы жақсырды ма? Жоқ.

Лениннің берген анықтамасына сай «мемлекет дегеніміз — үстем таптың езгісіне көмектесетін саяси машина». Ол солай болып келген және солай болып қала береді. Бірақ бұл машинаның ұзақ уақыт дұрыс жұмыс істеуі үшін қажетті шарттар сақталса, ол тоқтаусыз жұмыс жасайды. Ондай шарттар: билік қара халықты кәмпит берген сәби сияқты ұсақ-түйекпен алдаусыратпай, қордаланған мәселелерді екі жақ үшін де тиімді етіп оңтайлы шешіп отыруы қажет; бүгінде капиталистік елдердің бәрі ұстанатын билікке іштартар бақуатты орта тап өкілдерін қалыптастыру керек (орта тап бар халықтың кем дегенде 50-60 пайызын құрауы тиіс); ең соңында,  Қазақстан сияқты ұлттық мемлекеттер  халықтың негізін құрайтын «титулды ұлт» атанған жергілікті ұлт өкілдерімен барынша санасып, бірінші кезекте жағдай жасау арқылы соларға сүйенгені жөн. Міне, осы шарттар сақталғанда мемлекеттің ұзақ өмір сүруіне мүмкіндігі бар.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика