1 133 көрілім

сурет2Құран Кәрімде «Жеңдер, ішіңдер бырақ ысырап етпеңдер. Аллаһу тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді» (Ағраф сүресі, 31 аят) делінген. Ал Хадис шәрифте «Үнемдеген адам байиды, ысырап еткен адам кедейленеді» делінген. Кедейшіліктің бір негізі – ысырап екенін осыған қарап бағамдауға болады.

Ысырап, яғни өзіне өзі шығын келтіру.

Бүгінгі жалпы білім беретін мектепте де, жоғары оқу орындарында да үнемшілдік немесе негізсіз шығынға жол бермеу туралы мүлдем оқытылмайды. Бұл жөнінде ата-аналар да балаларына тәлім-тәрбие бермейтіні шындық. Мәселен, көп адамдар киім-кешек, басқа да тұрмыстық заттар онша тозбаса да қоқысқа лақтырып жатады.

Өзім тұратын көп қабатты үйде көп адамдар пәтерлеріне жөндеу жүргізгенде бұрынғы есіктері мен терезелерін, басқа да тұрмыстық заттарды сонша ескіре қоймаса да, әлі де тұтынуға болатынына қарамастан лақтырып тастап жатады. Сондайды көріп өскен баланың үнемшіл болмайтыны белгілі.
Сіз мынаған сенесіз бе? БОМЖ атанған үйсіз-күйсіз адамдар қазір соңғы сәндік үлгіде тігілген тамаша киімдер киеді. Оны қайдан алады дейсіз бе? Кәдімгі қоқыс тастайтын жәшіктерден. Бір таныс журналист қаңғыбастар туралы мақала жазып, сонда баспанасыздардың аузынан қаланың қоқыс тастайтын алаңында неше түрлі заттар табуға болатынын естіпті. Киім-кешекті былай қойғанда, теледидар мен компьютерге дейін бар деседі.
Міне, көрдіңіз бе, адамдардың үнемдеушілік дегенге қалай қарайтынын. Олар ысырап жасау арқылы өздерін шығынға батыратынын түйсінбейді. Қоқысқа лақтырған кәдеге жарайтын затты әлі де біраз жылдар пайдалануға болар еді, тіпті болмаса арзандау бағаға сатыңыз. Тек қоқысқа лақтырмаңыз.

Үнемшілдікті шетелдік алпауыттардан үйрену керек.

Шет елдік миллиардер алпауыттардың көбі сондай байлыққа үнемшілдік арқылы жеткені жайлы БАҚ айтып, жазып жатады. Мәселен, бір американдық миллиардер үйіне ақылы телефон автомат орнатыпты. Қонаққа келгендер де, тіпті отбасы мүшелері де телефон арқылы тек ақша төлеп сөйлеседі екен. Ал тағы бір алпауыт үнемі бірдей шұлық пен костьюм, шалбар алады екен. Одан мұның себебін сұрағанда, біреуі тозса, екіншісін ауыстыруға жеңіл дейтін көрінеді.
Ал бізде жағдай қалай? Менің бір ортақол тұрмысы бар танысым айтады, үйне келген әйелінің туыстары қалааралық телефон арқылы сағаттап сөйлесіп, соның салдарынан қыруар ақша төлеймін деп. Ал тағы бір танысым қызының ұзату тойын пәтерін кепілге қойып, пәлен пайыздық өсіммен алған кредитке жасады. Ысырапшылдықтың көкесін елге белгілі бір саясаткер баласының үйлену тойында жасады. Интернеттің ақпаратына сенсек, тойға 150 миллион доллардай ақша жұмсалыпты деседі.
Егер шындығына келсек, әлгі аты дардай саясаткер баласының тойын 1 миллион долларға да қатырып тұрып өткізе алар еді. Ақшаң тасып бара жатса, қалған 149 миллион долларды баспанасыз жүрген кедей-кепшікке баспана алып беруге жұмса. Сонда қанша сауап, халықтың алғысын аласың. Ал тойға 150 миллион долларын шашқан саясаткердің тірлігіне ешкім қызыққан жоқ, керісінше ит терісін басына қаптап айыптады.

Теңге тиыннан құралады.

Үнемшілдікті үйреніп, әдетіне айналдырған адамның түптің түбінде бақуаттылыққа жетері анық. Өйткені, «теңге тиыннан құралады» деген сөз бар. Байлық бос шығынды азайтып, үнемделген табыс арқылы құралатыны белгілі. Сондықтан, қандай жағдайда да үнемшіл болып, ысырапшылдыққа, өзіңе залалын тигізер шығынға жол беруден бойыңызды аулақ ұстаңыз. Сонда табысқа жетеріңіз даусыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика